Қазақстан Үкіметі көлік инфрақұрылымын дамытудың негізгі мәселелерін талқылады

Қазақстан Үкіметі көлік инфрақұрылымын дамытудың негізгі мәселелерін талқылады

234 rob

Фотосурет: Үкіметінің Баспасөз қызметі

Үкіметте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте көлік саласын дамытудың кең ауқымды өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Көлік министрі Марат Қарабаев бүгінде елімізде 13 халықаралық көлік дәлізі, яғни 5 теміржол және 8 автомобиль жолы жұмыс істеп жатқанын баяндады. 10 айда теміржол көлігімен транзиттік тасымалдау көлемі 19%-ға артып, 22,5 млн тонна жүкті, ал автомобиль көлігімен 17%-ға артып, 3,4 миллион тонна жүкті құраған.

Биыл реконструкциялау және жөндеу жұмыстарымен 10,7 мың шақырым жол қамтылды. Атап айтқанда, 5 жыл бұрынғы кейбір жобалар бойынша қозғалыс ашылды. Бұл – Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Атырау – Астрахань, Меркі – Бурылбайтал учаскелері. Оларды толық аяқтау 2024 жылға жоспарланған, оның ішінде биыл 856 шақырым жол пайдалануға берілді. 

Жалпы алдағы жылдары ұзындығы 4,7 мың шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күрделі жөндеу міндеті тұр (13 басым жоба). Бұдан бөлек, тұрғындардың шағымы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ұзындығы 4,3 мың шақырым болатын негізгі өңірлік маңызы бар жолдардың тізімі әзірленді.

Бүгінде республикалық желі сапаны бағалаумен толық қамтылған. Ағымдағы құрылыс маусымында 9 мың сынама алынды. Оның 2 мыңы нормативтерге сәйкес келмеді. Барлық сәйкессіздік мердігер ұйымдар қаражаты есебінен жойылды.

Сондай-ақ министр техникалық қадағалауды күшейту, автожолдардың сақталуын қамтамасыз ету, шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту, магистральдық теміржол желісін дамыту, локомотив паркін жаңарту және түйісу нүктелері пункттерінің өткізу қуатын арттыру бойынша негізгі шаралар туралы баяндады.

Бұдан бөлек, Транскаспий халықаралық көлік бағытын және Каспийдегі теңіз порттарын дамыту, Ертіс трансшекаралық өзенін пайдалану арқылы Ресей – Қазақстан – Қытай мультимодальды транзиттік дәлізін құру жоспарлары, сондай-ақ авиациялық көлік саласындағы негізгі қадамдар, оның ішінде Қазақстанда авиатранзиттік хабтар құру туралы ақпарат ұсынылды. 

Талқылау барысында Премьер-Министр жол жұмыстарына битумның ішкі өндірісін жоспарлы түрде ұлғайту және жаңа жобаларға дайындық кезінде қолда бар көлемдерді алдын ала ескеру, сондай-ақ сапалы материалдарға көшу және жаңа цифрлық шешімдер арқылы көліктік бақылауды автоматтандыру қажет екенін айтты. 

«Бейнебақылау жүйелері жол жамылғысының сақталуын тиімді бақылауға мүмкіндік береді. Біз жаңа жолдар салып жатырмыз, ал олардың үстімен ауыр жүк көліктері жүреді. Мұндай фактілер өңірлерде кездеседі: салмағы 40 тонналық жіне одан да көп көлік жүреді. Мұндай көлік бірнеше ай жүргеннен кейін жаңа жолдың саудасы бітеді. Өңірлер әкімдіктері осы мәселеге жіті назар аударуы қажет» Әлихан Смайылов

Бұдан бөлек, ол отандық тауар өндірушілерді қолдау және қажетті мамандарды даярлауға мемлекеттік гранттар санын арттыру мақсатында салалық квазимемлекеттік компаниялардың («Қазақстан темір жолы», «Қазавтожол» және т.б.) оффтейк-келісімшарттарды пайдалануы маңызды екенін атап өтті.

Премьер-Министр Мемлекет басшысы көлік саласының ЖІӨ-дегі үлесін 9%-ға дейін жеткізу туралы нақты міндет қойғанын еске салды. Сондықтан еліміздің көлік және транзиттік әлеуетінің дамуын тежейтін барлық факторды алып тастау қажет.

«Саланың басты кедергілерінің бірі – шекарада және әуежайларда ұзаққа созылатын әкімшілік рәсімдер. Бізге осы мәселе бойынша да жұмыс істеу керек. Бүкіл Орта дәліз бойымен бір логистикалық тізбек құру үшін көршілес елдермен ақпараттық жүйелерді интеграциялау жөнінде келісіміміз бар» Әлихан Смайылов 

Оның сөзінше, жүргізіліп жатқан жол құрылысы жұмыстарының сапасы – бөлек мәселе. Атап айтқанда, Қарағанды, Алматы және Ақмола облыстары жергілікті жол желісінің сапасына әлі күнге 100% сараптама жүргізбеген. 

«Бұдан бөлек, кей өңірлер құрылыс-монтаждау жұмыстарын техникалық қадағалау тарапының бақылауынсыз жүргізеді. Техникалық қадағалаумен келісімшарттар кеш жасалады я мүлдем жасалмайды. Бұл жұмыстың сапасына тікелей әсер етеді» Әлихан Смайылов

Сондай-ақ Үкімет басшысы отандық өнеркәсіптің әлеуетін арттыру қажет екенін атап өтті. Ол битум және рельстен бастап тепловоздар мен ауыр жүк көліктерін жасап шығаруға дейін көлік саласының негізгі қажеттіліктерін қамтуға тиіс.

«Бұл мақсатта көлік және өнеркәсіп министрліктері, «Самұрық-Қазына» АҚ көлік саласының қажеттіліктерін ескере отырып, өнеркәсіпті дамытудың нақты жоспарларын құруы қажет» Әлихан Смайылов

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов 2024 жылдан бастап Каспийде паромдар құрылысын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды, стратегиялық кірме жолдарының мәселелерін пысықтауды, Көлік және логистиканы дамыту институтын құру мәселесін қарастыруды, инфрақұрылымдық автомобиль жолдары және теміржол жобаларына және т.б. қажет жерлерді резервте ұстауды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Көлік саласын дамыту маңызды басымдықтардың бірі екенін ескере отырып, аталған мәселелердің барлығын Үкімет отырыстарында кезең-кезеңмен қарастырамыз. Сала жылдам дамуда, көлік қызметтеріне сұраныс жоғары қарқынмен өсіп келеді. Еліміздің бұл әлеуетін уақтылы арттыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдау қажет» Әлихан Смайылов

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика