258 rob
Фотосурет: Қарағанды облысының әкімдігі
Енді Қарағанды облысының театрлары гастрольдік сапарда қиналмайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Үш ұжым облыстық бюджет қаражатына жайлы автобустар алды.
Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын мәдениет қызметкерлерін келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Кездесуде ол еңбек ардагерлеріне марапаттар, сондай – ақ театр басшыларына жаңа автобустардың кілттерін табыс етті.
– Тәуелсіздік-кез келген мемлекеттің басты құндылығы, халықтың баға жетпес игілігі. Біздің міндетіміз-оны көздің қарашығындай сақтау, – деп атап өтті Ерлан Құсайын. – Көп жыл бойы мәдениет және өнер ұжымдары ұлы Сарыарқаның өзіндік ерекшелігі мен жетістіктерін дәріптеп, қоғамның рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Ведомстволық наградаларға бес мәдениет қайраткері ие болды.
«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен республикалық және халықаралық конкурстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Алтын домбыра»лауреаты айтыскер Мақсат Аханов марапатталды.
«Еңбек ардагері» медалін: Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің әртісі Полатхан Тәшімов, «Әуен» ансамблінің көркемдік жетекшісі Мунира Мұхажанова, симфониялық оркестр әртісі Жанетта Алдыханова және джаз оркестрінің бас дирижері Игорь Андрейченко алды.
– Мен өмірімнің 35 жылын симфониялық оркестрге арнадым. Бізде өнерді сүйетін кәсіби біртұтас ұжым жұмыс істейді. Еңбегімнің бағаланғанына ризамын, – дейді Жанетта Алдыханова.
С. Сейфуллин және К. С. Станиславский, Теміртау балалар мен жасөспірімдер театрларының ұжымдары жаңа автобустарды қуанышпен қарсы алды.
– Осындай керемет сыйлық үшін рахмет. Енді гастрольдеріміздің шекарасын кеңейте аламыз, облыс пен елдің ең шалғай бұрыштарына бара аламыз. Әртістер үшін көрермендермен кездесу-ең бастысы, – деді К. С. Станиславский театрының әртісі Галина Турчина.
Источник: qazaq.asia