Қауіпсіздікті нығайту: азаматтық қорғау туралы жаңа заң жобасы не ұсынады?

Қауіпсіздікті нығайту: азаматтық қорғау туралы жаңа заң жобасы не ұсынады?

174 rob

Фотосурет: Т.Таныбаев / Мәжілістің Баспасөз қызметі

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде өткен жиынға Еділ Жаңбыршин төрағалық етті.

Ұсынылған түзетулер азаматтық қорғау саласындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған. Заң жобасын Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатымен Төтенше жағдайлар министрлігі әзірлеген.

Жоба туралы баяндама жасаған Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов 4 кодекс пен 17 заңға түзетулер енгізіліп жатқанын айтты. Олар азаматтық қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша оннан астам бағытты қамтиды. Сондай-ақ көп адамға арналған нысандарды және биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарды пайдалануға беру кезінде өрт бақылауын Төтенше жағдайлар министрлігіне қайтару көзделген.

Сонымен қатар өрт салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтірілген жағдайда адамдар жаппай болатын объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесін енгізу мүмкіндігі пысықталып жатыр Бауыржан Сыздықов

Бұдан бөлек оқыс оқиғалар туралы ақпаратты қабылдау мен өңдеудің бірыңғай тәсілі, төтенше жағдайлар қызметтерін басқару органдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелері жетілдірілетін болады. Ал Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарға азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалуын қамтамасыз ету құзыреті беріледі деп жоспарланған.

 Бауыржан Сыздықов заң жобасында ұйымдарға жеке өндірістік бақылау қызметін құру, қауіпті өндірістік объектілерді жаңарту және техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын келісу міндеттері жүктелетінін айтты. Туристер мен экскурсанттар Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдарына алдағы саяхат бағыттары туралы хабарлауға міндетті болады.

Талқылау барысында комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин техногендік сипаттағы зілзалалардың қаупі мен алдын алу шараларына да мән беру қажеттігін айтты.

Бұрын әр кен орнында сейсмикалық жағдайды бақылап отыратын мониторинг болды, арнайы бақылаушы құрылғылар тұрған. Кейін оның бәрін алып тастады, сондықтан қазір мұнай кен орындарында не болып жатқанын білмейміз. Тенгизде 4 балдық техногендік жер сілкіністері жиілеп кетті. Мендегі мәліметтер осыдан он жылдай бұрын жасалған, дегенмен әлі де өзекті деп айтуға болады. Біз мұнай-газ саласы ғана емес, уран, мыс, көмір өндіреміз деп жер қойнауының біразын қазып тастадық. 4 балл көрсетіп тұрған жер бір мезетте 9 балл болып, түсіп кетуі мүмкін. Ондай жағдайлар, Өзбекстанда, Ресейде орын алды. Сондықтан бұл – өте қауіпті мәселе, оны да осы заңның аясында жақсылап қарауымыз керек Еділ Жаңбыршин

Отырысқа қатысқан өзге де депутаттар заң жобасына қатысты нақтылау сұрақтарын қойып, құжатты жетілдіру бойынша ұсыныстарын айтты.

Заң жобасын талқылау жұмыс тобында жалғасады. Оған Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин жетекшілік етеді.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика