Басты міндет – сауатты да білікті педагог даярлау

Басты міндет – сауатты да білікті педагог даярлау

212 Арман

Әлемде университеттер көп, алайда тек қана қыздар білім алатын жоғары оқу орындары саусақпен санарлықтай екендігі рас. Міне, сондай білім ордасының бірі де бірегейі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті. Оқу орны 80 жылға жуық төл тарихында «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» қағидасы шеңберінде үздіксіз педагог кадрларын даярлаумен келеді. Тарихтың көзімен пайымдасақ, бұл ұлыны ұлықтап, дарынды бағалаған, ұрпақ тәрбиелеудің үлкен мектебін қалыптастырған еліміздегі оқу орнының бірегейі.

Педагогикалық жоғары оқу орны ұлттың болашағы, елдің ертеңі ретінде саналатын өскелең ұрпақты тәрбиелейтін, оларға сапалы білім беретін мамандар дайындайды. Мемлекеттің келешектегі тағдыры тікелей педагогке байланысты екені жасырын емес. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Орта Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. Білім ордасы ашылған кезде заңғар жазушы, ұлт қайраткері Мұхтар Әуезовтің «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі сөнбесін дейік» деген пайымы 80 жылға жуық тарихы бар университеттің өзіндік ерекшелігі мен маңызын айғақтап тұрғандай.

Қазіргі күнде мұнда студенттердің сапалы білім алып, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуы үшін, олардың бойында халқымыздың ұлттық құндылықтарын дарыту орайында бірқатар жұмыстар жасалып, университет отандық жоғары оқу орындары арасында үлкен беделге ие болып отырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Қыздар университетінің өзге жоғары оқу орындарынан басты ерекшелігі ретінде білім беруде халқымыздың ұлттық құндылықтарын басшылыққа ала білуінде деп айтар едім. Қазақтың «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең – қызыңды тәрбиеле» деген сөзінің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қыз – болашақ ана, қыз – отбасының ұйытқысы, қыз – асыл жар. Бүгінде ұрпақ тәрбиешісі ретінде әспеттелер болашақ мұғалімдерді ата-анасынан алған тәрбиесін оқу ордасындағы тәрбиемен шебер сабақтастыра білу кез келген білім ордасынан кездестіре білмейсіз.

Ұжым өз қызметінде ғұлама ғалым әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген дана сөзін басты ұстаным ретінде пайдаланады. Бұған себеп те жоқ емес. Еліміздің өркениетті мемлекеттер санатына қосылу жағдайында адамгершілік-этикалық идеялар көрініс алған қазақ халқының рухани-мәдениетін зерттеу, тәрбиедегі озық дәстүрлерін бүгінгі қоғам талабын ескере отырып зерделеу көкейкесті мәселенің бірі болып отыр.

Маман даярлау заман ағымына қарай жан-жақты кәсіби құзыреттілігін шыңдауды қажет етеді. Әлемдегі беделді университеттердің тәжірибелеріне сүйенер болсақ, біз ұстаз дайындаумен шектелмей, қоғамға қажетті маман даярлауымыз керек. Бұл біз дайындап отырған мамандардың жұмыс берушілер талабына ғана емес, қоғам талаптарын қанағаттандыру болып табылады. Бүгінгі өзгерістер – әлем тарихында болмаған жаңа мүмкіндіктер мен жаңашылдықтар дәуірі. Бұл тұрғыда ұстаздар ұстаханасы атанған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде уақыт көшіне ілесу мақсатындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Университет студенттері халықаралық, республикалық және аймақтық білім, ғылым, өнер және спорт жарыстарында жүлделі орындарға ие болып, оқу орнының мерейін тасытуда. Сонымен қатар білімгерлер елімізде өткен түрлі ғылыми жобалар байқауы мен зияткерлік ойындарда да бағы жанып, үздік атанып келеді. Университет даңқы тек қана білім сайыстарында ғана емес спорттық додаларда да жиі шығып жүр.

Университет 80 жылға жуық уақыт аралығында өзінің қалыптасуы мен дамуы жолынан өтті. Осы уақыт аралығында оқу орнының қабырғасынан мыңдаған білікті педагогтар, тарихшылар, журналистер мен тіл мамандары түлеп ұшты. Қазақстандағы талантты ғалымдар мен дарынды ұстаздардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шығып, Отанымыздың дамуы жолында жемісті қызмет атқаруда. Әр жоғары оқу орны қызметінің айқын нәтижесі – түлектері. Олардың қол жеткізген табыстары. Бұл тұрғыдан алып қарағанда бірегей университет өз түлектерімен мақтана алады. Олар өз жетістіктерімен оқу орнын ғана емес, Қазақ елін жаһанға танытып жүр.

ҚызПУ-дың байырғы кафедралардың бірі – Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасы. Уақыттың дамуына сәйкес бұл кафедрада бірнеше рет күрделі өзгерістерді басынан кешірген. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасы деп аталады. Кафедрада «Әлеуметтану» және «Әлеуметтік жұмыс» мамандарын дайындайды. Соңғы жылдары қоғамдағы әлеуметтік қызмет көрсету саласының мамандарына қажеттіліктің артуына байланысты әлеуметтік қызметкерлерге де сұраныс өсті. 2019-2020 оқу жылынан бастап «Әлеуметтік жұмыс» мамандығына республикалық білім грантының саны көбейді. Қоғамға сапалы қызмет көрсету саласында креативті мамандар дайындауда аталған мамандықтар белсенділік танытып келеді. Мамандықтың негізгі мақсаты – заман талабына сай кәсіби шеберлігі жоғары, бәсекеге қабілетті кадрлар дайындау. Осы екі мамандық бойынша да білім беру бағдарламалары жаңартылып, әлемдегі озық университеттердің білім беру бағдарламасына сәйкестендіріліп жасалынған. «Әлеуметтік жұмыс бакалавры» академиялық дәрежесін алып, бюджеттік салаларда, әлеуметтік қызмет көрсету, әлеуметтік медициналық, оқу-зерттеу, ақпараттық-коммуникативтік қызметтер саласында еңбек ете алады.

Өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу – ғасырға жуық үздіксіз кадр даярлап келе жатқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басты бағдары. Бұл бағдардан айнымау біздің басты міндетіміз һәм парызымыз. Әлемдегі бірден-бір тек қана арулар білім алатын Қыздар университеті – педагог даярлап қана қоймайды, ол ұрпақ тәрбиешісі ретінде саналатын болашақ мамандардың бойына халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан тағылымды тәрбиесін, ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрін сіңіреді. Бұл – арулардың парасат мектебіне айналған білім ордасының өзіндік ерекшелігі. Бұл – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дара жолы.

Бибігүл ИМАНБЕКОВА, ҚызПУ-дың Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының бағдарлама көшбасшысы, саяси ғылымдарының докторы

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика