Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы: жұмысшылар, жұмыс берушілер және мемлекет үшін жаңа перспективалар

Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы: жұмысшылар, жұмыс берушілер және мемлекет үшін жаңа перспективалар

135 rob

Фотосурет: Үкіметінің Баспасөз қызметі

ҚР Үкіметінің кезекті отырысында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Аталған тақырып бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндама жасады.

Министрдің сөзінше, Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасындағы 2024-2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжатта жұмыскерлердің еңбек ету сапасын арттыру және еңбек ресурстарын үнемдеу шаралары көзделген. Осыған орай еңбекті қорғауды басқару саласындағы қазіргі жағдайды және әлемдік тәжірибені талдау арқылы жұмыскерлердің еңбек жағдайларын жүйелі жақсартудың жаңа тәсілдері ұсынылған.

Жалпы тұжырымдама еңбекті қорғауды басқару жүйесін дамытудың келесі төрт негізгі бағытын көздейді:

  • тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту;
  • жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелді төмендету шараларын экономикалық ынталандыру;
  • кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту;
  • еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторинг тиімділігін арттыру.

«Өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулар – қауіпсіз еңбектің негізгі көрсеткіштері. Жыл сайын осындай көрсеткіштердің өсу үрдісі сақталатыны байқалып отыр. Ресми статистика бойынша 2022 жылы өндірісте зардап шеккендердің саны 2021 жылмен салыстырғанда 15%-ға, ал кәсіптік аурулар 8%-ға өскен» Светлана Жақыпова

Өндірістік жарақаттар мен кәсіптік аурулардың себептері: зиянды жағдайларда яғни санитариялық-гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтін жағдайларда жұмыс істеу, ауыр еңбек, қауіпті жабдықтар. Аталған мәселелерді ескере отырып, еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғыртуға арналған келесі шаралар іске асырылады:

Біріншіден, еңбек жағдайларын жаңаша жіктеу мен бағалауды нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету. Бұл арқылы өндірістегі зиянды факторлардың кешенді әсері анықталмақ.

Екіншіден, кәсіптік тәуекелдерді бағалау бойынша мамандандырылған ұйымдарға зертханалар мен жабдықтарды аккредиттеу; кәсіптік тәуекелдерді бағалау сарапшыларын сертификаттау; Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесін интеграциялау және бағалау нәтижелерін мобильді қосымша арқылы тапсыру бойынша талаптар қою.

Үшіншіден, сапасыз бағалау нәтижелері анықталғанда, тізілімнен шығару, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесінде автоматтандырылған мониторинг арқылы мамандандырылған ұйымдардың жауапкершілігін белгілеу.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің сөзінше, әрбір қауіпті факторға сәйкес жеке қорғаныш құралдарын бөлу мен саралаудың матрицалық әдісін қолданып, жұмыс берушінің ЖҚҚ таңдауы жеңілдейді. Бұл сондай-ақ қолданыстағы үлгілік нормалардан кетіп, жұмыскерлердің нақты жұмыс орнындағы тәуекелдерге сәйкес қорғау құралдарымен қамтылуына мүмкіндік береді.

«Тәуекелге бағдарланған еңбек жағдайларына мониторинг жүргізу ақпараттық жүйелері интеграцияланады және толыққанды цифрландырумен сүйемелденеді. Қазіргі таңда Кәсіпорындардың цифрлық картасы жасалды, сондықтан 2024 жылғы 1 шілдеден бастап нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларына мониторинг жүргіледі» Светлана Жақыпова

Еңбек қауіпсіздікке жұмсалған шығындар зиянды өндірістегі жұмыскерлерге әлеуметтік кепілдіктер берумен көбірек байланысты. Осыған 2022 жылы жұмыс берушілер 227 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Жалпы соңғы 3 жылда бұл шығындар 47%-ға өсті.

Қазіргі әлеуметтік кепілдіктер нақты еңбек жағдайларын ескермейді және жұмыс берушілерді бұл бағытта ынталандырмайды. Сондықтан қазіргі уақытқа дейін ескірген жұмыскерлерге кепілдік берудің тізімдік тәсіліне негізделген әлеуметтік қорғаудың өтемақы моделі қолданылады. Ол аз дегенде жұмыс берушілердің жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыруға ынтасы төмен. Оның айқын дәлелі – бүгінгі таңдағы жұмыскерлердің тек 54%-ы ғана сақтандырылған.

«Кепілдіктер беру тетігін күрт өзгерту шаралары аясындаоның түрлері мен көлемдерін айқындаудың жаңа тәртібі, оның ішінде кәсіби тәуекелдерге сәйкес тағайындаудың проактивті форматын белгілейміз» Светлана Жақыпова

Светлана Жақыпованың айтуынша, жұмыс берушінің еңбек жағдайларын жақсартуға ынтасын арттыруға арналған жаңа қаржы-экономикалық шараларды енгізу қажет. Осыған байланысты шығындар түрлері бойынша онлайн-қосымша енгізіле отырып, еңбекті қорғауға арналған шығындарды экономикалық жоспарлаудың, сондай-ақ оның тиімділігін бағалаудың әдістемелік тәсілдері әзірленбек. 

Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесінің профилактикалық шараларының кеңейтілуі тарифтің нормативтік негізделігін, сақтандыру сомасының сәйкестігін, тәуекелді белгілеу үшін деректердің толықтығын қамтамиды. Осы шаралар арқылы жұмыскерлер атаулы мен жүйелі берілетін кепілдіктермен толық қамтамасыз етіледі, ал жұмыс берушілер еңбек жағдайларын жақсарту үшін бюджет тиімділігін арттырады. 

Өндірістік жарақаттану себептерінің бірі – қауіпсіз еңбекке оқытудағы кемшіліктер, білікті кадрлардың тапшылығы, оқу орталықтарының сапасы үшін жауапкершіліктің болмауы болды. Өткен жылда аталған мәселер 20% жазатайым оқиғалардың себебі болған. Бұл салада жүйелі есеп жүргізілмейді, сондықтан еңбекті қорғау жөніндегі мамандардың санын бақылауға, олардың білім деңгейіне баға беру мүмкін емес.

Осыған орай онлайн-платформа құра отырып, еңбекті қорғау бойынша оқыту рәсімдері және білімді тексерудің ара-жігін ажырату жоспарланып отыр. Оқу орталықтарына қойылатын талаптар күшейтіледі, Бірыңғай оқу-әдістемелік орталық құрылады, оның функцияларының бірі білімді тексеру үшін үлгілік оқу бағдарламалары мен бақылау мәселелерін әзірлеу болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәлімдеуінше, жаңалықтардың бірі – еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік және техникалық инспекторларды, өндірістік кеңестердің басшылары мен мүшелерінің міндетті түрде біліктілігін арттыру.

«Сонымен қатар еңбекті қорғау саласында білім алуға деген қызығушылықтың төмендігі байқалады. Жыл сайын мыңға жуық талапкер “Өндірістегі гигиена және еңбекті қорғау” бағытын таңдайды, кейін бұл білікті кадрлардың тапшылығына әсер етеді» Светлана Жақыпова

Министрдің сөзінше, аталған проблеманы реттеу үшін еңбек қауіпсіздігі жөніндегі инженер мамандығының имиджін арттыруға бағытталған, оның ішінде білім беру гранттарының көлемін ұлғайта отырып, кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында бірқатар іс-шара ұсынылады.

Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуде маңызды рөл республикадағы еңбек жағдайының мониторингіне беріледі, ол көрсеткіштерді мемлекеттік және ведомстволық статистикалық есепке алу, мемлекеттік, қоғамдық және ішкі бақылау арқылы іске асырады. С. Жақыпованың айтуынша, өкінішке қарай, есеп пен бақылаудың бұл түрлері арасында өзара байланыс пен бірлескен жұмыс жоқ.

Бүгінгі таңда еңбек жағдайларының жай-күйі туралы сенімді статистикалық ақпарат жоқ, кәсіпорындардың мемлекеттік және қоғамдық бақылаумен қамтылуы төмен. Бақылау субъектісін таңдау алдыңғы тексерулердің нәтижелері және кәсіпорын қызметінің түрі бойынша қолмен жүзеге асырылады. Еңбекті қорғау саласындағы бақылау мен мониторингтің тиімділігін арттыруға арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйелер цифрлық платформа және кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың мобильді қосымшасы арқылы жүзеге асырылатын болады. Ол үшін еңбек жағдайларының жай-күйінің көрсеткіштері жаңартылады, деректерді жинау жүйесі оңтайландырылады, жалпы еңбекті қорғау жөніндегі мемлекеттік және ведомстволық статистиканың нысандары қайта қарастыралады.

Түрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді салыстыру арқылы алдын ала мемлекеттік бақылау тетігі енгізілетін болады. Жазатайым оқиға фактісі бойынша кәсіпорындарда кәсіптік тәуекелдерді бағалау нәтижелеріне сараптама енгізіледі. Бұл мемлекеттік бақылау мен мониторингті жоғары тәуекел аймақтарына шоғырландыруға, алдын алу шараларын уақытылы қабылдауға және жағымсыз салдарларды болдырмауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік еңбек инспекторларының, сондай-ақ қоғамдық бақылауды жүргізу бойынша кәсіподақтардың өкілеттіктерін күшейту оң нәтижесін беретін болады. Зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қорғаудың қосымша тетіктерін енгізу аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы әлеуметтік төлемдер енгізіледі. Аталған төлемдерге жұмыскерлер 55 жасқа толған және олар үшін кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған кезде құқылы болады. Төлемнің негізгі шарты – еңбек жағдайлары зиянды жұмысты тоқтату. Мұндай жұмыскерлер үшін жұмысқа орналастыру шаралары ұсынылатын болады. 

Арнаулы әлеуметтік төлем төрт қаржы көзінен жүргізілетін болады:

  • 2 ең төменгі күнкөріс деңгейінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;
  • зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінде сақтандыру төлемі;
  • жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінде кәсіптік төлем;
  • жинақтарды ескере отырып, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемі.

Жұмыскер зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлем алады.

«Тұжырымдаманың іске асырылуы әлеуметтік әріптестік тараптарының барлығына да оң нәтиже береді. Жұмыскерлер үшін өмір сүру сапасын жақсарту мен денсаулығын сақтау маңызды, жұмыс берушілерге – қауіпсіз жұмыс орындарын құру және еңбек өнімділігін арттыруға экономикалық қызығушылықты өсіру. Мемлекет үшін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру маңызды» Светлана Жақыпова

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика