Қазақстан алкогольді таңбалау тәртібін өзгертеді: маңызды өзгерістер

Қазақстан алкогольді таңбалау тәртібін өзгертеді: маңызды өзгерістер

174 Арман

Фотосурет: el.kz

Күштілігі он екі пайыздан төмен әлсіз градусты ликер-арақ өнімдерінің қаңылтыр ыдысына есепке алу-бақылау маркаларын жапсыру бойынша өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды DKNews.kz. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

Қазақстан Республикасының «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңының 9-бабының 2-тармағына сәйкес қаңылтыр ыдыста күштілігі он екі пайыздан төмен әлсіз градусты ликер-арақ өнімдерінің айналымы рұқсат етіледі. Сонымен бірге, Салық кодексінің 172-бабы 2-тармағына сәйкес, толысылған шарапты және сыра қайнату өнімін қоспағанда, алкоголь өнімі есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалануы тиіс.

Қаңылтыр ыдысы (метал банкасы) үшін ыдыстың қақпағына есепке алу-бақылау маркаларын жапсыру бойынша талаптың орындалуы мүмкін емес, өйткені тұтыну ыдысын ашу кезінде есепке алу-бақылау таңбасының тұтастығын бұзу талабын сақтау мүмкін емес. Мұндай талаптар есепке алу-бақылау маркасын қайта пайдалануды болдырмау мақсатында белгіленген болатын.

Осыған байланысты ережеге қаңылтыр ыдыстың қақпағына есепке алу-бақылау маркасын жапсыру талабын алып тастайтын түзету енгізілді. Қаңылтыр ыдыста марка бүйірлік бетке жапсырылады және оның сәйкестендіру штрих-кодының ақпаратын оқылуды қамтамасыз етуі керек.

2023 жылғы 14 қарашада «Толысылған шарап (шарап материалын) және сыра қайнату өнімдерін қоспағанда, алкоголь өнімін есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалау (қайта таңбалау) қағидаларын, сондай-ақ есепке алу-бақылау маркаларының нысанын, мазмұнын және қорғау элементтерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 8 ақпандағы № 143 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика