Антына адал, сертіне берік сарбаз

Антына адал, сертіне берік сарбаз

168 rob

Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Мұнара басындағы мұздай қаруланған жауынгерге қалт еткенді мүлт жібермейтін сергектік қажет.

Әсіресе, түнгі уақытта тасада тұмшаланып, тыныштықтың әрбір тамшысын талмап, ұйқысыраған уақытыңды  тағатсыздана күтетін қаймананың бары, әсте, қаперіңнен шықпауы тиіс. Сақшының  бір минутқа қалғыған  сәтінде-ақ,  әлгінде  ғана көз алдыңда  жіті  бақылауда   ұстаған  дүниенің  астан-кестеңі  шығуы  да  әбден мүмкін.  Сондықтан,  бақылауға алынған   тиісті аумақты жауынгер асқан қырағылықпен күзетеді. Түзеу мекемесіне  әрқайсының  қарауылдық қызметтен хабары бар сот  және құқық қорғау саласында қызмет еткендер тоғытылған. Алайда, қарауыл басшысы да әккі қимылдың адамы.  Ол әрбір  ауысым  сайын,  мұнара сақшыларын шахматтық кезекпен алма-кезек,  ауыстырып отырады. Өйткені, төменде жүрген сотталушы   бақылаушының  болмысын  танып,  кім екендігін  аңғармау шарт. Осы орайда Семей қаласындағы  №19 түзеу мекемесіндегі сақшылық  қызметі  жайында  5511 әскери бөліміне Жетісу облысы Талдықорған қаласынан шақырылған  қатардағы жауынгер Арман  Жүнісбек  бөлісті.   

–  Арман,  әскер  сапындағы  жауынгерлік  өмірің  қалай өтуде?

–  Саналы  ғұмырыңның  бір  бөлігін  жауынгерлік  шаққа арнау  –  бұл алдымен  Отан  алдындағы азаматтық  борышыңды өтеу болса,  сондай-ақ жеке  болмысыңды  әскери  тәртіпке,  жүктелген  тапсырманы  дер  кезінде орындауға баулиды. Ұлттық  ұлан  сапындағы  сарбаз  ішкі  тұрақтылық   пен  тыныштықты  қамтамасыз  етуде  аянбай еңбек етеді. Ішкі тұрақтылықтың  өзі  тарам-тарам  салаға бөлінеді екен. Мысалы, менің қаруласым,  қала тыныштығын  күзететін  жауынгерлік  жасақ  қатарында.  Ол   қала көшелерін  бақылауға алып,  тұрғындар тыныштығын сақтайды. Ал,  мен  үшін  түзеу  мекемесіндегі  қарауылдық  қызметтің  маңызы бөлек.  Өйткені,
қылмыскерлер қамалатын  темір торды торуылдау мен үшін мақтан тұтарлық қызмет. Ертең әскерден кейін елдімекенге қайтқанда,  біреу-міреу  не  бітірдің  деп сұраса да,  ауызыңды толтырып   «Түзеу мекемесінде  қарауылдық  қызметте болдым. Қолыма қару ұстап, мұнарадан сотталғандарды қадағаладым.»   деп  шімірікпей   айта аласың. 

–  Мұнара сақшының  бойында  қандай қасиет болуы керек?  

–  Қарауылдық  қызметте   мұнарада  тұрған  сақшының  рөлі айтарлықтай зор.  Тыйым салған  заттардың  белгіленген  аймаққа  өтіп  кетпеуі  жолында кез келген  қылмыстың  ізін кесу қажет. Арнайы мекемеде  қаншама қылмыскер отыр,  ал  шеңгелді  қоршау  сыртында  олардың  сыбайластары болуы,  әбден мүмкін.  Біз,  осы,  екі арадағы  заңсыз  байланысты  болдырмау  жолында  барымызды  саламыз.  Өйткені,  қандай да жолмен болсын  бостандыққа шығу үшін   өмірін жан  пида етуге әзір қылмыскерлер де бар. Олар ұрымтал сәтте   қисын-амал тауып, темір тордан  сытылып шыққысы  келеді.  Олардың   арамза  ойларын іске асыруда   сыбайластары да   қоршау  сыртынан жымысқы жоспар құратыны  айдан анық. Әсіресе,  ауыр жазасы үшін ұзақ мерзімге  бас бостандығынан айырылғандар алдағы    өмірлерін  абақтыға арнағысы келмейді. Еркіндікке шығу үшін  адам  сенгісіз қадамдарға барады.   Жалпы   іштен  де, сырттан да,  кез келген  уақытта  қауіп төнуі ықтимал. Сондықтан  қызмет барысында қалғып кетуге,  сондай-ақ   бей-берекет жаман ойға  беріліп кетуге  болмайды.

–  Жалпы,  күзет саласы өзіңе  таныс па?

–  Мен студенттік  кезімнің соңғы жылдары  ауылдағы  ата-анама  салмақ салмай,  нәпақамды өзім таптым. Танысым,  кешкі  уақытта  сауда дүкенін  күзетуге шақырды. Төлейтін жалақысы  көңілге қонымды болған соң бірден келістім. Алайда  бір айға жуық жұмыс істеп,  артынша өз еркіммен  жұмыстан шығып кеттім.  Аз уақыттағы көрген-түйгенім бойынша,  мен үшін  сол жердегі  күзет қызметінен  қауіпті  қызмет  жоқ  деген  пікір қалыптасты. Шынымен,  түнгі уақытта қандай адам  жүреді дейсіз?  Ішімдікке  сылқия  тойып алғандар  кассир қыздың   дегбірін  қашырып,  мазасын алады. Ортаға араша түссең,  жөн сөзіңді ұқпайды.  «Бауырым, әрі ойна» деп кеудеңнен  итеріп жіберетін.  Сен де құр тұрмайсың, намысыңа тиер сөз айтса, бүйірден  түйіп жібересің.  Ертесінде  қырық нөкерімен жетіп келеді кейбірі. Содан қызу әңгіме басталады.  Алайда,  масаң  күйде  болғандардың көбісі  көрісіп қалғанда  дүкенде танытқан  оғаш қылықтары  үшін кешірім сұрайтын.  Одан кейін сен де кішірейесің.  Өз тарапыңнан қызбалыққа салынып,  шектен шыққандық болғанын алға тартып, ағаттық жасағаныңды ашық айтасың. Ал мында ондай ағаттыққа мүлде жол жоқ.  Себебі сенің мойныңда қарауылдық қызметтің  міндетінен  бөлек,  қоршау сыртындағы қала тұрғындарының бейбіт өміріне  деген жауаптылық та бар.   

–  Яғни,   мұнара сақшысы болу күрделі қызмет болғаны ғой? 

–   Әрине, мен Талдықорғанда   көше қуысында  орналасқан титімдей  дүкен үшін ғана жауап беретінмін.  Ал,  бұл жерде  төрт жүзге жуық қылмыскер бар. Сотталғандар  жасаған қылмыстарының жазасын алып, түрмеге тоғытылды делік. Алайда  қапасқа қамалып, қоғамнан оқушауланды   дегенімен,  шын  мәнінде,  түзеу мекемесі де қаланың ішінде орналасқан. Яғни, сотталушыларды  қоғаммен  қайта  қауыштыруға айналдырған бір  шеңгелді қабырға мен он метрлік жер ғана бөліп тұр.  Қылмыскер  сытылып шықса  болғаны  жайма-шуақ күн кешіп, бейбіт  өмір сүрген қала тұрғындарына  қауіп төнеді. Сайып келгенде, қылмыскерді ішкі жау деп санаса да болады. Сондықтан, біздің міндетті  – қанқұйлы қылмыскер мен  бейбіт  халық  арасындағы шекара сақшылары деп айтса та  артық емес.

– Бейбіт халықтың тыныштығын күзету қаншалықты құрметке лайық?

–  Басқасын қайдам, мен үшін, құрметі бөлек,  мәртебесі биік. Себебі сенің мойныңда аса үлкен жауапкершілік тұр.  Жалпы,  өзіңе  жүктелген  салмағы басым,  маңызды   тапсырмасы   бар  кез келген қызмет  мен үшін мәртебелі болып саналады. Өйткені,  мен  қатаң  түрдегі  колониядан  қарумен  қашқан  жиырма бір  тұтқынға тосқауыл болған  Ербол  Отарбаевты  үлгі тұтамын. Қарауылдағы қағілез   сақшылар  үшін  қырандай қырағы азаматтың жауынгерлік шеберлігі   –   асқан  ерлікке пара-пар.  Ол 2010 жылдың 22 маусымында Ақтау қаласындағы  түзеу  коллониясына  қарауыл ретінде әскерге шақырылып, өлшеусіз батылдыққа барды.  Мен де түрме тыныштығынын  күзетуде жүрекжұтқан  батылдық танытып, абыройлы қызмет еткім келеді.

