Балаларға базарлық — бақытты болашаққа бастайды

Балаларға базарлық — бақытты болашаққа бастайды

246 rob

Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Алда келе жатқан жаңа жыл мерекесін атап өтуге әр үй өзінше қамданады.

Бірі жақын-жуықтарына сыйлықтар табыс етсе, кейбірі күнтізбенің жаңа парағын өмірге деген жаңаша ұстаныммен бастағысы келеді. Мерейлі мерекені қарсы алуға, әсіресе, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Думан Мұсановтың жанұясы да ерекше дайындалыпты. Осы орайда шаңырақтың отанасы Жазира ханым көпбалалы жанұяның жаңа жылға деген әзірлігімен бөлісті.

Жаңа жыл мерекесі – күтпеген қуаныш сыйлайтын елеулі сәттердің бірі. Әсіресе, біз сияқты көпбалалы отбасы үшін жаңа жылдың орыны бөлек. Жанұядағы бес баланың әрқайсының жұдырықтай жүрегі жаңа жылдан жаңа бақыт қалайды. Сондықтан, үй ішінде бой түзеген шырша астына хат жазып, іштегі жан сырын ақтарады. Басқасын қайдам, бұл біздің үйге тән отбасылық дәстүр. Шырша астына толастаған хаттар балалардың назарынан тыс қалған уақытта, жазған парақтарын жинап алып, отағасы екеуіміздің құштарлана оқитынымыз бар. Әрине, оқи отырып, ата-ана болсақ та, періштелердің ақадал кіршіксіз балаң өмірлеріне қол сұққандай болып, өзімізді бұл әрекетіміз үшін кінәлі сезінеміз. Олар сол хаттың ішінде тіпті бізге айтуға дәті бармайтын құпияларымен бөліседі. Себебі олар аяз атадан сыйлық ғана сұрап қоймай, тебіренткен ойларымен де бөліседі. Өмір туралы толғаныстарын үлкен кісіше айшықтап жеткізеді. Біз ойламаған, біз көрмеген, біз байқамаған бейтаныс көзқарас танытады. Әсіресе, ортаншы қызымыз әскери қызметтегі әкесінің әсте жанында болғанын қалайды. Сондықтан, аяз атаға жолдаған жазбасында «Мен ойнағанда жанымда әкем болғанын қалаймын» деп жазыпты. Әрине, ерке қыздың бұл қолқасын аяз ата емес, әскери бөлім басшылығы орындамаса, жүзеге асуы қиындау. Үй отағасының уақыт бөлгенін жалғыз қызымыз ғана емес, жанұямызбен қалаймыз. Дегенмен, жауынгерлік қызметтің ауыртпалығын бір кісідей түсінеміз. Отанға қызмет ету – қатаң тәртіпті және тас түйін табандылықты талап етеді. Алайда, пәкізеге толы періште үшін Аяз атаның құдіретінде шек жоқ. Балаң сезімнің мөлтек әлемінде ақұштап арманды Аяз ата орындайды деп имандай сенеді. Өйткені, жылына бір рет ғана келетін мейрам олар үшін өте құнды. Балалар жаңа жыл тақаған уақытта ғана емес, өткен жылдың көктем-жазында қолы жете алмаған заттарын «ертең Аяз атаға айтып алдырамын» деп түйсігінің бір қатпарына түртіп қояды. Және дастархан басында болсын, яки көшеге серуендеп шыққанда жаңа жыл мерекесін асыға күтіп жүргендіктерін, өйткені, арманындағы қолжетпес бағалы сыйлықтарымен тезірек қауышқысы келетіндіктерін үнемі былдырлап, тәптіштеп жеткізіп отыратын. Сондықтан балақай өмірлерінің айнымас бөлшегіне айналған сәтке ата-ана ретінде біз де барынша ат салысамыз. Алдымен, олардың хатта жазған сыйлықтарын сатып алып, әлем-жәлеммен әшекейлеген қобдишаларға салып, жаңа жыл түніне дейін жасырамыз. Сыйлықтар жаңа жыл салтанат құрған уақытта шырша астынан орын табады. Сондай-ақ, қобдишаның беткі қабатына кімнің сыйлық иесі кім екендігін де жазып қоямыз. Дәстүрге айналған жаңашыл сиқырлы түннің дәстүрін бүгін де қайталамақ ниеттеміз. Өйткені, балаларға базарлық — бақытты болашаққа бастайды. Жалпы, шағын Отан – отбасымыздағы мерекелік шарадан бөлек, Ұлттық ұлан тарапынан да мереке сайын бізге зор көңіл бөлінеді. Әр балақайға тәтті тағамға толы мерекелік сыйлықтардан бөлек, әскери бөлімдерде түрлі концерттік бағдарламаға толы мерейлі кештер ұйымдастырылады. Аяз атадан бөлек әртүрлі мультфильм персонаждарын сомдаған аниматорлар ұдайы өнер көрсетеді – дейді көпбалалы ана.

Ошақ басында мерекелік көңіл күйдің лебі есіп тұр. Тіпті үй сыртынан үңілгенде терезеде жарқ-жарқ еткен майда шамдар тізбегінен жылылық сезінесің. Әр баланың қалаған сыйлығын әзірлеп қойған ерлі-зайыптылар ақ дастархан басында ақ тілектер айтуға асық. Көпбалалы ұландықтың жанұясы келер жылдан жағымды жаңалықтар күтеді. Жазира ханым болса, «балаларыма білдірер жылы лебізімді еліме де жолдаймын» дейді. Қазақ ұрпағын жаман әдеттен тия отырып, ізгілікке баулыған Мұсановтар әулеті де кең пейілді көпбалалы жанұяға біз де баянды бақыт пен бақ-береке және телегей табыстар тілейміз.

Рүстем Мұхамет-Рақым, Өскемен қаласы

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика