«Астана Балет» театрында хореография өнерінің үздік үлгілері көрсетіледі

«Астана Балет» театрында хореография өнерінің үздік үлгілері көрсетіледі

273 Awrora

«Астана Балет» театры 3-4 ақпанда «Бір актілі балеттер кешін» өткізіп, театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри қойған «Саломея» мен Рикардо Амарантенің «Longing» балетін көрсетпекші. Көрермен қауым эмоцияға бай пластика мен көркемдік безендірудегі минимализмге куә болады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кештің бірінші бөлімінде еліміздің көрермендері үшін етене таныс Рикардо Амарантенің «Longing» аты туындысы көрсетіледі. Жалпы, оның туындылары театр репертуары мен концерттік және гастрольдік бағдарламаларына берік енгенін айта кеткен абзал. Бұл туындысында хореограф махаббат, ыстық сезім, жаныңа жақын сыңарыңды іздеу мәселесін қозғайды. Балет неоклассикалық мәнерде жасалып, аргентиналық композиторлар Астор Пьяццолла мен Пабло Циглердің музыкасына қойылған. Бұл шығармасында хореограф адамзат баласының арасындағы қарым-қатынас жайлы мәңгілік сұраққа жауап іздеп көрді.   

Кештің екінші бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри қойған «Саломея» бір актілі балетін тамашалай аласыз. Кесірлі сезім, күнә мен азғындық жайлы драма Оскар Уайльд пьесасының желісімен қойылған. Мұнда әр детальдің өзі символизмге бай. Әр қимылы – тұнған драматургия. Мұнда бояу мен жарық контрасты әдемі ойнатылады. Ал көркем музыка жаныңызды тебірентіп, ұзақ уақыт құлақтан кетпес.

Композитор Фазыл Сайдың музыкасы ықшам безендірілген сахна кеңістігін қамтып, бишілердің тәніне қуат дарытқандай болады. Көрермен қауым бас кейіпкерлердің қарама-қайшылыққа толы күрделі бейнесі арқылы адам жанының құпиясына үңіліп, бәлкім, өзіне тән қылықтарды тануы ғажап емес. Ықылым заманнан бері қалыптасқан салт бойынша жан-тәніңді тазартар жалғыз ғана құдірет – махаббат болмақ. Нақтырақ айтсақ, одан күткен үмітің.

«Інжілдегі әпсана – иудей патшасы Саломейді «Жеті жамылғы» биін билеп азғырған өгей қызы жайлы баяндайды. Мұның ақысына ол пайғамбардың басын шабуды сұраған. Бұл тақырып көне заманнан бері талай суретшінің, ақын мен жазушының жанын мазалаған. Алайда, бұл хореографиялық интерпретацияда мағыналық салмақ өзгешелеу. Бұл – балет-трагедия емес, қарапайым дүниелер – жақсылық пен зұлымдық жайлы, екеуінің арасындағы көзге ілінбес қыры жайлы толғау деуге болар», — деген ойымен бөлісті, хореограф Мукарам Авахри.

Балет графикалық пластика мен шығыс мәнерінде қойылған. Тағы бір ерекшелік, мұнда биді орындаудың түрлі әдістері қолданылған – пуантамен және жалаң аяқ билеу.

«Бұл спектакль сюжеттік иірімдерімен, ғажайып пластика және актерлік ойын шеберлігімен тартымды. Қойылым барысында залда мүлгіген тыныштық орнап, сахнадағы көріністен көз алмаған көрермен қойылым соңында ду қол шапалақтап, осындай театр жауһарын паш еткен актерлерге құрметін көрсетеді. Жуырда Грузияда өткен гастроль барысында да бәрі таңданып, Лондондағы Ковент-Гарденде өткен көрсетілім кезінде де балет сыншылары мен британдық баспасөз құралдары осы туынды жайлы жарыса жазған болатын», — деп атап өтті театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика