240 rob
Фотосурет: ҚР ДСМ
Қызылорда облысының Мырзабай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды. Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның шеңберінде биыл салынған 15 медициналық объектінің бірі, деп хабарлайды DKNews.kz.
«Егер ұлттың денсаулығы жақсы болса, қоғам тұрақты дамиды. Бұл, ең алдымен, медициналық қызметтердің қолжетімділігі, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен өңірдің елді мекендерінде 27 медициналық объекті салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 15 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Жаңа объекті ауылда медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға қызмет етсін», — деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев амбулаторияның ашылу салтанатында.
Ашылу барысында денсаулық сақтау саласының үздігі Абдолла Шуленбаев тұрғындарды құттықтап, бата берді. Ғимараттың ішінде тіркеу орны, дәріхана посты, қабылдау, изолятор, физиотерапиялық емдеу, егу бөлмелері, зертхана, мұрағат, күндізгі стационар, жалпы практика дәрігерінің кабинеті бар, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы жағдайлар жасалған.
Әкімдіктің мәліметінше, биыл облыс бюджеті 57%-ға өсіп, 609 млрд. теңгені құрады. Қаражаттың көп бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды. Оның ішінде денсаулық сақтауды дамытуға 138 млрд. 600 млн. теңге бөлінді. Қызылордада бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд. 900 млн. теңге болатын қан орталығы алдағы күндері пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 9 медициналық объектіде күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 объектіде жылыту газына ауыстырылды.
Жыл соңына дейін көпбейінді облыстық аурухананың жанынан 70 төсектік перинаталдық орталық, Досан кентіндегі медициналық пункт, Жаңақорған ауданындағы көпбейінді аудандық аурухананык базасында «Қамқорлық» балалар оңалту орталығы ашылады.
Источник: qazaq.asia