Алматы тыныштығы – сенімді қолда

Алматы тыныштығы – сенімді қолда

196 rob

Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Еліміздегі ең үлкен мегаполис — Алматының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін, яғни қаланың тыныштығын күзететін Алматы құрамасының құрылғанына 25 жыл толды.

1998 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің  бұйрығына сәйкес құрылған 5571 әскери бөлімі осыған дейін аталмыш міндеттерді атқарып келген 5449 әскери бөлімінің заңды мұрагері деуге болады.

Бөлімнің бірінші командирі болып, қазіргі Ұлттық ұланның ардагері, полковник Әбдісадық Ережепов тағайындалып, артынша бөлімге полковник Александр Зелинский басшылық етті. Бүгінгі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығын басқарып отырған генерал-майор Талапкер Әміреев де осы бөлімде әр жылдары командир болып, қызмет баспалдағынан өткен. Бұдан кейін подполковниктер Сергей Агошков, Сергей Козляк, полковниктер Павел Ситников, Сағитжан Тазабеков, Сәкентай Шекарбеков, Нұрлан Мұхамедов, Бақдәулет Оспанбеков, майор Марлен Оспанқұлов, подполковник Баянғали Есжанов қолбасшылық етті. Қазіргі уақытта бөлімді полковник Бақдәулет Оспанбеков  басқарып отыр.

Бөлімнің мерейтойы қарсаңында бөлім командирі Бақдәулет Оралұлын әңгімеге тарттық.  

– Бақдәулет Оралұлы, әңгімемізді бөлімнің атқарып отырған негізгі міндеттерінен бастасақ.

– Әскери бөлім жеке құрамы ішкі істер органдарымен бірге қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша Алматы қаласының 8 ауданында және Алматы облысының әкімшілік орталығы Қонаев қаласында патрульдік-бекеттік қызмет атқарады. Көпшілікке арналған қоғамдық-саяси, спорттық және басқа іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Апаттар мен зілзалалардың салдарын жою кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Бөлімнің жеке құрамы осындай міндеттерді Алматы қаласында да, қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасының басқа елді мекендерінде де орындайды.

Әскери бөлімнің жеке құрамы өзіне жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттерді абыроймен орындап келеді.

– Сіз басқарып отырған әскери бөлім 25 жыл ішінде азды-көпті жауынгерлік жолды жүріп өтті.  Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы ішінде құрылып, өзінің қалыптасу жолында бірқатар қиындықты еңсеріп өткен бригаданың тарихына тоқталып өтсеңіз.

— Әскери бөлімнің жеке құрамы өзіне жүктелген барлық қызметтік-жауынгерлік міндеттерді абыроймен орындап келеді. Осы кезеңде патрульдік-бекеттік қызметтің бес мыңнан астам міндеті атқарылып, мыңнан астам қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар қамтамасыз етілді, үш жүз мыңға жуық қоғамдық тәртіп бұзушылар, олардың ішінде алты мыңнан астамы қылмыс жасау белгілері бойынша ұсталды, 250 бірлікке жуық оқ ататын және суық қару алынды. Соның ішінде маңыздыларына тоқтала кетейін.

1999 жылы  бөлімнің әскери қызметшілері АҚШ, ҚХР, Израиль, Түркия және Грекия елшіліктерін күзетті. 1999 және 2004 жылдар аралығында әйгілі «Азия дауысы» жыл сайынғы Халықаралық байқауының өткізілуі кезінде бөлімнің жеке құрамы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты.  

Ауыр қылмыстардың жиі қайталануына байланысты бөлімнің жеке құрамы 2000 жылдың мамыр айында Алматы қаласы «Думан» шағын ауданының аумағында арнайы жауынгерлік операцияға қатысты.

2001 жылдың қыркүйек айында «Шанхай ынтымақтастық ұйымдарына» қатысатын мемлекеттер үкіметі басшыларының бірінші кездесуін өткізу кезінде қоғамдық қауіпсіздікті күзету бойынша міндеттерін сапалы және толық көлемде орындады.  

2002 жылдың ақпан-наурыз айларында бөлімнің әскери қызметшілері ТМД мемлекеттері басшыларының бейресми Саммитін және екінші Еуразиялық экономикалық Саммитін өткізу кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысты.

2003 жылғы ақпанда бөлімнің жеке құрамы Алматы қаласында «Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясын» және 2008 жылғы 2 сәуірде «Пекин — 2008» олимпиада алауы эстафетасын өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік ойдағыдай қамтамасыз етілді.

