Бақылаушылар қызметінің батыл жауынгерлері

Бақылаушылар қызметінің батыл жауынгерлері

382 rob

Ұлан — ғайыр даланы мекен еткен Ұлы елдің ұлы арманы – мәңгілік ел болу үшін оның халқының амандығы, тәуелсіздігінің тұғырлы болуы және бастысы ішкі тыныштығының берік болуы маңызды. Кез-келген мемлекеттің қорғаушы тірегі, оның әскері екені сөзсіз.

Еліміздің Қарулы күштерінің қатарындағы Ұлттық ұлан әскері атқаруға тиіс Заңмен бекітілген 9 басты міндеттер бар. Солардың бірі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзету болып табылады. Шымкент қаласында орналасқан 6698 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің жауынгерлік қызметі осы бағытта жүзеге асады. Құрылғанына көп уақыт бола қоймаған әскери бөлімнің жауынгерлері де сын сағатта сыр бермей, қарауылдық қызметті мүлтіксіз абыроймен атқарып келеді. Солардың бірі 1 атқыштар ротасының бақылаушылар взводының жеке құрамы. Олар Шымкент қаласында орналасқан қауіпсіздігі орташа дәрежедегі №54
қылмыстық атқару жүйесінің түзеу мекемесін күзетуді қамтамасыз етеді.

Күндізгі және тәуліктік қарауылға түсетін әскери қызметшілердің жауынгерлік қызметі тыңғылықты дайындықты талап етеді. Тәуліктік қарауылға баратын бақылаушылардың қызметі әскери бөлімдегі жауынгерлік қызмет алдындағы іс-шаралармен басталып кетті.

Алғашқысы медициналық тексеруден өтуден басталды. Өйткені мұнда жауынгерлік қызметке түсетін әрбір бақылаушының денсаулығында ақау болмағаны дұрыс. Медициналық тексерістен өткен бақылаушылар жеке құрамы ротадағы тәрбие жұмысы бөлмесіне жайғасты. Онда рота командирінің тәрбие және әлеуметтік — құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары аға лейтенант Нұрдәулет Сансызбаев жауынгерлік қызметтегі қырағылық үлгілері және жауынгерлік қызмет мүдделеріне опасыздық жасамау туралы тәрбиелік сабағын өткізді.

1 атқыштар ротасының командирі аға лейтенант Нұрзат Қаппар: – «Дайындықтың ең маңыздысы – жауынгерлік қызмет кезінде орындалатын негізгі іс-әрекеттерді пысықтауға арналған нұсқаулық сабағы. Бақылаушылар жеке құрамының әр қайсысының біршама тәжірибесі бар тісқаққан мамандар болғанмен бұл әрекеттерді пысықтаудан жалықпаймыз. Себебі ондағы жағдайдың күн сайын өзгеріп кетпеуіне ешкім кепілдік бере алмайды. Ал біздің бақылаушылардың басты міндеті – кез-келген жағдайда жедел әрекет ету», – дейді ол.

Әскери бөлімнен бұйрық алып шыққан бақылаушылардың басты қызметі – түзеу мекемесінде басталады. Бақылаушыларды режимдік аймаққа кірерден бұрын түзеу мекемесінің режимдік бөлімінің тінту-тексеру қызметкерлері тексеріп өтеді.

Мұндағы мақсат сотталғандарға тыйым салынған заттарды алып кірмеудің алдын-алу. Содан кейін барлық жауынгерлік қызмет атқарушы әскери қызметшілеріміз арнайы құралдармен қол кісен, брондалған жилет, ысқырық, электрошокер, аэрозоль, сонымен қатар бейнежетонмен қамтамасыз етіледі. Бес аспабын түгендеген бақылаушылар өздерінің орындарына барып қызметтерін бастайды. Бір ауысымға түсетін 10-ға жуық бақылаушының орындары да әртүрлі жағдайларға байланысты есептеледі. Олар сотталушылардың тұрғын аймағы бойынша, өндірістік аймағы бойынша, тәртіп изоляторы мен бір адамдық камера бойынша, қатаң жағдайда ұсталатын үй-жай бойынша, карантиндегі сотталушыларды қадағалау бойынша, медициналық санитарлық бөлім бойынша сонымен қатар кездесу өткізу, заттарды, сәлемдемелерді және бандерольдарды қабылдау бойынша бақылаушылық орындарға бөлінеді.

