Қазақстандағы бизнеске кредиттер: Динамика және негізгі трендтер

Қазақстандағы бизнеске кредиттер: Динамика және негізгі трендтер

156 Арман

Фотосурет: Sputnik / Абзал Калиев

2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның 11-і шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8-і еншілес банктер, деп хабарлайды DKNews.kz.

2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша банк секторының активтері негізінен несие портфелінің 2,2%-ға өсуі есебінен ағымдағы жылғы қарашада 1,7%-ға немесе 798,5 млрд теңгеге ұлғайып, 49,2 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан бері 10,3%-ға немесе 4,6 трлн теңгеге өсу).

Өтімділігі жоғары активтер 14,7 трлн теңгені немесе активтердің 29,9%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

2023 жылғы қарашада екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер 2,2%-ға 26,9 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 17,8%-ға өсу), оның ішінде ұлттық валютадағы кредиттер 2,2%-ға 25,1 трлн теңгеге дейін өсті, шетел валютасындағы кредиттер 2,2%-ға 1,8 трлн теңгеге дейін өсті.

Заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2023 жылғы қарашада 0,9%-ға 9,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 4,4%-ға өсті).

Бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы қарашада 1,3%-ға 10,5 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 9,3%-ға өсу). Бұл ретте бизнеске кредиттердің өсуіне негізгі үлес ШОБ субъектілеріне (соның ішінде дара кәсіпкерлер) берілген кредиттермен қамтамасыз етілген.

ШОБ субъектілеріне берілген қарыздар 2,2%-ға 7,0 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 15,7%-ға өсу), ірі бизнеске берілген қарыздар 0,5%-ға 3,6 трлн теңгеге дейін шамалы азайды (2023 жылдың басынан бері 1,4%-ға азаю).

Корпоративтік кредит берудің өсу қарқынының баяулауы кредиттер бойынша сақталып отырған жоғары пайыздық мөлшерлемелерге байланысты (2023 жылғы қарашада 19,0%).

Жеке тұлғаларға берілген кредиттер бірқатар ірі екінші деңгейдегі банктердің тарапынан біржолғы бөліп төлеу аясында тұтынушылық қарыздардың 4,2%-ға 10,1 трлн теңгеге дейін өсуі есебінен 2023 жылғы қарашада 2,9%-ға ұлғайып, 17,8 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан 26,0%-ға өсу).

Кредиттік портфельдің сапасы тұрақты болып қалуда. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша банк секторында мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан қарыздар (NPL 90+) деңгейі несие портфелінің 3,2%-ын немесе 904 млрд теңгені құрады (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 3,4% немесе 815 млрд теңге).

ШОБ-ты есепке алғанда заңды тұлғалар портфелінде NPL90+ қарыздардың деңгейі 2,6%-ды немесе 302 млрд теңгені, жеке тұлғалар портфелінде 3,7%-ды немесе 602 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 74,8%-ды құрайды (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 76,9%).

Ағымдағы жылғы қарашада банктердің меншікті капиталы 3,7%-ға 6,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 27,2%-ға өсті). 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,6%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 22,0%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2023 жылғы қарашада банк секторының міндеттемелері 1,3%-ға 42,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 8,1%-ға немесе 3,2 трлн теңгеге өсті).

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2023 жылғы қарашада жеке тұлғалар депозиттерінің 0,8%-ға 17,3 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 0,5%-ға 32,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 0,3%-ға 14,9 трлн теңгеге дейін өсті.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылғы қарашада 0,03%-ға 24,2 трлн теңгеге дейін шамалы азайды, шетел валютасындағы депозиттер 2,2%-ға 8,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде долларлану деңгейі 2023 жылғы 1 желтоқсанда 24,9%-ды құрады (2023 жылдың басында – 31,6%).

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2023 жылғы қарашада 14,6%-ды (2023 жылғы қазанда – 14,2%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,9%-ды (2023 жылғы қазанда – 14,0%) құрады.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика