326 rob
Қарағанды облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевпен кездесу өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Омбудсмен өңірдің активіне Қарағанды облысындағы өз өкілін таныстырды.
Бұл міндетті прокуратурада үлкен жұмыс тәжірибесі бар Азамат Тілешев атқаратын болады. Құқық қорғау органында бас маманнан басшыға дейінгі мансап жолын өткен. Қарағанды қаласы Қаражал қаласының, Октябрь ауданының прокуроры, Шығыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары болып жұмыс істеген. 2022 жылдың қазан айынан бастап Қарағанды облысы бойынша адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі болып тағайындалды.
– Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл институты өте маңызды. Біз адам құқықтарын қорғаудың басқа шаралары тиімсіз болған кезде әрекет етеміз. Сонымен қатар, біз басқа атқарушы немесе құқық қорғау органдарының құзыретін алмастыруға емес, толықтыруға және көмектесуге ат салысамыз, – деп атап өтті Артур Ластаев. – Осы жылдың басынан бастап Қарағанды облысы бойынша өкіл кеңсесіне 13 шағым түсті. Мәселелер әртүрлі – сот актілерімен, қылмыстық қудалау әрекеттерімен келіспеуден бастап, жалақы төлемеуге дейін.
Оның айтуынша, шағымдар барынша қысқа мерзімде қаралуы тиіс. Басты міндет – бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге жәрдемдесу.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ынтымақтастық тығыз болатынын айтты.
– Әрине, біз адам құқықтары жөніндегі уәкілдің адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ету жөніндегі рөлін түсінеміз. Туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесетін боламыз. Облыс тұрғындарының игілігі үшін ынтымақтастыққа әрқашан дайынбыз, – деді өңір басшысы.
Жұмыс сапары барысында омбудсмен Қарағанды қаласының Достық үйінде азаматтарды жеке қабылдау өткізеді. Бұдан басқа, ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен және үкіметтік емес ұйымдармен кездесулер өткізіліп, онда балаларды құқықтық қорғау, адам құқықтары мен бостандықтары саласында ақпараттандыру мәселелері талқыланады. Артур Ластаев сонымен қатар Долинкадағы түзеу колониясына барып, сотталғандарды жеке қабылдайды. Қарағандыда ол «Ана Үйі – Дом Мамы» дағдарыс орталығының қызметімен танысады.
Источник: qazaq.asia