Бекеттің бергі жағы

Бекеттің бергі жағы

342 Awrora

Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ерлік дегеніміз не? Бұл туралы көп ақындар жыр жазса, ғалымдар қалам тербеген болатын. Сонда да, ерлік туралы ержүрек тарихи тұлғамыз Бауыржан Момышұлының еңбегіне арқасүйеп көрелік. Ер Бәукең ерлік туралы айтқанда оны  «адамға туа біткен қасиет емес, дұрыс жүргізілген әскери тәрбиенің жемісі» деп түсіндірген. Ержүректілік пен батырлықты найзаласқан қолма-қол ұрыстан көргісі келетін адам қателеседі. Ерлік — табиғат сыйы емес, ең алдымен өзіңнің ар-намысыңды және азаматтың қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай білу.

Біз ерлік атаулыны қайдан іздейміз? Күнделікті өмірімізде көре аламыз ба? Ол туралы біз «Батыс» өңірлік қолбасшылығы на қарасты 5517 әскери бөліміне барғанда ой қорытып көрген едік.

Қала сыртындағы сұр ғимарат, биік дуал, тікенек сым. Бұл ҚАЖ мекемесінің сыртқы көрінісі. Жолаушы адам тікенек сым темірді көрісімен денесі тітіркеніп, кері бұрылғысы келетіні анық. Қоршаудың арғы жағында да қатеге жол берген шыныдай шытынаған тағдырлар сан алуан. Ал, ұландық жауынгерлердің күнделікті қызметінде көретіні осы көрініс. Олар тек куә болып қана қоймай, бекеттің арғы бетінде де тәртіптің орнауын қадағалайды. Сәлден кейін темір есік ашылып, қарауылдың кезекті құрамы өз қызметіне кіріседі. Ұйқысыз түндерде көз ілмей сәл шаршаңқырап қалған алдыңғы сақшылар өз бекеттерін келесі кезекшілікке дейін босатады. Жоғарыда айтып өткен 5517 әскери бөлімінің атқыштар ротасында қарауылға түсетін қырағы жауынгерлер қызмет атқарады.

Әскери бөлімді бекер тілге тиек етіп отырғанымыз жоқ. Ол жақта сайдың тасындай таңдалған сарбаздар алғашқы әскери дайындықты өтіп, қарауылға іріктеледі. Бүгін келіп түсетін сарбаздар да аталған ротада қызмет атқарады. «Театр киім ілгіштен басталатыны» секілді қарауыл қызметі ҚАЖ мекемесінде емес, оның алдында әскери бөлімде басталады. Қарауылдың кезекті құрамымен нұсқаулық сабақтар өткізіледі. Әр сарбаздан өзінің қызметтік міндеттері сұралады. Әскери қалашықтың ішінде оқу-жаттығу орындарында қарауыл қызметінің қыр-сыры пысықталады. Тәжірибелік оқытудан кейін, саптық алаңда жаңа құрамға бұйрық қойылады. Оған дейін міндетті түрде сарбаздар медициналық тексерістен өтеді. Өйткені, қарауылдық қызметте сарбаз денсаулығы мығым болғаны жөн. Былайша айтқанда, сарбаз еш нәрсеге алаңдамағаны ләзім, соның ішінде денсаулығы бірінші кезекте. Сарбаздар оқтаулы қарумен қызметке түсетіндіктен қарауыл құрамымен психологиялық жұмыс жүргізіледі. Оның мақсаты сарбаздардың психологиялық мығымдығын нығайту. Ең маңыздысы және бірден бір құраушысы сарбаздармен тәрбие жұмысы да күнделікті өткізіледі.

– Сарбаздың басты қаруы – іштегі рухы. Ол қызметке түскен кезде ештеңеге алаңдамау керек. Қарауылдағы сарбаз қызметте өзіне сенімді болуы керек. Бұл тәрбиеші офицерлердің басты міндеттері. Біз Отан алдындағы азаматтық борышын атқаруға келген азаматтарды Оқу орталығында тәрбиелеп, физикалық, моральдық-психологиялық тұрғыдан мығым сарбаздарды қарауыл қызметіне іріктеп аламыз. Тек, мықтылары ғана қарауылдық қызметке алынады. Содан кейін, үнемі бақылауға алып, тәрбие жұмысын әрі қарай

жалғастырамыз, – дейді рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лейтенант Бекасыл Тұрсынбек.

