213 rob
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі
Жаңа жыл — бәріміз үшін қуанышқа толы, шаттығы мол, сиқыр мен сұлулыққа толы тамаша мейрамдардың бірі.
Әсіресе балалар үшін ерекше мереке. Өйткені олардың періштедей пәк сезімдері мен кіршіксіз көңілдері бұл күні үлкен бір ғажайыптың болатынына сенеді.
6698 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жыл сайын Жаңа жыл қарсаңында балғын балалар үшін мереке ұйымдастырып, сыйлықтар таратуды дәстүрге айналдырған. Әдеттегідей биыл да осындай ғажайып мерекемен әскери қызметшілеріміздің балаларын қуантты.
Шымкент қаласындағы Оқушылар сарайында өткен Жаңа жыл шыршасы мерекесіне әскери қызметшілеріміздің 80-ге жуық балалары мен жақындары қатысты. Ертегі кейіпкерлерінің және Аяз ата, Ақшақардың қатысуымен сахналандырылған тамаша көрініспен басталған шарада оқушылар сарайының әнші-биші балалары тамаша өнер көрсетті. Бөлім командирінің орынбасары подполковник Бектурсунов Руслан Нурлыбекович Жаңа жыл шыршасының шамдарын жағып, әскери қызметшілердің жақындары мен балаларын мерекемен құттықтады.
Балаларымен бірге көңілді мерекенің куәсі болған ефрейтор Толықбай Нұрдаулеттің әйелі Айгерім Садуақасқызы:«Бүгінгі көңілді мерекені балаларымыз үшін ұйымдастырып, өткізіп отырған әскери бөлімнің басшылығына үлкен алғыс айтамын, осындай Жаңа жыл мерекесімен қатар басқа да қызықты шаралар баларымызға арналып, үнемі өтіп тұрады, мереке өте қызықты болды, балаларымыз бір сәт ертегі әлеміне кіріп кеткендей болды, арнайы тақпақтарын жаттап келіп, Аяз атадан сыйлық алып қуанып жатыр. Еліміздің тыныштығын қорғаушы барлық жауынгерлерді, олардың отбасын, балаларын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Жаңа жыл барлығымыздың отбасымызға мол бақыт, береке мен ырыс бақ-дәулет алып келсін, балаларымыздың болашағы жарқын болсын!»,- деп ақ тілегі мен алғысын айтты.
Әскери қызметшілеріміздің отбасы үшін дайындалған мереке мұнымен аяқталмады. Бөлім басшылығы мен әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен көп балалы, әлеуметтік қолдау қажет, үлгілі тағы басқа әскери қызметшілеріміздің үйлеріне Аяз ата мен Ақшақар барып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Әміреев Талапкер Қыдырұлының, Шымкент қаласы Тұран ауданы әкімінің және бөлім командирі подполковник Нурмахамбетов Ануарбек Алимовичтің арнайы сыйлықтарын табыстады. Сонымен қатар бөлім командирі әскери қызметшілеріміздің әйелдеріне «Сізді және отбасыңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздің жанұяға деген мейірім махаббатыңыз, тәлім-тәрбиеңіз отбасының баға жетпес құндылығы. Біз үшін әрбір әскери қызметшінің ғана емес, оның отбасының да бақытты болуы маңызды. Осы жолда отбасына деген қолдауыңыз Отанға қызмет етумен бірдей екені сөзсіз. Келе жатқан Жаңа жыл сіздің жанұяңызға бақ-береке, шаттық пен қуаныш, толағай табыстар алып келсін, бастысы денсаулықтарыңыз мықты, бастарыңыз аман болсын!» делінген құттықтау мен алғыс хаттарын жолдады.
Аға лейтенант Малика Шынжігітова, 6698 әскери бөлімі
Источник: qazaq.asia