230 rob
Фотосурет: А.Байжұманов/ Сенаттың Баспасөз қызметі
Бүгін Сенатта «Азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Іс-шара кезінде қатысушылар тиісті заңға енгізілетін түзетулерді талқылап, ұсыныстарын білдірді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру еліміз үшін стратегиялық мәнге ие екенін және Палата бұл мәселені ерекше бақылауда ұстап отырғанын айтты. Сондай-ақ ол соңғы кездері жиілеп кеткен табиғи және техногендік апаттар төтенше жағдайларға қатысты заңнамалық актілерді қайта қарау қажеттігін көрсетіп бергенін атап өтті.
«Қостанай, Абай облыстарында болған ірі орман өрттері өртті сөндіруге жауапты мемлекеттік органдардың жұмысындағы түйткілдерді және бұл бағытта тиімді жүйенің жоқ екенін айқын көрсетіп берді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту жөнінде нақты міндеттер жүктеді. Сондықтан тиісті мемлекеттік органдар бұл бағытта ауқымды жұмыс атқаруға тиіс», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Спикері төтенше жағдайларға қарсы іс-қимылды жоспарлау жөніндегі қызметті жетілдірудің де маңызды екенін тілге тиек етті. Бұл ретте жаңа тәсілдерді, оның ішінде шет елдердің озық тәжірибелерін енгізу және ғылыми әлеуетті кеңінен пайдалану ерекше мәнге ие.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесінде де олқылықтар аз емес екенін айтты. Қарағанды облысындағы шахталарда болған апаттар соның салдары екені сөзсіз. Бұл бағытта алдын алу жұмыстарының жүзеге асырылмауы, тиісті бақылаудың әлсіреуі, сапасыз немесе уақтылы жүргізілмеген күрделі жөндеу, жүйесіз жобалық және техникалық шешімдер қайғылы оқиғаларға әкеп соқтыратыны назарға алынды.
Қазіргі таңда әлем бойынша сейсмикалық апаттардың жиілеп кеткені белгілі. Сенат Төрағасы еліміздің географиялық орналасуына байланысты бұл мәселені де назардан тыс қалдыруға болмайтынын атап өтті. Алдын алу жұмыстарын күшейтіп қана қоймай, ұлттық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу және Үкімет пен әкімдіктер арасындағы іс-қимылды кешенді түрде жүйелеудің де өзекті екені айтылды.
«Азаматтық қорғау сияқты маңызды сала тиісті деңгейдегі қаржыландыруды қажет ететіні белгілі. Бүгінгі талқылау аталған проблемаларды тиімді шешуге мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Алдағы уақытта Президентіміздің осы бағыттағы тапсырмаларын іске асыру үшін бәріміз бірге нәтижелі жұмыс істейміз деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ Палата Спикері парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, Үкіметке жолданатынын және Сенат олардың орындалуын бақылауда ұстайтынын айтты.
Тыңдау барысында халықты, объектілерді, сондай-ақ, қоршаған ортаны төтенше жағдайлардан қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға және жетілдіруге арналған бірқатар ұсыным айтылды. Сенаторлар бөлімшелерді арнайы техникамен және жабдықтармен жарақтандырумен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігін әкімдіктермен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтарының, жетім балалардың, көп балалы отбасылардан шыққан балалардың, мүгедек адамдардың тұрғын үйлерді тиісінше пайдалануын қадағалау мәселелерін пысықтауға шақырды. Атап айтқанда, жылыту және электрмен жабдықтау жүйелерін жөндеу, сондай-ақ, жеке тұрғын үйлерде өрт детекторларын, көміртегі тотығы мен табиғи газ датчиктерін орнату қажеттілігі туралы сөз болды.
Парламенттік тыңдау кезінде Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығының директоры Серік Әубәкіров және тағы басқа азаматтар сөз сөйледі.
Источник: qazaq.asia