157 rob
Фотосурет: Т.Таныбаев / Мәжілістің Баспасөз қызметі
Мәжіліске Грузия Парламенті Мәдениет комитетінің төрағасы Элисо Болквадзе келді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов бастаған депутаттар елдер арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастықты талқылады.
Кездесуді ашқан Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы саяси өзгерістерге тоқталды. Ол елдер арасында парламенттік деңгейде сындарлы саяси диалог орнағанын атап өтті.
Қазақстан мен Грузия арасындағы парламентаралық дәстүрлі байланыс жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Бұған біздің достық тобымыздың қызметі де ықпал етуде. Грузия делегациясының бүгінгі сапары осы қарым-қатынасты одан әрі нығайтатынына сенімдімін. Біз тиісті комитеттердің және фракцияаралық ынтымақтастықтың әлеуетін пайдалануға дайынбыз Асхат Аймағамбетов
Сондай-ақ депутат екі елдің азаматтары халықтарының мәдениетіне үлкен қызығушылық танытып отырғанын айтты.
Қазақстандықтар Грузияны жақсы біледі. Оның көне тарихына, мәдениеті мен дәстүріне қызығушылықпен және құрметпен қарайды. Грузин тағамдары мен ұлттық фольклорын жақсы көреді. Соның айғағы – еліңізге келетін қазақстандық туристердің қарқынды өсуі. Қазақстан Грузияға баратын туристер саны бойынша ТОП-10 елдің қатарында. Өткен жылы сіздерге 110 мыңға жуық Қазақстан турисі барып, 2 есеге жуық өсті Асхат Аймағамбетов
Өз кезегінде Элисо Болквадзе ынтымақтастықты комитет деңгейінде меморандум арқылы нығайтуды ұсынып, Мәжіліс депутаттарын Грузияға шақырды. Ол Қазақстан мәдениетінің қарқынды дамып келе жатқанын және оның әлемдік аренадағы жоғары орнын атап өтті.
Бұдан бөлек тараптар ауыл шаруашылығы, білім беру және әлеуметтік салалардағы байланыстың келешегі туралы ұсыныстарын ортаға салды.
Мәжіліске келген Грузия Парламенті делегациясының құрамында Грузияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Николоз Лалиашвили және Грузия-Қазақстан достық тобының мүшелері: Аймақтық саясат және өзін-өзі басқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Ираклий Заркуа және Аграрлық мәселелер комитеті төрағасының бірінші орынбасары Гела Самхарули бар.
Кездесуге Қазақстан тарапынан Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Нұргүл Тау, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Тілектес Адамбеков, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Қазыбек Әлішев қатысты.
Источник: qazaq.asia