151 Awrora
Фотосурет: Gov
ҚР Қарулы күштерінде әскери зейнетақымен қамсыздандыру қызметкерлеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кәсіби және атаулы күндер тізіміне сәйкес, 28 қарашада еліміздің Қарулы күштерінде Әскери зейнетақымен қамсыздандыру қызметкері күні атап өтіледі. 23 жыл бұрын Қорғаныс министрінің директивасымен ҚР Қарулы күштерін зейнетақымен қамсыздандыру басқармасы құрылған болатын. Кейін бұл құрылым Қорғаныс министрлігінің Зейнетақымен қамсыздандыру орталығы болып қайта құрылды.
Орталық мамандары әскери қызметшілердің, әскери зейнеткерлер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда үлкен жұмыс атқаруда. Орталық зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жақсарту бойынша заң шығару жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп келеді.
Мәселен 2016 жылдың бірінші қаңтарынан бері әскери қызметшілердің барлық санаты толық мемлекеттік зейнетақымен қамсыздандыруға ауыстырылды. Ал ағымдағы жылдың бірінші шілдесінен бастап әскери зейнеткерлер зейнетақы жинақтарының қалдықтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеуге толық көлемде біржолғы пайдалануға құқық алды.
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау күшейтілді. 2022 жылғы қаңтардан бастап жұбайына және отбасы мүшелеріне кәмелетке толғанға дейін бір жалақыға дейінгі мөлшерде ай сайынғы төлем белгіленді. Сондай-ақ әскери қызметтік міндеттерін орындау кезінде алған мертігу салдарынан әскери қызметтен босатылған әскери қызметшілерге ай сайынғы ақшалай төлем де белгіленді.
Бүгінде Қорғаныс министрлігі ақпараттық жүйелерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен интеграциялаған еліміздегі күштік құрылымдардың ішіндегі жалғыз ведомство. Орталықта еңбек сіңірген жылдарын есептеу, зейнетақы төлемдерін тағайындау, қайта есептеу, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату процестері автоматтандырылған.
Бұл жетістіктер орталық мамандарының жоғары кәсібилігінің, олардың мәліметтерді салыстыру және өзектендірудегі қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр. Бүгінде ұжым қызметтерді проактивті форматқа көшіру міндетімен жұмыс істеуде.
Источник: qazaq.asia