2009 жылы жеке құрам VIII Евразиялық Медиа Форумды, Орта Азия мемлекет басшыларының Аралды құтқару бойынша Саммитін, Қазақстан және Англия құрама командалары арасында футболдан Әлем чемпионатының іріктеу матчын өткізу кезінде де қоғамдық тәртіпті қадағалау қызметіне белсенді атсалысты.

Жеке құрам 2011 жылы ақпан айында Алматы қаласында VII қысқы Азия ойындарын өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға айтарлықтай үлес қосты. Жауынгерлік қызметтің міндеттерін орындау кезінде көрсеткен ынтасы үшін Алматы құрамасы командирінің құқығымен бөлімнің барлық жеке құрамы «VII қысқы Азия ойындарында қоғамдық тәртіпті күзетуде үздік шыққаны үшін» кеуде белгісімен наградталды.

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында құқықтық режимді сақтау бойынша   қызметтік-жауынгерлік міндеттерді 1 және 3 жедел мақсаттағы батальонның жеке құрамы, 2012 жылғы тамыз-қараша айларында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде іздестіру іс-шараларын 2 және 3 жедел мақсаттағы батальонның жеке құрамы сапалы орындады.

2012 жылғы қазанда 1 жедел мақсаттағы батальонның жеке құрамы Алматы облысының «Іле» полигонында «Мызғымас бауырластық-2012» ҰҚКҰ мемлекеттерінің халықаралық бітімгерлік оқу-жаттығуына қатысып, оқу-жаттығу басшылығынан жоғары баға алды. Бұдан бөлек әскери бөлімнің жеке құрамы бірлескен «Гонг», «Антитеррор», «Атом – Антитеррор» және «Қыс», «Тасқын» оқу-жаттығуларына, сондай-ақ, ішкі істер органдарымен бірге «Құқықтық тәртіп», «Қоныстанушы», «Қару» жедел-алдын алу іс-шараларының  өткізілуіне белсенді қатысып тұрады.

2013 жылы 1 жедел мақсаттағы батальонның жеке құрамы   «Матыбұлақ» полигонында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі бөлімдерімен бірге «Шоқпар – 2013» жедел тактикалық-командалық штабтық оқу-жаттығуларына қатысты, оның қорытындысы бойынша бөлімнің әскери қызметшілеріне үздік баға берілді.

2014 жылдың ақпан айында 2 және 3 жедел мақсаттағы батальонның жеке құрамы Алматы облысы  Талғар ауданы  Қызылту кентінің жанында Көкшетау-Алматы рейсінің ұшағы күйреген кезде, сондай-ақ «Барахолка» әмбебап базарында өртті сөндіру кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бойынша міндеттерді сапалы қамтамасыз етті.

Бөлімнің жеке құрамы 2014 жылы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің инспекциясына инспекторлық тексеруді тапсыру кезінде үздік нәтиже көрсетті. Қорытынды шығару кезінде комиссия төрағасы бөлімнің жеке құрамына Қауіпсіздік кеңесі комиссиясының жұмысы кезіндегі жинақылығы мен әскери тәртіпті сақтауына жоғары баға берді.

2013 жылғы 31 тамызда бөлімнің жеке құрамы «Прайм-Плаза» сауда-ойын-сауық орталығында қоғамдық тәртіптің шырқын бұзған топтың жолын кесуге қатысты. Бөлім жеке құрамының батыл іс-қимылының нәтижесінде ғимараттарды, құрылыстарды талқандау және тонау фактілеріне, мемлекеттік мүліктерді тонауға және меншікке қастандық жасауға, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бұзуға жол берілмеді.

2017 жылғы 29 қаңтар және 8 ақпан аралығында Алматы қаласында «ХХVІІІ қысқы Дүниежүзілік Универсиада-2017» өткізілді. Әскери бөлімнің жеке құрамы Универсиаданы өткізу уақытында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бойынша жүктелген міндеттерді адал және сапалы орындады. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы бөлім әскери қызметшілерінің іс-қимылына жоғары баға берді. Батыл және қайсар іс-қимыл жасағаны үшін 80-нен астам әскери қызметші Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан және шамамен 40 әскери қызметші «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бұйрығымен марапатталды.

2018 жылғы 20-23 мамырда 5571 әскери бөлімінің жеке құрамы заңсыз қаруланған құрылымдармен күресу бойынша арнайы операциялардың мәселелерін өтеу үшін, ҰҚКҚ Жедел әрекет етудің ұжымдық күші (ЖӘЕҰК) басқару органдарымен және арнайы мақсаттағы күштік құралымдармен бірге, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығының базасында (Алматы облысы, Заречный кенті) өткізілген «Кобальт-2018» тактикалық-арнайы оқу-жаттығуларына қатысты.

