113 Awrora
Фотосурет: Gov
Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-насихаттық тобы Батыс Қазақстан облысында «Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» ұранымен бірқатар кездесулер өткізіп, әскери-патриоттық іс-шаралар өткізді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Орал қаласының жалпы орта білім беретін мектептері мен Теректі ауданының Подстепновка ауылдық мектебінде әскери қызметшілер Ерлік сабақтарын өткізді.
Мыңнан астам адам сиятын «Атамекен» өнер орталығында мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шараға облыстық әкімдіктің, қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери-техникалық мектептің курсанттары, студенттер мен оқушылар қатысты. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері әскерге шақырылушыларға естелік сыйлықтар табыс етті.
Оралдықтар үшін «Атамекен» орталығында ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы түрлі уақыттағы атыс қаруларының көрмесін ұйымдастырды.
Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрі мен Орталық ансамблінің, Ұлттық ұлан хорының күшімен дайындалған мерекелік концерт қала тұрғындары үшін керемет сыйлық болды. Концертке Қарулы күштердің, ҰҚК Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, облыстық полиция департаментінің қызметкерлері мен ардагерлер шақырылды.
Іс-шаралар аясында Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілдері бірінші қарашада 96 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері Константин Леонтьевич Кочережкинге барды.
Зеленов ауданы, Новенький ауылының тумасы 1944 жылы әскер қатарына шақырылған. Жапонияның Квантун армиясын талқандап, Харбин маңындағы кескілескен шайқастарға қатысқан.
Әскери байланысшы Кочережкин Қиыр Шығыстан Германияға ауыстырылады. 1951 жылы запасқа шығарылып, ет комбинатында жұмыс істеді. Жұбайы Людмила Ивановнамен екеуі төрт баланы тәрбиелеп өсірді. Олардан бірнеше немере сүйді.
Жауынгерлік еңбегі үшін Константин Кочережкин III дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Жапон милитаристерімен шайқаста байланысты қалпына келтіру жөніндегі тапсырманы орындағаны үшін «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен наградталған.
Әскери қызметшілер қарт майдангерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Ал Қарулы күштер Орталық ансамблі мен Ұлттық ұлан хорының солистері қарияға соғыс жылдарындағы әндерді орындап берді.
Жалпы әскери-патриоттық бағыттағы іс-шараларға екі мыңға жуық батыс қазақстандықтар қамтылды.
Источник: qazaq.asia