176 rob
Фотосурет: Сенаттың Баспасөз қызметі
Сенаттың қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан «Талдау мектебі» қоғамдық жобасының үшінші кезеңіне іріктеудің нәтижесі жарияланды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жобаға қатысуға 400-ден астам өтінім берілген. Конкурстық комиссияның өтінімдерді қарау нәтижесінде 60 қатысушы іріктеліп алынды.
Талдау мектебінің үшінші кезеңі 2024 жылдың 13 қаңтары мен 2 наурызы аралығында өтеді. Дәрістер әр сенбі күндері 8 апта бойы жалғасады. Дәріс оқитын лекторлар мен тренерлердің қатарында белгілі қазақстандық және шетелдік мемлекет қайраткерлері, сарапшылар мен аналитиктер бар.
Талдау мектебі бастамасы мемлекеттік басқару, әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер мен БАҚ саласындағы аналитикалық тәсілдерді күшейтуді көздейді.
Білім беру негізінен теорияны дамыту бағытында жүргізіледі. Бұл ретте сапалық аналитиканың критерийлерін, стандарттарын және ерекшеліктерін, сонымен қатар талдамалық мәтіндер жазудың практикалық дағдыларын дамытуға мән беріледі. Жобаға Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері бастамашы болды.
Іріктеу кезінде жұмыс тәжірибесі мен ғылыми дәрежесі бар, сондай-ақ, талдау құрылымдарында, мемлекеттік басқару жүйесінде, ұлттық компанияларда, бұқаралық ақпарат құралдарында, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін үміткерлерге басымдық берілді. Үміткерлердің ғылыми қызығушылықтары мен зерттеу бағыттарының Орнықты даму мақсаттарына сәйкестігі де ескерілді.
Жобаның қорытындысы бойынша қатысушылар Сенат қызметінде қолдануға арналған талдамалық материалдар әзірлейді.
«Талдау мектебі» жобасы Парламент Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының бастамасымен 2021 жылы қолға алынған. Бастамаға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев қолдау білдірді. Бұған дейін 2022-2023 жылдары Мектептің екі кезеңі өткізілді. Онда 100-ден астам аналитик дайындалды.
Жобаның дәрістері мына сілтеме бойынша қолжетімді:
https://www.youtube.com/@SchoolofAnalytics/featured
Источник: qazaq.asia