201 rob
Фотосурет: Астана әкімдігі
Қазақстандық Швейцария-Америка колледжінде Дүниежүзілік балалар күні аясында инклюзияны қолдау кабинеті ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елордалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиевтің ақпараты бойынша, елорданың кәсіптік білім беру саласында алғаш рет инклюзияны қолдау кабинеті ашылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Осыған дейін тек мектептер мен балабақшаларда болатын.
«Біздің мақсатымыз – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға мектептен кейін кәсіптік білім алуға жағдай жасау. Өткен жылдан бастап қалалық колледждерге 100-ге жуық бала түсті. Олар аудармашы, дизайнер, бағдарламашы сияқты еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды таңдады. Айта кету керек, осы бағытта білім беретін мұғалімдер де назардан тыс қалмайды. Жыл сайын біздің қаламызда 500-ден астам педагог мамандандырылған орталықтарда инклюзия бойынша біліктілігін арттырады», — деді Қасымхан Сенғазиев.
Швейцария-Америка колледжінің жетекшісі Гүл Жанаева бүгінгі таңда білім беру мекемесінің қабырғасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 98 студент білім алатынын атап өтті.
«Екінші жыл қатарынан біз түрлі аурулары мен мүгедектігі бар балаларды оқытуға қабылдаймыз. Аурулардың ауқымы өте кең. Жалғыз шарт – психикалық бұзылулардың болмауы. Біз 10 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлаймыз. Бүгінгі инклюзияны қолдау кабинетінің ашылуын Дүниежүзілік балалар күніне орайластырдық. Өткен жылы бағдарламалық қамтамасыз ету, интерьер дизайны және аударма ісі сияқты мамандықтар бойынша ерекше қажеттіліктері бар 49 оқушыны қабылдадық. Өкінішке қарай, аударма ісі мамандығы ақылы негізде. «Атамекен» КП жанындағы Іскер әйелдер кеңесі бұл мәселеде бізді қолдап, «Живое слово» Республикалық байқауының гран-при иегері Мөлдір Сәбитбектің оқуына ақы төледі. Биыл біз 50-ден астам студентті оқуға қабылдадық», — деп атап өтті колледж директоры.
Оның айтуынша, инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау колледж қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Оларға оқыту процесін жақсарту үшін техникалық және әлеуметтік жағдайлар жасалды: пандустар, колледжге кіре берісте және дәретхана кабиналарында тұтқалар, тактильді тақтайшалардан жасалған жолдар, инвотаксиге арналған тұрақ және т.б. орнатылды.
Астананың Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, елорда әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Асима Бимендина қала тұрғындарын Дүниежүзілік балалар күнімен құттықтап, бұл бүкіл адамзат үшін маңызды күн екенін атап өтті.
«Колледжде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың көп болуы өте қолайлы. Инклюзияны қолдау кабинетінің ашылуы оқу-тәрбие процесіне, жаңадан келген студенттерді бейімдеуге көмектеседі. Жуырда біз мерекеге арналған онкүндікті өткіздік. Осы кезеңде оқушылармен кездесіп, қауіпсіздік шаралары туралы сөйлестік, тренингтер өткіздік. Бұл балаларға өте қатты ұнады. Сондай-ақ, балаларды қолдау орталығына барып, онда отбасылық құндылықтар туралы аукцион өткіздік және балалар ауылына барып, олардың өмір сүру жағдайларын тексеріп, болашаққа деген жоспарларын сұрадық. Мен қай жерге барсам да, 111 телефоны туралы айтып жүремін, егер олардың құқықтары бұзылса, қайда жүгіне алатынын біледі», — деді Асима Бимендина.
Педагог-психологтар, логопед-мұғалімдер, әлеуметтік педагогтар, педагог-ассистенттер жұмыс істейтін кабинеттердің миссиясы – ақпараттық және коммуникативтік кедергілерді жою, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды колледж өміріне сіңдіру үшін қолайлы жағдайлар жасау. Еліміздің басқа да колледждерінде осындай кабинеттер ашу жоспарланып отыр.
Источник: qazaq.asia