Бюрократиядан арылту және цифрландыру адамдардың өмірін жеңілдетуге бағытталуы тиіс

Бюрократиядан арылту және цифрландыру адамдардың өмірін жеңілдетуге бағытталуы тиіс

227 rob

Фотосурет: АР

Үкімет үйінде мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту және қоғам өмірінің барлық қырларын цифрландыру мәселелері талқыланды. Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Үкімет Аппаратының Басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың төрағалығымен өткен кеңеске цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, осы ведомствоның вице-министрлері және орталық мемлекеттік органдар аппараттарының басшылары қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ғ. Қойшыбаев цифрлық технологияларды енгізу және бюрократиядан арылту мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, бірінші кезекте қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететінін атап көрсетті.

«Биыл дебюрократизациялау және цифрландыру мәселелерінде бірқатар серпінді қадамдарды жүзеге асыруымыз керек. Ең алдымен, мұнда халықтың бірінші кезектегі қажеттіліктеріне ерекше назар аударған жөн. Бұл жұмыс Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі жарлықты және Президенттің Сайлауалды бағдарламасын орындау шеңберінде кешенді түрде жүргізілуде» Ғалымжан Қойшыбаев

Аталған міндеттерді шешу қалай іске асырылатыны туралы Б. Мусин баяндады. Мәселен, жасалып жатқан жұмыстың барлығы адамның мүддесіне қызмет етуі керек.

«Біз цифрландыру әрбір қазақстандыққа бағытталуы тиіс екенін түсінеміз. Онлайн-режимде автокөлікті қайта рәсімдеу, туу туралы куәлік алу сияқты азаматтарымыздың өмірін едәуір жеңілдеткен жұмыстар іске асырылуда. Алайда әрі қарай даму керек. 10 негізгі өмірлік жағдайды анықтадық, оларды толығымен қарастырып, өзіміз үшін проактивті мемлекеттік қызметтерді енгізу бойынша жұмысты жалғастыратын негізгі сәттерді белгіледік» Бағдат Мусин

Сонымен қатар министр мемлекеттік қызметшілерге, азаматтарға және бизнеске әсер ететін бюрократиядан арылту процесінің үш негізгі бағытын белгіледі. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер үшін деректер негізінде шешімдер қабылдауды жеделдету үшін есеп беруді автоматтандыру, азаматтар үшін Отбасының цифрлық картасын (құжаттарды қажет етпейтін проактивті қызметтер) енгізуді, бизнес үшін таза парақтан реттеуді жүргізу жоспарлануда.

Кеңесті қорытындылай келе, Ғ. Қойшыбаев цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрлеріне цифрлық трансформацияны ілгерілетудің маңызды екенін еске салды.

«Бюрократиядан арылту тек мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетумен ғана шектелмеуі керек. Оны еліміздің азаматтары өздерінің күнделікті өмірінде сезінуге тиіс. Бұл мәселені шешу үшін біз адамның мүддесіне бағытталған тәсілді жүзеге асырамыз, ол мемлекеттік аппараттың халықпен өзара іс-қимыл жасауына тікелей әсер етеді» Ғалымжан Қойшыбаев

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика