203 rob
Фотосурет: ҚР Оқу-ағарту министрлігі
«PISA-2022: Еуразия елдеріне арналған сабақтар» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында оқушылардың білім құзыреттіліктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасын жүзеге асырудағы Қазақстанның оң нәтижесі атап өтілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Еуразиялық бәсекеге қабілеттілік бағдарламасына қатысушы мемлекеттердің жыл сайын Парижде өтетін жоғары деңгейдегі басқосуы болып табылатын ЭЫДҰ-ның Еуразия апталығы аясында өтті.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Қазақстанның PISA–2022 зерттеуіне қатысуы туралы баяндамасын дөңгелек үстелде ҚР Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов таныстырды. Онда Қазақстанның PISA нәтижелерінің жақсаруына Мемлекет басшысының қолдауымен білім беру саласындағы аса маңызды бастамаларының жүзеге асырылуы ықпал еткені айтылды. Білім беру ұйымдарында жаңартылған оқу бағдарламаларын енгізу, педагог статусын нығайту, оқу үдерісінде цифрлық шешімдерді кеңінен қолдану PISA рейтингінде Қазақстан позициясының өсуінің негізгі факторларына айналды.
Білім беру және дағдылар жөніндегі ЭЫДҰ Директоратының аға кеңесшісі Элизабет Фордам COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейін PISA көрсеткіштерінің жаһандық төмендеуіне қарамастан, Қазақстанның математикалық есептерді шығару және оқу дағдылары бойынша бағалау көрсеткіштерін сақтап қалғанын, сондай-ақ жаратылыстану пәндері бойынша айтарлықтай прогреске қол жеткізгенін атап өтті. Оның айтуынша, PISA-ға қатысу және ұлттық білім беру жүйесін жетілдірудегі Қазақстанның жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі Орталық Азия мен Кавказ аумағындағы басқа мемлекеттер үшін де пайдалы болуы мүмкін. Кездесуде сондай-ақ Молдова мен Армения елдерінің өкілдері де баяндама жасады.
ЭЫДҰ экономикалық дамудың, мемлекеттік басқарудың және әлеуметтік реформалардың, оның ішінде білім беру саласы бойынша жоғары стандарттарымен танымал беделді халықаралық ұйым болып табылады.
Источник: qazaq.asia