Әр аймақтағы және үй-жайлардағы сотталушылардың жағдайы әртүрлі болғандықтан қауіптілігі де жоқ емес. Ондағы олардың қызметі – қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің бастығы бекіткен кестеге сәйкес белгіленген аймақтың аумағын қарап шығады, сотталушылардың жүріс-тұрысын қадағалайды, режимді бұзуға жол берген адамдарға ескерту жасайды, бағынбаған жағдайда мекеме бастығының қызметкеріне алып келеді, қашуға, оғаш қылықтар жасауға бейім сотталушылардың тектері мен түрлерін жатқа біледі, әр ауысымда кемінде үш рет оларды түгендеп тексеріп шығады, арнайы көлік құралдарына тиелуін және түсірілуін бақылап отырады және олармен тікелей диалог орнатуға жол бермейді. Осылайша бақылаушылардың басты міндеті — олардың жүріс-тұрысын, тәртібін қадағалау, тыйым салынған іс-әрекеттерді болдырмау және олардың алдын алу.

Әскери бөлімге 2017 жылы тамыз айында қарапайым бақылаушы болып қызметке орналасқан ефрейтор Сланбеков Асқат Бақытұлы біраз тәжірибе жинап қызмет атқару барысында өзінің жауынгерлік қызметін адал абыроймен атқарып, бүгінде аға маман – аға бақылаушы қызметін атқарып келеді. Өзінің жоғары білімді «Заңгер» мамандығын оқып аяқтағанына қарамастан біржола ұландық жауынгер болуға шешім қабылдады.

Қызметке орналасқаннан бастап 6 жылға жуық бақылаушылық қызметті мінсіз атқарған ол қатарлас келе жатқан әскери қызметшілерден білгенін аяған емес. Ұлттық ұланның Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімінің оқу орталығында өзінің кәсіби біліктілігін жоғарылату бойынша курстан өтіп, жоғары лауазымға тағайындалды. Жас та болса, бас бола білген ефрейтор Асқат Сланбеков туралы командирлері де өз ойларын ортаға салды.

«Ефрейтор А. Сланбеков мол тәжірибелі маман болмаса да, аз ғана уақытта өзінің әскери қызметке деген салмақты жауапкершілігімен, ынта-жігерімен, ең бастысы өзінің кәсіби деңгейін жоғарылату үшін үнемі ізденісте жүретін, білуге құштарлығымен ерекшеленді. Әскери ұжымда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін абыройы да жоқ емес. Сондықтан бүгінде аға маман – аға бақылаушы лауазымына тағайындалып, адал қызметі бағаланды. Өмірде жаза басып немесе қасақана оймен қылмысқа барған түзету мекемесіндегі әртүрлі пиғылды адамдар контингентінің ортасында жүріп, олардың тәртібі мен іс-әрекетін қадағалай отырып, жауынгерлік қызмет атқару оңай емес. Өйткені өзгені емес, өзіне қажетті мәселені шешу үшін кез-келген іс-әрекетке баруға дайын сотталушылардан не нәрсені болса да күтуге болады. Ал мұндай жағдайда біздің жауынгерлеріміздің қырағы да, батыл әрекеті, біліктілігі мен білімі қажет-ақ. Ефрейтор Асқат Сланбеков өз дәрежесінде жауынгерлік қызметке қойылған барлық талаптарды мінсіз атқарып келе жатқан бақылаушылардың бірі»,– дейді рота командирі аға лейтенант Нұрзат Қаппар. Ол сияқты қаншама бақылаушылар сенімге селкеу түсірмей, қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды өз дәрежесінде атқарып келеді. Ал атқыштар ротасының бақылаушылар қызметіндегі әскери қызметшілерді «көрінбейтін майданның батыл жауынгерлері» десек те артық емес.

Аға лейтенант Малика ШЫНЖІГІТОВА, Шымкент қаласы

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика