139 Арман
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар конкурсында Мегагрантты жеңіп алды. Грант сомасы 4 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бағдарлама Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) байланысты және Батыс Қазақстан өңіріндегі стратегиялық маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. Жоба үш жыл ішінде жүзеге асырылады. Осы кезеңде ғалымдар аймақтың тұрақты экологиялық-әлеуметтік-экономикалық дамуы, экология, су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау және басқару мәселелерінде шешім жолдарын табуы керек. Сондай-ақ, жобаға қатысушылар топырақтың құрамы мен сапасына талдау жүргізіп, техногендік бұзылулардан, су объектілерінің таяздануынан, атмосфералық ауаның мұнай өнімдерімен және улы химикаттармен ластануынан туындаған топырақ жамылғысының тозу деңгейін анықтауы тиіс.
Ғылыми жобаның жетекшісі, география ғылымдарының докторы Мәулкен Ақышқызы Асқарованың айтуынша, бағдарлама өте ауқымды және зерттеулер Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жүргізілетін болады.
«Өңірдегі экономикалық қызмет нәтижесінде эрозиялық процестердің, жайылымдық депрессия мен шөлейттену проблемаларының барын анықтау үшін зерттеулер жоспарлануда. Бағдарламаның мақсаты Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің тұрақты дамуын (УР) қамтамасыз ету бойынша кешенді зерттеулер жүргізу болып табылады» Мәулкен Асқарова
Бағдарламаның орындаушылары: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ, «У.М. Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институты» ЖШС, «Ө.О. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС, «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС, «Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті» КеАҚ, «Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті» КеАҚ, ҚР ЭБЖМ ОШЖДК «Ботаника және фитоинтродукция институты» ШЖҚ РМК, ҚР ҒЖБМ ҒК «Экономика институты» ШЖҚ РМК.
Жоба қатысушылары қордаланған мәселелерді зерделеу үшін шешімдер ұсынып, сапалы зерттеудің заманауи әдістерін қолданатын болады.
Источник: qazaq.asia