459 Арман
Қазақстан Ұлттық Банкі (ҚҰБ) Қазақстан Республикасында Open API және Open Banking технологияларын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы жарияланғанын хабарлайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
ҚҰБ бұл тұжырымдаманы Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) қатысуымен Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (ҚНРДА) бірлесіп әзірледі.
Құжат Қазақстанда Ашық банкингті дамыту бойынша бірыңғай реттеушілік тәсілдер мен көзқарасты сипаттайды. Сондай-ақ ашық банктік интерфейстерді енгізу бойынша қаржылық инфрақұрылым мен заңнамалық ортаны дамыту төңірегінде нақты қадамдар мен шараларды ұсынады.
Әзірлеушілер – Ұлттық Банктің, ҚНРДА мен БҚДА бастамалары – келешекте қаржы және төлем нарығының қатысушыларына өз тұтынушыларына жеке деректерді басқарудың қағидалы жаңа, қауіпсіз нұсқаларын ұсынуға мүмкіндік береді. Ол, сондай-ақ, бірнеше төлем қызметін жеткізушілердің сервисі мен қосымшаларын бір интерфейсте біріктіру арқылы қаржылық және төлем қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Осындай өзара байланыс аясында ақпарат алмасу стандартталған ашық бағдарламалау интерфейсін пайдалана отырып, қауіпсіз ортада, үздік халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Ашық банкинг нарыққа қатысушыларға түрлі инновациялық төлем және қаржы сервистерін құруға жол ашады, олардың қолжетімділігін арттырады, операция жүргізудегі уақыт шығындарын азайтады, сол сияқты, бәсекелестікті де күшейтеді.
Құжатты дайындау аясында, 2022 жылы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қатысушыларымен бірге ҚҰБ, ҚНРДА мен БҚДА қатысуымен жұмыс барысындағы кездесулер мен бірқатар талқылау жиыны өткізілді. Кездесулер барысында Open API технологиясын қолдану арқылы қаржы секторын дамытудың заманауи үлгілерін енгізу, Open Banking тұжырымдамасы мен Қазақстанда цифрлық қаржы инфрақұрылымын құру перспективалары талқыланды. Өзара байланыс орнатудың осындай үлгідегі форматын жоба аясында әрі қарай да жалғастыру жоспарда бар.
Осылайша, 2023 жылы тұрақты жұмыс тобы құрылып, бірқатар инфрақұрылымдық және нормативтік шешімдер әзірленеді деп күтілуде. Пайдаланудың түрлі сценарийін егжей-тегжейлі әзірлеу арқылы тұтынушының пайдасын еселеуге басымдық беріледі. Тұжырымдамада көзделген барлық бастама 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасында Open API және Open Banking дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Тұтынушылардың құқығын қорғау және технологиялылықты қамтамасыз етудің маңыздылығына мән бере отырып, қаржы секторының цифрлық трансформациясын жүйелі және кезең-кезеңмен дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп Қазақстан Республикасында Open API және Open Banking дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі және бекітті.
Open Banking («Ашық банк қызметі») банктерге өз клиенттері келісім берген жағдайда ғана оладың деректерін үшінші тарапқа ашық болуын қамтамасыз етеді және осылайша қызмет көрсетудің ыңғайлылығы мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, банк қызметінде ашық API клиентке бірнеше шотты басқаруға және тұрақты төлемдер мен аударымдар жасауға, қаржылық есептілікті оңтайландыруға, кіріс пен шығысты талдауға және т.б. қызметтерге мүмкіндік береді.
Open Banking-ті енгізу Оpen API технологиясын қолдануға негізделген. Ол дерек алмасу хаттамасы ретінде халықаралық деңгейде танылған.
Тұжырымдаманы әзірлеу аясында ҚРҰБ, ҚНРДА және БҚДА реттеушілері екінші деңгейлі банктермен алдын ала талқылаулар жүргізді. Сондай-ақ ЕДБ арасында API технологиясын пайдаланудың ағымдағы мәртебесі нақтыланып, ашық банк қызметін енгізудің инфрақұрылымдық және реттеушілік негіздері бағаланды.
Қаржы секторында дәл осы цифрлық саланың дамуы жаңа қаржылық қызметтер мен өнімдердің, сондай-ақ ЕДБ мен Open API базасындағы төлем қызметтерінің басқа да жеткізушілері арасындағы серіктестік нәтижесінде жаңа бизнес-модельдердің пайда болуына ықпал етеді. Тұжырымдамада сонымен қатар ашық бағдарламалау интерфейсін енгізу шеңбері аясында стратегиялық бастамалар мен даму бағыттары жоспарланған, атап айтқанда:
- стандарттарды әзірлеу,
- same activity, same risks, same regulation қағидаты бойынша реттеуші ортаны үйлестіру,
- ведомствоаралық жұмыс органын құру,
- техникалық инфрақұрылымды құру және оңтайландыру,
- 2023 жылы пилоттық жобалар сериясын жүргізу.
Тұжырымдаманы іске асырудың 2023-2025 жылдарға арналған Жол картасы
Жол картасын әзірлеудің жалпы қағидаты негізгі төрт бағытты жүзеге асыруға негізделген:
- Open API стандартын әзірлеу,
- Open API экожүйесінің мүдделі қатысушыларымен келісу,
- әзірленген Open API стандарты шеңберінде бизнес-процесті сынақтан өткізу және бекіту,
- жобаны масштабтау: Open API экожүйесіндегі қатысушылар тізімін кеңейту.
Осы бағыттар аясында 2023 жылы келесі іс-шараларды жүзеге асыру жоспарлануда:
- Тұжырымдама аясында іс-шараларды жүзеге асыру үшін жұмыс тобын құру,
- Open API платформасының архитектурасын әзірлеу,
- Жұмыс тобының тұтынушылар шотын біріктірудің «пилоттық» сценарийлерін әзірлеу және бекіту,
- 2023-2025 жылдарға арналған кезең-кезеңімен енгізілетін стандарттар тізбесін бекіту,
- Оpen API экожүйесінің қатысушылары үшін қауіп-қатер моделін және жауап беру алгоритмдерін, сондай-ақ ілеспе операциялық құжаттарды әзірлеу,
- Оpen API және Open Banking-ті іске асыру және дамыту үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілердің тізбесін айқындау,
- клиенттің шоттарын біріктіру сценарийі бойынша пилоттық жобаны жүргізу,
- Тұжырымдаманың 2024-2025 жылдарға арналған Жол картасында көзделген іс-шараларды пилоттық жобалардың нәтижелері бойынша қажеттілігіне қарай өзектендіру және нақтылау.
Источник: qazaq.asia