210 rob
Бүгін Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толады. Соңғы үш онжылдықта біз өзара құрмет пен сенімге негізделген берік әріптестік құра алдық, деп хабарлайды DKNews.kz.
1995 жылы Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаннан бастап 2020 жылы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) күшіне енгенге дейін біздің серпінді қарым-қатынасымыз ұзақ жолдан өтті.
Қазіргі уақытта КӘЫК экономика, сауда және инвестиция салаларынан бастап авиация, білім беру және зерттеу, азаматтық қоғам мен адам құқықтары саласындағы әріптестікке дейін ынтымақтастықтың 29 саласын қамтиды. Қазақстан мен ЕО КӘЫК-ты толық іске асыру мақсатында өзара тиімді екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға және нығайтуға берік ұстанымын сақтап отыр.
ЕО «Әділетті Қазақстан» тұжырымын ілгерілетуге бағытталған Қазақстанның маңызды саяси және экономикалық реформаларын, сондай-ақ 2022 жылғы қаңтар оқиғаларына толық және ашық тергеп-тексеру жүргізуге елдің бейілділігін толық қолдайтынын тағы да мәлімдейді.
Шикізат, аккумуляторлық батареялар мен жасыл сутектің тұрақты құн тізбектері жөніндегі стратегиялық әріптестік туралы жақында қол қойылған өзара түсіністік меморандумы жасыл және цифрлық технологияларға көшу үшін маңызды рөл атқаратын болады. Біз жоғары деңгейдегі байланыстарды кеңейтуді, парламенттік ынтымақтастықты тереңдетуді, іскерлік және адамдар арасындағы байланыстарды нығайтуды, сондай-ақ адам құқықтары мен заң үстемдігі жөніндегі диалогты жалғастыратын боламыз.
Қазіргі геосаяси тұрғыда біз БҰҰ Жарғысына, халықаралық құқыққа және егемендік пен аумақтық тұтастықтың қағидаттарына берік бейілділігімізді растаймыз. Бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудың, сондай-ақ дауларды дипломатиялық жолмен шешудің маңыздылығын атап өтеміз.
Біз ЕО мен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық үшін берік әрі болашағы зор негіз құруға, сондай-ақ өркендеудің, тұрақты және орнықты дамудың іргетасы болып табылатын Орталық Азиядағы өңірлік диалогты нығайтуға деген ұмтылысымызды тағы да растаймыз. Келесі қадам ретінде біз 2023 жылы Қазақстанда Алматы қаласында ЕО – Орталық Азия Экономикалық форумын өткізуді асыға күтеміз.
Қарым-қатынастарымыз үшін осы маңызды жылы біз мейлінше тығыз және жан-жақты ынтымақтастығымыздың болашағына сеніммен қараймыз. Оны Еуропалық Одақ пен Қазақстан халқының өзара игілігі үшін, сондай-ақ зор өңірлік тұрақтылық пен өркендеу жолында ілгерілетуге бел будық.
Источник: qazaq.asia