166 rob
Фотосурет: Ж. Жұмабекова / Мәжілістің баспасөз қызметі
Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Эстония Республикасының Мемлекеттік хатшысы және Сыртқы істер вице-министрі Йонатан Всевиовпен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Тараптар екіжақты қарым-қатынасты кеңейту мәселелерін талқылады.
Айгүл Құспан Эстония Қазақстанның маңызды серіктесі екенін атап өтті. Биліктің атқарушы, заң шығарушы және сот тармақтарының барлық деңгейінде тығыз байланыс орнатылды. Бұл ретте Мәжіліс екі елдің парламентшілерін екіжақты ынтымақтастыққа белсендірек тартуды жақтайтынын айтты.
Біз Балтық өңірімен, атап айтқанда, Эстониямен қарым-қатынастың жан-жақты дамуын толық қолдаймыз. Сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара іс-әрекет әлеуеті айтарлықтай деңгейде. Елдеріміздің парламенттері жақында ғана жаңарғанын ескере отырып, достық топтары мен бейінді комитеттердің өзара сапарларын ұйымдастыру жөнінде ойлануымыз керек. Біз эстониялық әріптестерімізбен ынтымақтастыққа әрқашан дайынбыз Айгүл Құспан
Депутаттың айтуынша, Қазақстан бұл қарым-қатынасты «Еуропалық Одақ – Қазақстан» және «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» арасындағы, әсіресе ЕО-ның Орталық Азияға арналған стратегиясы және Global Gateway аясындағы ынтымақтастықтың маңызды бөлігі ретінде қарастырады.
Йонатан Всевиов өз сөзінде екіжақты құқықтық базаны кеңейтудің маңыздылығына тоқталды. Бүгінде елдер арасында бірқатар іргелі құжат әзірленіп жатыр.
Реадмиссия келісімі бойынша жұмыстың сәтті аяқталуы және қосарланған салық салу туралы конвенцияның жаңартылуы біз үшін маңызды. Әлеуметтік қорғау саласында келісім бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл құжаттың барлығы елдеріміздің саяси және экономикалық өзара іс-әрекетінің белсенді болуына ықпал етеді Йонатан Всевиов
Йонатан Всевиов парламентаралық ынтымақтастықтың маңызды мәселе екенін алға тартты. Ол геосаяси жағдайды талқылау және депутаттар арасындағы байланысты жандандыру үшін Қазақстан Парламентінің делегациясын Таллинге шақырды.
Источник: qazaq.asia