Кінә мен күнәға  батқандарды тоғыстырған  Семейдегі  №19 қатаң түрдегі  түзеу мекемесінде   төрт жүзге  жуық  сотталушы бар.  Жазасын өтеушілер  сот  және  құқық қорғау  саласында  қызмет еткендерден құралған.  Сондықтан  әрқайсының  көзі ашық, ішкі қарауыл механизмін бес саусақтай біледі.  Мекемені  қадағалайтын  бес мұнара  бар.  Әскери   бөлімдегі  басқарма офицерлері қарауылдар бойынша кезекші  боп  тағайындалады.  Әскери  қызметшілер  тәулік   бойы,  кірпік қақпай,  түзеу мекемесіндегі қызметтің   жоғары деңгейде  орындалуын назарында ұстайды. Мұндағы тәртіптің сақталуы, бақылау-өткізу пунктеріндегі тексеру міндетін және  сотталушылардың қашып кетпеуін 1-атқыштар ротасының жеке құрамы қамтамасыз етеді.  Рота командирі  капитан Шалқар  Қайырбаев  қарауыл  құрамын  бекіту,  сондай-ақ   жеке құрамның қызметке деген әзірлігі жайын баян етті.

–  Сақшылар қызметін  ауысым бойынша қабылдайды. Әр ауысымдағы әскери қызметшіге қойылар талап жоғары.  Себебі қарауыл сақшысының бойынан табылуы тиіс  жауынгерлік қасиеттерге мұқият  дағдылану қажет.   Ішкі  байланыс   құралдары  арқылы  жауынгерлердің жай-күйін, белгіленген аумақтағы ахуалды  біліп отырамыз.  Одан қалса, қарауыл қызметі  толықтай  бейнебақылау камераларымен  жабдықталған. 

– Мұнара сақшысына айналу қанша уақытты талап етеді. Мерзімді әскери қызметшілер тез  үйренісіп кете ме? 

– Түзеу мекемесінде қызмет етемін деген сарбаздарды алыстан танисың. Олардың  сақшылыққа деген құлшынысы бір қарағаннан байқалып тұрады. Әскери бөлімдерде жауынгерлер сенімділігіне селкеу түсіріп жатады.   Мұнара  басында жалғыз қалғанда өз-өзіне  қол жұмсай ма дегендей күдіктер туындайды. Біз нұсқаулық беріп жатқан сәтте де мерзімді әскери қызметшілердің іштей бір күйзелісін   қас-қабағынан аңғаруға  тиіспіз. Қарауылға  түсерден  бұрын   алдын  ала  бекітілген   жеке құрам даярлықтан,  психологиялық тестілеуден өтеді. Өйткені,  тәулік  бойы  түзеу мекемесінде қамауға алынған және  сотталған  азаматтардың  қашып кетпеуін қадағалау – кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бір рет қылмысқа барған адамның, екінші  рет  заңды аяққа таптай салатындығына  еш күмән жоқ. Шеңгелді қоршау сыртында  олардың  сыбайластары болуы  мүмкін. Іштен де, сырттан да, кез келген уақытта қауіп төнуі  ықтимал.  Мүлгіп немесе жаман ойға беріліп кетуге болмайды.   Сондықтан қырағы болғанымыз абзал.

– Сарбаздардың  қызметке деген  қызығушылықтары  қандай деңгейде?

–  Сарбаздардың  қызметке деген  қызығушылығын  оятып,  жүктелген міндетті  тез игеру жолында   бар жағдайды  жасаудамыз. Отан алдындағы борышын атқарып жатқан бес сарбаз келісімшарт бойынша әскери қызметін әрімен қарай өткеруге бел шешсе, екі сарбаз Ұлттық ұлан Академиясына  оқуға  тапсырмақ.  Міне, осыдан да сарбаздардың әскерге деген, әсіресе, Ұлттық ұлан сапындағы  қарауылдық қызметке деген құлшынысын   байқауға  болады.  

Тастай берік, білекті де білікті капитан қызмет барысында жауынгерлік  есеп жүргізді.  Мерзімді әскери қызметшілер кезектесіп жауынгерлік  бекеттерге  жеке-жеке  аттануда.  Ұлттық   ұланның сапындағы сарбаз  Арман  Жүнісбек  тағы да  қызметтік міндетіне кіріскелі тұр.  Нағыз мұнара сақшысына тән қасиеттер жауынгер бойынан менмұндалап тұрғандай. 

Сержант Рүстем Мұхамет-Рақым, Семей қаласы

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика