Арманы орындалған азамат

Арманы орындалған азамат

223 rob

Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Әскери қызмет – әрбір ер-азаматтың Отан алдындағы парызы.

Біздің елімізде ерлік пен әскери қызмет қарапайым халық арасында ерекше құрметке ие. Отанымыздың тәуелсіздігін, қоғамның тыныштығы мен  әл-ауқатын қорғау ерекше абырой мен зор сенімді талап етеді. Ғасырлар бойы біздің халқымызда «Отан қорғаушы» сөзі адамгершілік мағынасында құрмет пен қасиетті иеленіп келеді. Отан қорғаушылар бойында патриотизм мен халқына адал қызмет ету қасиеттері кеңінен таралған. Себебі елдегі тыныштықты сақтау олардың бойларына туа біткен дарын десек те болады. Ал сол  қоғамның тыныштығын сақтау үшін еліміздің әрбір өңірінде  арнайы жасақтар қызмет етуде. Осы орайда, Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонының бірінші рота командирі капитан Мақсат Қуанышевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Мақсат Байларұлы, оқырмандарға өзіңіз жайлы ақпарат бере кетсеңіз…

– Мен 1994 жылы 2 шілдеде Түркістан облысы Леңгір қаласында дүниеге келгенмін. Отбасында үш ағайындымыз, мен ортаншысымын. Алдымда арқа сүйер ағам, маған қарап бой түзейтін інім бар. Әкем әскери адам, ал анам үй шаруасындағы жан болатын. Мен Леңгір қаласында мектепке барып, 2012 жылы сол мектептің түлегі атандым. Қазіргі уақытта Орал қаласында әскери қызметте жедел мақсаттағы батальонның бірінші рота командирі болып қызмет атқарамын. Сонымен қатар өзім бір ұл бір қыздын әкесімін.  Жалпы бала кезімнен әскери отбасынан шыққан соң, әкемнің  жолын қуып, әскери сала маманы болғым келді. Аллаға шүкір, осы саланың маманы болу маған да бұйырды.

– Әскери адам болуды бала кезден армандап, сол арманыңызды жүзеге асыру үшін қандай жолды жүріп өттіңіз?

– Мен 2013 жылы Семей қаласына Отан алдындағы борышымды өтеу үшін 5511 әскери бөліміне шақырылған болатынмын. Әскерде жүрген кезімде радиотелефонист болып қызмет атқардым. Сонымен қатар әскерде әскери мамандыққа деген махаббатым арта түсіп, 2014-2018 жылдар арасында арнайы Ұлттық ұлан Академиясында оқыдым. Академияда оқып жүрген шағымда 2016-2017-2018 жылдары Қазақстан Республикасының әскери қызметкерлері арасында өткен радиотелефония бағыты бойынша жарысқа қатысып үш жыл қатарынан жүлделі 1- орынды иеленген болатынмын. Ұлттық ұлан Академиясын аяқтаған соң Орал қаласына 5517 әскери бөлімінің 1 рота 3 взвод атқыштар ротасының командирі болып тағайындалдым. Атқыштар ротасында 3 жыл взвод командирі болып, 2022 жылы 28 қыркүйегінде бірінші жедел мақсаттағы ротаның командирі болып тағайындалдым. Сол сәттен бастап өз қызметімді рота командирі лауазымында атқарып келемін.

– Осы жедел мақсаттағы ротаның  құрамы мен негізгі қызметі туралы айтсаңыз?

– Менің ротамда 90-ға жуық әскери қызметшілер қызмет атқарады. Оның ішінде офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, және сарбаздар бар.  Ал ротаның негізгі міндетіне келетін болсақ, жалпы айтқанда еліміздің әрбір өңіріндегі жедел мақсаттағы роталардың негізгі қызметі бірдей. Ал, біздің жедел мақсаттағы ротаның негізгі екі қызметі бар. Атап айтқанда бірінші  қызметі Орал қаласындағы қоғамдық тәртіпті күзету қызметін атқаратын болса, екінші қызмет әскери бөлімнің қорғанысына жауапты кезекші бөлімше қызметін атқарады. Бұл қызмет негізінен жедел мақсаттағы ротаның ішкі қызметіне жатады.

– Осы қызметтерді атқару барысында, ротаның ішінен ерекше көзіңізге түскен жауынгерлер бар ма? Олар сіздің көзіңізге қандай қасиеттерімен түсті?

– Жедел мақсаттағы ротаның командирі қызметінде жүргеніме бір жылға жуық уақыт болса да,  менің басшылығымдағы  рота құрамында әрбір бағытта өздерін көрсете білетін жауынгерлер көп. Жалпы атыс қаруынан ату бағыты бойынша  атап өтер болсам, қатардағы жауынгер Ибраһим Кенже өзінің «ПКМ Пулемет» қаруынан ату дағдылары бойынша көзге түсті. Сонымен қатар қатардағы Серікбай Мирас «СВД» қаруынан ату бойынша ерекше танылды. Ал «РПГ» қаруы бойынша, ерекше көзге түскен қатардағы жауынгер Кеңесбек Саят. Қызмет барысында спорт бағыты бойынша ерекше көзіме түсіп өзін жақсы жағынан көрсеткен самбо күресінің белдесушісі Бақытжол Рауан. Жауынгерлік қызметті атқару кезінде қырағылық танытқан сарбаздарымыз да жетерлік.

– Рота командирі болып бір жылға жуық қызмет атқарып келеді екенсіз. Осы уақыт аралығында сіздің басыңыздан өткен қызықты және қиындық тудырған сәттерді айтып өтсеңіз?

– Жұмыс барысында ең қиындық тудыратын сәттер  болды. Бірақ жалпы ең қиыны, ол мен үшін жеке өмірге деген уақыттын болмауы. Себебі әскери сала, әскери қызмет болғандықтан бұл мәселе қиындық тудырары анық. Ал қызмет барысында жеке тәжірбиемнің аз болуына байланысты бірнеше қиыншылықтар көрген болатынмын. Әрине, тәжірибе деген уақыт өте келе қалыптасатын процесс болғандықтан, қазіргі кезде басымнан өткен қиыншылықтарға күле қараймын десем де болады. Мен үшін бұл қызметтегі қызықты сәттерге келер болсам, жеке құраммен жауынгерлік қызметке дайындалу мен үшін ең қызық сәтке жатады.

– Сіздің басшылығыңыздағы рота құрамында әрбір бағытқа икемі бар жауынгерлер бар екенің байқадық. Бұл жетістіктерге жету үшін арнайы құрылған  күн тәртібі бар деп ойлаймыз. Сіздің ротаныздың қазіргі күн тәртібі қалай? 

– Біздің ротаның күн тәртібі өте тығыз болып келеді. Қатардағы жауынгерлер барлығы таңғы сағат 6 да ұйқысынан оятылады. Ұйқыдан тұруынан бастап арнайы денсаулыққа пайдалы жаттығулар жасап, жуынып реттеліп 7:30 да таңғы астарын ішеді. Таңғы ас уақыты біткен кезден бастап жауынгерлерге арнайы саптық дайындық, қорғаныс құралдары, ату қаруы бойынша дайындық жүргізіледі.  Барлық дайындықтар өз мәресіне жеткен кезде жауынгерлер оқу процесстеріне таратылады. Жауынгерлердің арнайы оқу сабақтары аяқталған соң, оларға 10 минут көлемінде арнайы жеке қажеттіліктері үшін уақыт беріледі. Жеке қажеттіліктер үшін берілетін уақыт, бір күн тәртібінде бірнеше рет қайталанады. Ал 13:00 де 1 сағат көлемінде жауынгерлермен арнайы тәрбиелік жұмыстар жүргізіледі. Тәрбиелік жұмыстарды сәтті аяқтаған соң түскі асқа кезек келеді. Ас ішу процесі аяқталған сәтте, жауынгерлерге қару жарақтарына күтім көрсетуге арнайы уақыт бөлінеді. Сонымен қатар жауынгерлерді физикалық тұрғыда дайындау үшін арнайы спорт сағаты да өтеді. Барлық шаралар аяқталған кезде, жеке құрамның тазалығын сақтау үшін, 1 сағат көлемінде тазалық процедурасы жүргізіледі. Тазалық процедурасы аяқталған соң, жауынгерлерге кешкі ас беріліп, ақпараттармен қамтамасыз ету мақсатында, арнайы жаңалықтар көрсетілімі жүргізіледі. Барлық іс-шара өз мәресіне жеткен соң, жауынгерлер кешкі серуенге шығып, сағат 22:00-де ұйқыға бас қояды. Біздің ротаның күн тәртібі тығыз болғанмен де, жауынгерлер үшін барлық жағдайлар жасалған.

– Қазіргі уақытта басшылықтан сіздерге келіп түскен тапсырмалар легі қандай?

– Ең негізгі және ең ауыр тапсырма ретінде алдағы келе жатқан инспекторлық тексеріске дайындалу. Себебі бұл инспекторлық тексеріс 4 жылда бір рет келетін тексеріс болғандықтан, менің арнайы жеке құрамым ғана емес біздің әскери бөлімше басшылығы да бұл тапсырмаға аса үлкен зейін қойып отыр.

– Ал инспекторлық тексеріске дайындықтарыңыз қалай?

– Дайындық барынша жоғары деңгейде жүргізіліп келеді. Бірінші жедел мақсаттағы рота, өзіне өте жоғары жауынгерлік міндеттемелерді қабылдаған болатын. Осыған орай, дайындық барысында тек теориялық емес практикалық бағытта да жұмыс атқарылуда. Теориялық бағытта мемлекеттік құқық және Ұлттық ұланның тактикалық, жауынгерлік қызметі бойынша дайындық ұйымдастырылуда. Ал, практикалық бағытқа келер болсақ, дене шынықтыру мен штаттық қарудан ату жаттығуларын да шыңдаудамыз.

– Сіздің ротаңыздың қызметі мен алға қойған жоспарларымен толықтай танысып білдік. Жалпы рота командирі болу қиын жұмыстардың бірі, осындай жедел мақсаттағы ротаны басқару әрбір адамның қолынан келе бермейтін шаруа. Енді өзіңіздің алға қойған мақсаттарыңызбен бөліссеңіз?

– Бұл менің еңбек жолымның соңы деп ойламаймын. Алланың қалауымен бұдан да биік белестерді бағындыру менің негізгі мақсатым. Алдағы уақытта келе жатқан инспекторлық тексерісті рота жеке құрамымен бірігіп абыроймен алып шығуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоспарымның орындалатынына мен нық сенемін. Себебі мендегі жауынгерлер әрбір бағытта өздерінің мықтылығын көрсете білген.

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері, әскери саланы бар тәнімен сүйетін, білікті де, білімді жан. Әскери өмірдің қиыншылығы мен қызығын бірдей татып жүрсе де биік белестерді бағындыра білген екен. Әскери сала әрдайым ең қиын салалардың бірі болып саналады. Бұл әрбір адамның қолынан келе бермейтін іс. Ал Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімнің рота командирі капитан Қуанышев Мақсат Байларұлын сол майталмандардың қатарына жатқыза отырып, алдағы қызығы мен шыжығы мол әскери қызметіне табыс тілейміз.

Капитан Ертуған Әубәкір, Орал қаласы

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика