239 rob
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі
Қоғамға өрескел мінезімен сыймаған немесе өзгенің құқығын таптаурын еткен, я болмаса кісі қанын мойынына артқан адамдар темір торда тағдырын өткізуде.
Қапасқа қамалғандардың сыртқа қашпауын, ал сырттағы ойы бөтен әлдекімдердің ішке еніп кетпеуін Ұлттық ұланның қырағы жауынгерлері қас қақпай қадағалап жүр. Олардың қатарында 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен жауынгерлері де бар.
1986 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында өмірге келген аға сержант Руслан Ермағанбетов 2007 жылдан бері 6655 әскери бөлімінде қызмет атқарып келеді. 2013 жылдан бертінге дейін 1 атқыштар ротасына бөлімше командирі болып қызмет еткен. Қазір мұнда взвод командирі лауазымын атқарады. Біз оның қызмет орнына барған уақытта ол қарауыл бастығының екінші көмекшісі болып тағайындалған екен. Ол 2013 жылдан бері қарауыл қызметіне түсіп келеді. 17 жылын әскери салаға арнап келе жатқан азаматты аз-кем әңгімеге тартып, қызмет жайын сөз еттік.
– Әскери бөліміміздің 1 атқыштар ротасына келіп түскен сарбаздарды қарауыл қызметіне жақсылап дайындауға күш салысамын. Кейін олармен бірге жауынгерлік қызмет атқарамыз. Жас жігіттер айтқан ақылға, үйреткен әдіс-тәсілге тез үйреніп алады. Соның арқасында жауынгерлік қызметтерін адал атқарып жүр. Осындайда қазақ жігіттерінің қайсар да, табанды қызметіне риза боламын. Өзіміз де оларға үлгілі болып, лайықты қызмет атқаруға тырысамыз. Абырой болғанда, мен қызмет атқарған жылдары түрмеден қашу секілді әрекеттер болған жоқ. Болмай-ақ та қойсын! Негізі өзіміздің міндетімізге кіретін тапсырмаларды мүлтіксіз орындап отырғанды жөн көремін. Сосын да шығар кез келген шаруаға мұқият, үлкен ізденіспен қараймын, — деді Руслан Саматұлы.
Жалпы қарауыл мен сарбаздар жеке құрамы №20 бұйрық бойынша қызмет атқарады. Сондықтан аталған бұйрықта жазылған қару қолдану, сотталған адам қашқан жағдайда ескерту оғын атып оның қашуына жол бермеу секілді тапсырмалар күн сайын әрбір жауынгерге айтылып отырады. Сәйкесінше, сарбаздар қарауыл міндетін қырағылықпен атқарып, әркез өз-өзін кәсібилікке дайындауға тиіс.
– Сарбаз күзет орнында жалғыз қалған кезде, оны жан-жақтан түрлі ой қаумалайды. Сол аралықта жас жігіттердің бойында қорқынышты ойлар, ата-анасын, тума-туыстарын сағынған сезімдер оянуы мүмкін. Алдын ала даярланған әскери қызметшілер бұндай қысымға бой алдырмайды. Соның бәрін күзет орнында жеңіп шығады, – деді аға сержант.
Күнделікті қарауыл қызметіне 21 сарбаз түседі. Оның ішінде 19 жауынгер күзет орындарында қызмет атқарады. Қалғандары аспазшы, аспазшының көмекшісі секілді қызметтерге бөлінеді. Олар жеке құрамның тамағын әзірлейді. Барлығына қарауыл бастығы жауапты. Ал оның демалыс уақытында жауапкершілікті қарауыл бастығының бірінші көмекшісі міндетіне алады. Қарауыл бастығының бірінші, екінші және кинология жөніндегі көмекшісі болады. Қарауыл бастығының кинология жөніндегі көмекшісі де бір тәулікке түседі.
