«Қазақ романсиадасы»: Түркістанда романсты орындаушылардың ХХV өңірлік байқауы өтті

«Қазақ романсиадасы»: Түркістанда романсты орындаушылардың ХХV өңірлік байқауы өтті

196 rob

Фотосурет: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістанда ХХV «Қазақ романсиадасы» романс орындаушыларының аймақтық байқауы өз мәресіне жетті. Салтанатты шараға Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Сонымен қатар Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Романсиада» халықаралық байқауының идея авторы және ұйымдастырушысы Галина Преображенскаяға облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың атынан алғыс хат табыстады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы мен «Южный Казахстан» қоғамдық-саяси газетінің ұйымдастыруымен өткен өнер додасына Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан елінен 64 үміткер қатысып, байқау ережесіне сәйкес екі кезең бойынша бақ сынады.

Қазақ және орыс тілінде романс орындаған үміткерлердің өнеріне Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Романсиада» халықаралық байқауы идеясының авторы және ұйымдастырушысы Галина Преображенская, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры опера труппасының директоры, халықаралық сыйлықтардың лауреаты Азамат Жылтыргөзов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Шымкент опера және балет театрының директоры Майра Мұхаммедқызы, «Романсиада» халықаралық байқауының жетекші концерттік орындаушысы Оксана Петриченко, С.Айни атындағы Тәжікстан мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Шарофат Усманова, Өзбекстанның халық әртісі, Науаи атындағы Мемлекеттік академиялық Үлкен театрдың жетекші солисі Аваз Раджабов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі, Қазақ кәсіптік өнері кафедрасының доценті Гүлзат Бейсенқызы, Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының солисі, гала-концерт қонағы Эмиль Сакавов, Халықаралық байқаулардың лауреаты, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі, гала-концерт қонағы Береке Еңкебаева төрелік етті.

Қазылар алқасының шешімімен гран-при Назиров Отабекке (Ташкент) бұйырды. Сондай-ақ «Қазақ романсы» бағытында 1-орынды Байжұма Жұлдыз (Алматы), Әліш Бибарыс (Астана), 2-орынды Ахметов Мұхтар (Алматы), Құсайынова Аружан (Алматы), 3-орынды Қалдар Қадырбек Абдуллозода Шерзод (Душанбе), «Орыс романсы» бағытында бойынша 1-орынды Дүйсекеева Диляра (Көкшетау), Абдулла Саят (Алматы), 2-орынды Мұратқызы Салтанат (Алматы), Абдукодиров Мухаммад-Юсуф (Ферғана), 3-орынды Бейсеков Әлихан (Алматы), Амангелді Ердәулет (Шымкент) иеленді. «Романсиада аруы» номинациясымен Сағындықова Баянсұлу (Шымкент), «Романсиада үміті» номинациясымен Махамбет Ыбырай (Шымкент), Әбдіғаппар Дамир (Қызылорда) мен Жақсылық Нұрсәндібек (Қызылорда), «Романтикаға адалдығы үшін» номинацисымен Сарсенбаев Эльбрус (Ташкент), «Жарқын дауыс» номинациясымен Өткіров Кодиржон (Ташкент) марапатталды.

«Фараб» кітапханасының концерттік залында гала-концерт ұйымдастырылды. Байқау жеңімпазы желтоқсан айында Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласында өтетін халықаралық романс орындаушыларының қорытынды байқауына қатысады.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика