193 rob
Фотосурет: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Астана қаласының Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында танымал композитор, Қазақстан Қарулы күштерінің запастағы майоры Қайрат Жүнісовтің «Менің өмірбаяным» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының өкілдері, «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері, композитордың әріптестері, достары мен туыстары қатысты.
Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов сахна төріне көтеріліп, Қайрат Жүнісовке қорғаныс ведомствосы басшысының құттықтауын жеткізді.
Биыл Композиторлар Одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Жүнісовтің мерейтойы. Ол 1963 жылы 11 наурызда Жамбыл облысының Байқадам ауылында дүниеге келген. Қайрат Қаратайұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Президенттің Құрмет грамотасымен және Қазақстан Жастар одағының сыйлығымен марапатталған.
Қазақстандықтар сазгердің «Қарындасыма», «Қыз-қызғалдақ», «Фарида», «Қобызым», «Алматының түндері-ай» әндерімен жақсы таныс. Оның хитке айналған көптеген әндері радио-телеарналарда жиі орындалып тұрады. Кешегі кеште Қайрат Жүнісов «Ауылым алтын мекенім» атты жаңа әнінің тұсауын кесті.
Композитор түрлі жанрда ән жазады. Әйтсе де әскери тақырыпты оның жанына жақын деуге болады. Өйткені ол саналы ғұмырыының отыз жылдан астам уақытын әскери қызметке арнады. Әскери қызметшілер үшін Қайрат Жүнісов «Еркіндік сүйген егемен елім», «Ант етемін», «Сарбаз әндері» және «Жауынгер әндері» жинақтарын шығарды.
Бүгінде Қайрат Қаратайұлы Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблі бастығының орынбасары қызметін жалғастыруда. Ол «Сарбаз сахнасы», «Жас сарбаз», «Әскери өнер салтанаты» жобаларының, Қорғаныс министрінің жүлдесі үшін өтетін әскери музыка байқауының, Қорғаныс министрлігі шығармашылық ұжымдарының, түркітілдес елдер қарулы күштерінің халықаралық музыка және би фестивалінің бастамашысы. Мұның барлығы қатысушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және жаңа таланттарды ашуға оң ықпал етіп келеді.
Іс-шара соңында еліміз Қарулы күштерінің әнұранына айналған Қайрат Жүнісовтың «Егемен Қазақстан әні орындалды.
Источник: qazaq.asia