359 rob
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5546 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Атырау қаласындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүріп, жоғалған баланы тауып ата — анасына табыстады.
Оқиға ағымдағы жылдың 28 – қаңтары күні сағат 19.30 шамасында орын алған. Қалада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген ұландықтарға Атырау қаласының «В» есімді тұрғыны келіп, өзінің 7 жасар баласының үйден шығып кетіп қайта келмегенін айтып, сыртқы киім үлгісін бейнелеп береді. Осындай ақпаратты естіген ұландықтар барлық әскери жасаққа бағдарды жеткізіп дереу іздеуге кіріседі.
Осы күні сағат 19.50 шамасында «Жеңіс» саябағының қасында өздерінің жауынгерлік қызметтерін атқарып жүрген әскери жасақ бастығы Дінмұхаммед Жақсылық, патрульші қатардағы Қуандық Жансерік пен Данияр Боранбай «Жеңіс» саябағынан, әскери жасақ кезекшісі берген бағдарға ұқсас баланы байқап қалып қасына келіп сұрау жұмыстарын жүргізгенде, баланың адасып кеткенін анықтайды.
Әскери жасақ бастығы қатардағы Дінмұхаммед Жақсылық әскери жасақ кезекшісіне баяндап, баланың әкесіне хабарласып баласының табылғаны туралы айтады.
Оқиға орнына жылдам жеткен баланың ата — анасы, баласын көріп қатты қуанып, ұландықтарға алғысы шексіз екендігін жеткізеді.
Капитан, Ертуған Әубакир
Источник: qazaq.asia