Батырдың анасына құрмет көрсетілді

Батырдың анасына құрмет көрсетілді

353 rob

Рахилаш Жақыпқызы бауыр еті баласын Ауғанға аттандырып, қайғыдан қара жамылған. Ауған соғысында өлшеусіз ерлік көрсетіп,  мерт болған Нұрбек Мусиновтің суретіне қараған сәтте  көзім жасқа толады дейді. Орны толмас қазаға талай жыл өтсе де, ана жүрегінде сақталған өксік әлі де тарқамаған. Кейуананың  құса көңіліне медеу беріп, қуанту үшін  үй ауласында әскери оркестр ән шырқады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Әуезді әуенге құлақтүрген  тоқсан үш жасар көнекөз сыртқа шығып, өнер көрсеткендерге алғысын білдірді.  Ауған соғысы ардагерлерін ұлықтауды, әсте, естен шығармаған 54770 әскери бөлімі  биыл да ақжаулықты ана шаңырағына ат басын бұрды. Қайсар ұлдың анасына сый-құрмет танытқан олар әжейдің істен шыққан теледидарын да  қайта қалпына келтіріп беріпті.

— Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету – бұл ұрпақ парызы. Ел ертеңі үшін ажалмен бетпе-бет келіп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Нұрбек Мусинов ел қаһарманы. Біз Нұрбектің анасына зор денсаулық тілейміз. Ақжаулықты анаға әрдайым қолдау танытуға дайынбыз- дейді 54770 әскери бөлімінің командирі подполковник  Канат Тәңірбергенов. 

Әскери бөлімнің  ерекше құрметіне бөленген өнегелі жан жаужүрек баласының балалық шағынан сыр шертті. Шара соңында әскери қызметшілерге ақ батасын беруді жөн санады. Еске салайық, Нұрбек Мусинов он сегіз жасында   Ауған даласындағы қанды шайқаста көз жұмды. Азаматтық борышын абыроймен атқарған қайсар ұл «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Сондай-ақ батырдың атына  шахардың Комсомол кентінде арнайы көше берілген.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика