251 Awrora
Елордада әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жөніндегі қызметтердің 2022 жылғы қызметі қорытындыланды. Кеңес барысында өткізілген іс-шаралар туралы есептер тыңдалып, болашақта атқарылатын жоспарлар талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Әскер түрлері мен тектері және өңірлік қолбасшылықтар әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызметтердің басшылары күнделікті қызметтегі негізгі күш-жігер отбасындағы әлеуметтік әл-ауқат пен моральдық ахуалды мониторингтеуге бағытталғанын жеткізді. Жас және көп балалы отбасыларға, отбасылық дәстүрлерді нығайтуға, балаларды қолдауға және әскери қызметшілердің мәдени демалысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінетіні айтылды.
Әскери қызметшілер арасында рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарды нығайту жөніндегі жұмысты жандандыру қажеттігін Қарулы күштер әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Тәтігүл Смағұлова да атап өтті.
Ол: «Отбасы қашанда отансүйгіштіктің негізі болып табылады, яғни бұл әрбір Отан қорғаушының кәсібилігі, тәртібі мен жауынгерлік дайындығы деген сөз. Біздің ортақ іс-әрекетіміз жауынгерлерді жақындарына деген сүйіспеншілік пен адалдық, қамқорлық пен құрмет сияқты қасиеттерге тәрбиелеуге бағытталуы керек» деді.
Іс-шараға тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы генерал-майор Серік Борамбаев қатысты. Кеңес барысында әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыстың неғұрлым тиімді нысандарының тәжірибесі талқыланды, сондай-ақ жағымсыз құбылыстардың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету бойынша ағымдағы жылғы іс-шаралар жоспарланды.
Источник: qazaq.asia