Офицердің айтуынша, қарауылдағы қызметтің өзі сарбаздарды патриоттық рухта тәрбиелейді. Өйткені, сарбаздар қауіпті контингентті күзетеді. Күнделікті қарумен жүріп жауынгерлік қызметті атқарады. Тіпті, қарауыл сапында мерзімді қызметтерін атқарып кеткен азаматтар қылмыстық топ пен деструктивті ағымдардың  қатарына қосылмайды. Міне, көріп отырсақ, әскер тек сарбаздарды ғана емес, болашақ азаматтарды да тәрбиелеп шығады. Бұл өз кезегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды құрудағы «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат» іспетті бастамаларына дәлме-дәл келеді. Осылайша, тәлімгер офицермен әңгіме-дүкен құрып отырған кезде қарауылдың жаңа құрамы келді. Барлығы бір шыны аяқтағы екі тамшы судай ұқсас. Сол қалың қабақ, өткір көз, сопақтау келген сұрша бет. Бойлары да, дене құрылыстары да дәлме-дәл. Сұңғақ бой, кең кеуде, жіңішке бел. Жас жолбарыстың аяқтарындай, аяқ-қолдары сомдала біткен. Жалпы қимылында, дене бітімінде секіруге дайындалған жолбарыс тәрізді бір қауіпті сұс бар… Барлығы еліміздің әр өңірінен шақырылған. Астана қаласы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе облыстарының өкілдері тонның ішкі бауындай бірлікте қызмет атқарып жүр. Түркістан облысының өкілі қатардағы Саят Шертай бесінші бекетке шығып, қызметіне кірісті.

– Қарауыл құрамына енгенімді мақтан тұтамын. Жауынгерлік қызметтің ең құрметтісі осы қарауыл қызметі деп білемін. Біздің міндет іштегі сотталушылардың қашып кетпеуін қадағалау. Осы міндетіміздің үдесінен шығамыз, – деді қатардағы Саят Шертай.

Көп ұзамай-ақ қыран қабақ, нар денелі, апай төс, орта жастан асқан қарауыл бастығы ІІІ сыныпты сержант Арман Жұмағалиев Ақтөбе тумасы қатардағы Бекмұрат Аманбекұлын  жетінші бекетке апарып, қызмет орнына орналастырды. Айта кетейік, қарауыл бастығы өңірлік қолбасшылық қолбасшысының толықтай аттасы. Бұл бір жағынан қарауыл бастығына абырой болса, екінші жағынан тәжірибелі сержант үшін жауапкершілік. Десе де, Арман Жұмағалиев тісқаққан әскери қызметші. Тәжірибесі мол, абыройы биік, оған қарауылдың шаруасы бес

саусағындай таныс. Түн ішінде қызметтің қыр-сырын сұрасаңыз да, оның еш бүгелместен жауап береріне шүбә келтірмеңіз. Осылайша, біз тоғызыншы бекетке келіп жеттік. Жол жөнекей қоршауларды, бақылау жолағын өтіп келдік. Жалпы бір шақырымнан артық жол жүріппіз. Қатардағы жауынгер Бақтыбай Жеткербекұлы соңғы бекетке келіп орналасты.

– Отанға қызмет атқарудан асқан абырой жоқ. Азаматтық өмірде жүрсек, мұның мағынасын түсінбеуші ме едік. Осы жерде жүріп, Отанымызды сүюді, қалтқысыз қызмет етуді үйрендік. Бүгін қызметке кіріскен күніміз. Басшылық бізден асқан, қала берді еліміз бізден асқан жауапкершілікті талап етеді. Бекетінде берік тұру, оны қорғау, Отанды қорғаумен тең, – деген жауынгер қырандай қырағы көздерін бекеттің ішкі жағындағы сұр ғимараттарға қадады. Қарауылдық қызмет аяқталғанша енді жауынгердің жүрегіне дамыл жоқ.

Иә, көзіқарақты оқырман. Осы жолы да біз қарауыл қызметінің қыр-сырын түсінуге тырыстық. Сарбаздар сайдың тасындай іріктелген мығым, Жарғы мен Мемлекет басшысының Жолдауын жатқа айтатын қағілез екен. Кіммен сұхбат құрмасаң да, өздерінің міндетін жақсы меңгерген. Ерлік деген осы шығар?! Әр кезде жанқиырлық іске дайын болу. Патриот болу да қарапайым заттардан басталады. Әр адам өз ісін білсе, ел болашағы үшін күйсе – патриот емей немене? Ел болса, адалдықты темір тордың ар жағындағы қауымнан емес, күні-түні сарбаздар қарауыл қызметінде тұрған бекеттің бергі жағындағы бізден күтеді. Сол кезде, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туар.

Подполковник

Дарын СЕЙІТОВ

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика