139 rob
Фотосурет: Т.Таныбаев/ Мәжілістің Баспасөз қызметі
Мәжілісте кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түзетулер таныстырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиын Қаржы және бюджет комитетінде вице-спикер Дания Еспаеваның төрағалығымен өтті.
Отырысқа Мәжіліс депутаттарымен қатар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық банк, Қаржы министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысты.
Дания Еспаева заң жобасы Мемлекет басшысының биылғы жолдауы мен «Экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар туралы» жарлығын іске асыру мақсатыменәзірленгенін айтты.
– Соңғы 2 жылда тұтынушылық кредиттердің өсу қарқыны байқалады. 2021 жылғы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 5,8 трлнтеңге болса, 2023 жылғы 1 қарашада оның көлемі 12,9 трлн теңге болды, яғни өсім 2 еседен асады. Кредит беру көлемінің артуымен қатар проблемалы қарыз алушылардың да саны 1 млн 200 мыңнан 1млн 600 мыңға дейін ұлғайды, – деді Д.Еспаева.
Осыған байланысты Мәжілісте халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған Парламенттік тыңдау өтті. Оның негізінде онлайн-кредит беру шарттарын қатаңдату және проблемалы қарыз алушылармен жұмыс жөнінде ауқымды ұсыныстар әзірленді.
Заңнамалық түзетулер бойынша Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мәди Тәкиев баяндама жасады. Ол заң жобасын әзірлеу кезінде депутаттар негізгі жеті бағытты қамтығанын атап өтті. Біріншісі – қарыз алушы несиелерінің өсуіне жол бермеу.
– Проблемалық несиелері бар азаматтардың борыштық жүктемесінің артуына жол бермеу үшін, біріншіден, несиелер мерзімі 90 күннен асатын болса, кепілсіз тұтынушылық несиелер беруге тыйым салу ұсынылып отыр. Екіншіден, мерзімі 90 күннен асқан берешегі бар тұлғаларға қарыздары бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу. Өйткені мұндай азаматтар қиын өмірлік жағдайға тап болғандықтан қарызды қайтара алмайды, – деді М.Такиев.
Сондай-ақ Үкіметтің ұсынысымен коллекторлық ұйымдарға жеке тұлғаларға несие сатуға шектеу қою жоспарланып отыр. Оған өсімпұлдар, комиссиялық және басқа да төлемдер жойылмаған, проблемалық берешекті шешу рәсімдері аяқталмаған және мерзімі өткен күннен бастап 24 ай өтпеген несиелер жатады. Бұл ретте депутаттар аталған несиелерді сатуға толық тыйым салу туралы ережені пысықтап жатыр.
– Нормадан бас тартуға банктер мен микроқаржы ұйымдары лобби жасады деп болжауға болады. Несие қарыздарын коллекторларға беру арқылы олар портфелін жасанды түрде тазартады, осылайша реттеуші үшін олардың стандарттарына сәйкес келеді. Бүгінде коллекторлар портфелінде 800 мыңнан астам проблемалық қарыз алушы бар, оның 670 мыңы микроқаржы ұйымдарынан қарыз алғандар.Заң жобасымен алдағы жұмыс барысында депутаттар бастапқы норманы қабылдауды талап етеді, –деді вице-спикер.
Мәди Такиевтің айтуынша, бірінші бағыт аясында тұтынушылық несие тұжырымдамасын енгізу және нормативтік деңгейде оның шекті мәнін банктер үшін – 5 миллион теңге, микроқаржы ұйымдары үшін – 2 миллион теңгеге дейін шектеу ұсынылып отыр.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында баспанасынан шығаруға тыйым салынбақ. Сондай-ақ банк омбудсменіне азаматтардың барлық (тек ипотекалық емес) несиесі бойынша дауларды шешуді міндеттеу ұсынылады, бұл ретте оның шешімдері банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар үшін міндетті болады.
Заң жобасында азаматтардың несиелер бойынша банкроттық рәсіміне қол жеткізуін жеңілдету, сондай-ақ алаяқтықты азайту да қамтылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының банктердегі стресті активтер деңгейін төмендету, бизнестің несиелендіруқолжетімділігін, оның ішінде бірлескен және синдикатталған несиелеу тетіктерін пайдалану арқылы кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталғанбөлімдер бар.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар нақтылау сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Депутат Ержан Бейсенбаев онлайн несие алу барысында банк тарапынан тұтынушының несие алу мақсатын нақтылауды және Face IDқызметін міндеттеуді баса айтты.
Ал Дәулет Мұқаев онлайн несиенің шектік мөлшерін төмендетуді ұсынды.
– 140-150 мың айлық алатын адамды мысалға келтірейік. «Отбасы банктен» баспана аларда оның бүкіл табысы, жағдайы, зейнетақы шоты тексеріледі. Сөйтіп үй алуға табысы жетпей қалады. Ал осы адамдар онлайн несие немесе екінші деңгейлі банктерден несие аларда ондай кедергі болмайды, – деді Д.Мұқаев.
Сондықтан депутат заң жобасындағы кепілсіз тұтынушылық кредиттің ең жоғары сомасын шектеу туралы норманы онлайн-оффлайн деп екіге бөлу қажет деді.
Заң жобасын талқылау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады. Оған Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев жетекшілік етеді.
Источник: qazaq.asia