– Мәселен, біздің жасақтағы кинолог түнгі уақытта қызметін атқарып шықты. Әдетте көмекші қарауыл көмекшісі болып келісімшарт бойынша әскери қызметші және взвод сержанттары немесе бөлімше командирлері тағайындалады. Ал қарауыл бастықтары қызметіне белгіленген уақыттар бойынша қарауыл бастығынан бөлек взвод командирі және рота командирлері тартылады, – деді қарауыл бастығының көмекшісі.
Руслан Ермағанбетов 2017 жылы Ақтөбе облысының әкімі лауазымында отырған Бердібек Сапарбаевтың қолынан «Мінсіз қызметі үшін» медалін иеленген. Ал отбасылық өмірі әскери қызметпен қатар қалыптасқан еді. 2013 сүйген жарымен отау тікті. Бүгінде жұбайы мұғалім болып мектепте жұмыс істейді. Екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары – Ерасыл 12 жаста, одан кейінгі қыздары – Назым 8 жаста, Бекасыл есімді ұлдары 4 жаста, кенжелері – Сезім 1 жасқа толды. Қазір екі баласы мектепте оқып жүрсе, біреуі балабақшаға барады. Ал бір жыл бұрын ғана өмір есігін ашқан қыздары анасының мейіріміне бөленіп, аяқтанып келеді.
Қарауыл қызметі жайлы жазғанда оның белді өкілін ғана емес, қатардағы сарбаздарын да сөз еткен абзал. Осы мақсатта абыройлы қызмет атқарып жүрген жауынгерлермен де жүздестік.
Шымкент қаласынан келген 19 жастағы қатардағы Данияр Бұхарбаев он шақты рет қарауыл қызметіне түсіп үлгерген. Олар сырттан бөгде заттардың қорғалған аймаққа еніп кетпеуіне, іштегі үлкен техникалардың және сотталушының қашып шықпауына баса назар аударады.
– Қызмет аса ауыр емес, тек жауапкершілігі мол. Бекетте тұрып, белгіленген аумаққа көз салудан жалықпаймыз. Ол жердегі кез келген қозғалысқа немесе әлдебір өзгеріске зер салу өте маңызды. Өйткені әр ісімізге басымызбен жауап береміз. Сондықтан қызмет барысында қателік жібермеуге барымызды саламыз, – деді қатардағы Данияр Бұхарбаев.
Оның тағы бір аттасы қатардағы Данияр Амандықұлы да қарауыл қызметіне енді ғана кірісіп жатқан жігіттердің бірі. Соған қарамастан жауынгерлік қызметтің қыр-сыры жайлы біраз дүниені меңгеріп үлгеріпті.
– Қызмет барысында күндіз-түні сырттан зат лақтырылмауын қадағалаймыз. Бақылау аймағына сырттан тыйым салынған заттардың өтпеуіне атсалысамыз. Жалпыға ортақ міндеттерді барынша лайықты атқарып жүрміз, – деді әскерге Жаңаөзен қаласынан шақырылған 1 атқыштар ротасының жауынгері.
Тараз қаласынан келген қатардағы Әли Жарасұлы да аталған азаматтардың пікірімен үндес өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, қарауыл қызметін атқару – нағыз жігіттерге жүктелетін тапсырма.
Жауынгер сөзінің жаны бар. Қарауылға қашанда мықты сарбаздар іріктелетіні көпшілікке мәлім. Біз кезіктірген сарбаздар бұл үдеден шығып жүр. Өздеріне артылған сенімге селкеу түсірмей, Отан алдындағы борыштарын адал атқарып жүрген сарбаздарға сәттілік тілеп қала бердік. Ал олар болса, қаруластарын ауыстыру үшін қызмет орнына қарай кетіп барады. Қадамдары нық, бойлары тік жігіттердің аяқ алысынан сенімділік байқалады.
Қатардағы Жанболат Кенжеғұл, Астана – Ақтөбе — Астана
Источник: qazaq.asia