244 rob
Фотосурет: ҚР ТЖМ
Ауа-райының нашарлауына байланысты (қатты боран, желдің күшеюі, нашар көріну, жауын-шашын, көктайғақ) автокөліктің барлық түрлері үшін республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардағы қозғалысқа шектеу енгізілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өткен тәулікте ТЖМ құтқарушылары қар құрсауынан 106 адамды, оның ішінде 6 баланы құтқарды. 223 адамды, оның ішінде 4 баланы эвациялады. Жалпы авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарына 82 шығу жасалды.
Мәселен, республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар автожолдың жабық учаскелерінде Қостанай облысының құтқарушылары қар құрсауында қалған жеңіл автомобильдерден 37 адамды жақын маңдағы елді мекендерге жеткізді.
Ақмола облысында облыстық және жергілікті маңызы бар автожолдың жабық учаскелерінде құтқарушылар күштері қар құрсауында қалған жеңіл автокөліктерден жақын елді мекендерге 13 адамды жеткізді.
Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД күштері республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда қар құрсауында қалған жеңіл автомобильдерден 27 адамды, оның ішінде 3 баланы жақын елді мекендерге жеткізді.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысында 2 шопан іздестірілді, олар аман-есен табылды.
Еліміздің бірқатар өңірлерінде дауылды ескерту жарияланды: Астана, Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары.
Қыста төтенше жағдайларды болдырмау үшін, ең алдымен, ауа-райының өзгеруін, метеорологиялық ақпаратты, ауа-райының нашарлауы туралы арнайы хабарламаларды, жолдардың жабылуын, дауылды ескертулерді үнемі қадағалап отыру қажет.
Алайда, ескертуге қарамастан, азаматтар ауа-райы жағдайлары мен құтқарушылардың ұсыныстарын елемеуді жалғастыруда.
ТЖМ дауылды ескерту кезеңінде алыс сапарға шықпауға кеңес береді. Сонымен қатар, ауа райы нашарлаған кезде ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға алыс қашықтыққа жаяу жүруден бас тартуды ұсынамыз.
Источник: qazaq.asia