395 Awrora
15 ақпанда Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 34 жыл толады. Сұм соғыс жылдарында қарсы келген жаудан жасқанбаған интернационалист жауынгерлер бұл күнде ортамызда жүр.
Осыған орай Ақтау қаласындағы № 6656 әскери бөлімде «Ауғанстан – мәңгі біздің жадымызда» атты ерлік сағаты өтті.
Ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылғанына 34 жыл толуына орай өткізілген шараға әскери бөлімнің ардагерлері, жауынгер-интернационалистер запастағы капитан Бауыржан Онаев, запастағы сержант Дарбек Абдулхаликов, запастағы капитан Оразбек Ниязбеков, старшина Ержан Буралхиев, майор Аман Кашаков қатысты. Олар өткен жылдардан
естеліктер айтып, сарбаздар сұрағына жауап берді.
Сондай-ақ, кездесу барысында 6656 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік – құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Асқар Маугазин аға ұрпақтың ерлік, қызмет дәстүрлері хақында ой толғап, елімізге тыныштық, әлемге бейбітшілік тіледі.
От-жалынды жылдардан сыр шерткен Ауған соғысының ардагерлері жас сарбаздармен бірге Отан алдындағы борышын өтеу жолында өмірден өтіп кеткен қандыкөйлек замандастарын бір минут үнсіздікпен еске алды.
— Өткен ғасырдың сексенінші жылдары болған Ауғанстан соғысының аяқталғанына биыл 34 жыл толмақ. Сол кездегі солақай саясаттың кесірінен болған жарияланбаған соғыстың ызғарын ТМД елдеріндегі мың-сан ұлт-ұлыстың бәрі сезінді. Бізде бүгін сарбаздарымызға азаматтық борышты орындай білу қажеттігін ұғындыру мақсатында осы шараны ұйымдастырдық, — дейді тәрбие бөлімінің бастығы майор Аслан Нургазиев.
Шара барысында тарихи деректерден сыр шертер бейнефильм көрсетілді. Сондай — ақ іс-шараға №7 мектептің оқушыларыда қатысып концерттік бағдарлама қойылып, бейбіт өмірдің бақытты ұландары ардагерлермен естелікке суретке түсті.
Капитан
Ертуған Әубакир
Источник: qazaq.asia