157 rob
Фотосурет: Т.Таныбаев / Мәжілістің Баспасөз қызметі
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің жетекшілігімен 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасын және еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғауды жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістерді талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Көшпелі отырыс Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» базасында өтті. Жиынды ашқан Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысы Жолдауында Үкіметке азаматтардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдау жөнінде тапсырма бергенін айтты.
Бұл мәселе депутаттардың басты назарында. Бірінші кезекте заңнамаға тиісті түзетулер дайындадық. Ашық айту керек, бүгінде мемлекеттік органдардың жұмысы үйлестірілмеген. Рейтинг қуалаймыз деп біз бүкіл басқару жүйесін жоғалтып алдық. Кәсіпорынға еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуден гөрі айыппұл төлей салу оңайырақ. Тіпті, қолданыстағы заңнамада еңбек қауіпсіздігі талаптарын орындамағаны үшін айыппұл да салмайтын, тек ескерту беретін жағдайлар да жазылған Асхат Аймағамбетов
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова еңбекті қорғау саласының қазіргі жағдайы туралы баяндады. Оның мәліметінше, 2022 жылы кәсіпорындардың 1 млн 600 мың қызметкерінің 491 мыңы (31 пайызы) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында, атап айтқанда өңдеу өнеркәсібінде, тау-кен өнеркәсібінде және карьерлерді қазу салаларында жұмыс істейді.
Соңғы алты жылда өндірісте жарақат алу жағдайы 12,6 пайызға төмендеді. Соған қарамастан, жыл сайын кәсіпорындарда 1,5 мыңнан астам өндірістік жарақат алу оқиғасы орын алып, оның 200-ге жуығы адам өлімімен аяқталады. Биыл еліміздегі кәсіпорындарда 1195 адам жарақат алды, оның 221-і қайтыс болды Светлана Жақыпова
Светлана Жақыпованың айтуынша, салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін министрлік кешенді шаралар қабылдап, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмыстарын қолға алған. Бүгінде Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленген.
Өз кезегінде Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пішембаев қауіпті өндірістік нысандардағы апат деңгейін төмендету шаралары жөнінде айтты. Оның мәліметінше, кәсіпорындарды мемлекеттік бақылау саласындағы өкілеттіктер мен төтенше жағдайлар қызметтерін кеңейту мәселесі өзекті болып отыр.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қажет екенін атап өтті. Оның ойынша, ең алдымен, жұмысшылардың құқықтарын қорғау кезінде заңнамадан кәсіпорын иелерінің мүдделерін алып тастау қажет.
Елнұр Бейсембаев депутаттардың еңбек инспекциясын уәкілетті органға беру, заң бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту және еңбекті қорғау, экология, өнеркәсіптік қауіпсіздік және т.б. салаларда кешенді бақылау мен қадағалау жүйесін құру жөніндегі бастамаларына тоқталды.
Депутаттар мен жиынға қатысушылар Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасына қатысты ұсыныстарын айтты. Асхат Аймағамбетов заңнамаға өзгерістер енгізу барысында нақты ұсыныстарды қосуды сұрады. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар Үкіметке жолданады, сондай-ақ Мәжілістің алдағы жұмысы барысында ескерілетін болады.
Бүгін ашық, шынайы әңгіме болды. Депутаттар еңбек инспекторларын Еңбек министрлігіне қосуды ұсынып отыр. Кәсіпкерлік кодексі мен басқа да заңдарға мемлекеттік органдарға еңбек қауіпсіздігін бақылау ғана емес, өндірістік, экологиялық, энергетикалық қадағалау және басқа да салаларда тексеру жүргізу мүмкіндігін беретін өзгерістер енгізу қажет. Тұжырымдамада прогрессивті қадамдар бар, оларды күшейтіп, нақтылау қажет. Министрліктің процедуралар мен тәуекелдерді цифрландыру жөніндегі бастамалары құптарлық іс. Кәсіпкерлерге толықтай айыппұл салып, тексеру жүргізейік деп отырған жоқпыз. Ортақ шешім тауып, азаматтарымызды қорғауымыз керек Асхат Аймағамбетов
Бүгінде Мәжіліс депутаттары Еңбек және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге өздерінің бастамасымен енгізілген түзетулер бойынша Үкіметтің қорытындысын күтіп отыр.
Источник: qazaq.asia