Домой Қазақша Атаулы күнге арналған футбол жарысы

Атаулы күнге арналған футбол жарысы

150
0

Атаулы күнге арналған футбол жарысы

275 rob

Инженерлік әскерлер күніне орай 02352 әскери бөлімінің бастамасымен Аягөз гарнизондағы әскери бөлімдер арасында шағын футболдан жарыс ұйымдастырып, бөлім командирінің кубогын сарапқа салды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Іс-шарада әскери бөлім командирі майор Азамат Шайсұлтанов жеке құрамды мерекемен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мерекелік күнге жоспарланған футбол ойыны «Оңтүстік» әскери қалашығындағы спорт кешенінде өтті. Мұндай спорттық жарыс жеке құрамның дене шынықтыру деңгейін арттыру мен әскери ұжымдарда бірлікті нығайтуға ықпал етеді дейді ұйымдастырушылар.

Аталмыш жарысқа жалпы он бір команда қатысып, қызықты ойын өрнегін көрсете білді. Жарыс қорытындысы бойынша бағы мен баптары келісіп, мықтылықтарын дәлелдеген Жол-пайдалану учаскесі (ДЭУ-25) командасы бірінші орынды иеленсе, екінші орынды танк бригадасының командасы еншіледі. Ал, жүлделі үшінші орынды Аягөз қаласының №13 өрт сөндіру бөлімінің командасы қанағат тұтты.

Сонымен қатар, жарыстың «Үздік қақпашысы» болып сержант Мерген Амирбаев атанса, «Үздік ойыншы» номинациясын Нұрлан Кишымбаев жеңіп алды. Ал, қатысушылар арасында топ жарып, қарсылас қақпасынан сан мәрте саңылау таба білген сержант Медет Омаров «Үздік шабуылшы» иегері болып, көрермен көзайымына айналды.

— Бүгінгі төл мейрамымыз — инженерлік әскерлер күніне орай шағын футболдан жарыс ұйымдастырудамыз. Сайыс өте тартысты қызық өтуде. Бұл мерекемізде жеке құрамды спорттық тұрғыда серпілтсек, алда әлі мерекелік концерттік бағдарламалар мен марапаттау шаралары бар. Сондай-ақ осы сәтті пайдалана отырып Қарулы күштеріміздегі барша инженерлік әскерлер жеке құрамын кәсіби мерекемен құттықтаймын, — деді 02352 әскери бөлім командирі майор Азамат Шайсұлтанов.

Тартысты доданың жеңімпаздары мен үздіктері қалалық мәдениет үйінің төрінде инженерлік әскерлер күні құрметіне ұйымдастырылған мерекелік шарада марапатталды. Жеңімпаз командаға бөлім командирінің кубогы табысталып, жүлделі орын алған және үздік ойыншыларға медальдар мен мақтау қағаздары табыс етілді. Сонымен қатар бірінші, екінші, үшінші орын алған командаларға ақшалай сыйлықтың сертификаты тарту етілді.

Источник: qazaq.asia

Если вы хотите поддержать Kokshetau.asia, то вы можете сделать перечисление на любую сумму