Фото: ғаламтордан
2023 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысуға құжаттар қабылдау төрт кезеңнен тұрады, деп хабарлайды Халықаралық бағдарламалар орталығының ресми сайты.
Алматы, NEGE. Құжат қабылдаудың алғашқы кезеңі 2023 жылғы 27 қаңтарға дейін жалғасады.
Екінші кезең – 2023 жылғы 3 сәуір мен 28 сәуір аралығында, одан кейін 5 маусым мен 7 шілде аралығында және 17 шілде мен 15 қыркүйек аралығында жүргізілетін болады.
Конкурстық іріктеу 2023 жылғы 20 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында өтеді. Өтінімдер Egov.kz мемлекеттік қызметтер порталы арқылы қабылданады.
Биыл магистратура және резидентура бағдарламаларына 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді. Ұсынылатын ЖОО-лар тізімі әлемнің 27 елінен 236 университетті қамтиды. Басым мамандықтар тізбесіне 262 мамандық кірді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау жөніндегі тапсырмасы бойынша «Инженерлік-техникалық мамандар» жеңілдік санаты бекітілді.
Сонымен қатар медициналық қызметкерлер үшін жеңілдік санаты енгізілді. Квоталық санаттардың тегін тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі бар. Сондай-ақ олар құжат тапсырған кезде шетелдік ЖОО-ға өз бетімен түсуге міндетті емес. Олар оқу орнын стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама аясында оқуға ұсынылатын ЖОО-лар тізімінен таңдай алады.
Жетекші шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына қатыса алады. Оларға жеңілдігі бар кандидаттар жатпайды.
Толығырақ ақпарат Халықаралық бағдарламалар орталығының ресми сайтында жарияланған: https://bolashak.gov.kz/kz
Источник: qazaq.asia