259 rob
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының әскери базасында батальон буынының офицерлері арасында «Үздік батальон командирі», «Үздік штаб бастығы», «ТжӘҚЖ бойынша батальон командирінің үздік орынбасары» және сержанттар арасында «Үздік взвод сержанты», «Үздік бөлімше командирі» атағына байқау-конкурстың соңғы 3 кезеңі басталды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл байқау 2023 жылдың 14 желтоқсанына дейін жалғасады. Оған әскери бөлімдер мен өңірлік қолбасшылықтарда алдыңғы екі кезеңде конкурстық іріктеуден өткен 16 офицер мен 15 әскер сержанты қатысады.
Байқаудың ашылуында генерал-майор Бауржан Әбжанов қатысушыларға сәттілік тілеп, сөз сөйледі:
– Қызметтік-жауынгерлік міндеттерді сәтті орындау көбінесе командирлердің кәсібилігіне байланысты. Атақты қолбасшы Бауыржан Момышұлы «Командир әділдікпен шешім шығарып, қарамағындағыларға адал қызмет етудің үлгісі болуы керек» деп айтқан болатын. Бүгіннен бастап сіздер аттестаттаудан өтесіздер, тестілеу мен жазбаша сынақтарды тапсыру кезінде парасаттылықты көрсетулеріңіз керек. Баршаңызға сәттілік тілеймін, өз номинацияларыңыз бойынша мықтылардың жеңіске жететініне сенімдімін, – деді ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауржан Әбжанов.
Өңірлік бөлімшелерінде «үздік» деп танылған офицерлер мен сержанттардың білімі мен дағдылары мынадай оқыту пәндері бойынша жеке даярлық бөлінісінде тексерілетін болады: мемлекеттік-құқықтық даярлық, қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы, атыс даярлығы, дене шынықтыру даярлығы, жалпыәскери жарғылар, РХБ қорғау, мемлекеттік тілді және басшылық құжаттарды білу.
Байқау-конкурс өткізілген үш күннен кейін санаттар бойынша жеңімпаздар Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының құқығымен арнайы дипломдар және кубоктармен марапатталады.
Источник: qazaq.asia