2020 жылы ақпан айында Жамбыл облысының Қордай ауданындағы тыныш жатқан жұрт дүрлігіп, ұлтараздық тудыратын келеңсіз жайттар болды. Ел ішіндегі осы жағдайлар қалпына келгенше 5571 әскери бөлімінің жеке құрамы Қордай ауданының бірқатар ауылында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзету қызметін атқарды. Сондай-ақ, Алматы қаласында дүңген ұлты көп шоғырланған Заря востока ықшам ауданында күшейтілген қызмет атқарды. Сондай-ақ, жаппай әлемге келген індетке байланысты елімізде төтенше жағдай орнаған кезде, әскери бөлімнің жеке құрамы алғы шепте жүріп, жан аямай қызмет атқарды. Қала карантинде отырғанда, тәртіп бұзушыларды тезге салып, заң бұзуға жол бермеді.

2022 жылы еліміз тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде бұрын-соңды болмаған, ешкім күтпеген, ешкімнің ойына келмеген «Қаңтар қақтығысы» кезінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан жауынгерлері әскери антқа адалдық пен төзімділік сынағына тап болды. Осы тәуелсіз едің тыныштығы мен бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қорғап қалу қызметінде, бөлімнің жауынгерлері жауынгерлік-қызметтік міндеттерін асқан жауапкершілікпен орындады.

– Жеке құрамның қызметтік-жауынгерлік тапсырмаларды шешудегі еңбегі және көрсеткен батыл істері ескеріліп, бөлімге батыр Бауыржан Момышұлының есімі берлгенін білеміз. Осыған да бір тоқталып өтсеңіз?

Былтыр 5571 әскери бөліміне Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының есімі берілді. Осыған орай, 2022 жылғы 3 желтоқсанда бөлімде салтанатты іс-шара өткіздік. Бұл күн кездейсоқ таңдалмады, өйткені іс-шара 24 жасқа толатын әскери бөлім күніне ойластырылды.

Әскери ұжымдарға даңқты қолбасшылардың есімдерін беру идеясы әскери дәстүрдің сабақтастығын сақтауға ықпал етеді. Қазақ армиясының тарихында батыр Бәукеңнің рөлі ерекше. Өзінің өр мінезімен, қолбасшылық өнерімен, асқан парасаттылығымен және ұлтжандылығымен аты аңызға айналған тұлға. Оның талантты басшылығымен сарбаздар мен офицерлер қанды шайқастарда жауға төтеп берді және Ұлы Отан соғысы майданында шайқасқандар үлкен жеңіс әкелді. Бүгінде аңыз қолбасшының есімін иеленген әскери бөлім өз тарихының жаңа кезеңін жазып жатыр. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш!

– Әскери бөлімнің өзіне жүктелген міндеттерді толыққанды атқаруы үшін материалдық-техникалық жабдықталуы сын көтере білуі тиіс. Ал сіздердегі жағдай қалай?

– Әрине, әскери бөлім өте ауқымды міндеттерді атқарып отыр. Оны толыққанды өз дәрежесінде орындай алу үшін бөлімнің материалдық жағы мықты болуы керек. Сондықтан әскери бөлімді техникамен қамтамасыз етіу – басты талаптардың бірі. Қазіргі уақытта әскери бөлім техникамен толық қамтамасыз етілген. Мысалға, өткен жылы 80-нен астам  жаңа техникалар берілді. Бөлімде жабдықталуға қатысты аса күрделі мәселелер жоқ. Барлығы жоспар бойынша жүргізілуде. 

Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысының Ұлттық ұланды сапалық және сандық жағынан ныңайту бойынша тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында 2022 жылғы 1 шілдеден бастап штаттық құрылымға үш батальон енгізіліп, полк екі есе кеңейіп, бригада деңгейіне дейін өсті. Бүгінде бұл бөліністер офицерлер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер және мерзімді қызмет сарбаздармен кезең-кезеңімен жасақталуда.

– Әскери бөлімнің тарихында елеулі ерлік оқиғалары бар ма, болса, айтып өтсеңіз?  

– 2015 жылы желтоқсан айында Алматы қаласының колледж студенті Айзада Авлатарова түсініксіз жағдайда жоғалып кетеді. Оны бейтаныс адам қорқытып, белгісіз жерде ұстап отыр деген болжам айтылған. Жоғалған бойжеткенді іздеуге ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірге 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшілері де жұмылдырылады. Қапшағай қаласының маңындағы саяжай аумағында қыз баланы жетектеп бара жатқан ер адамның жүрісіне күдіктенген  біздің әскери жасақ қырағылық көрсетіп, жігерлі қимылы нәтижесінде бойжеткенді бұрын ауыр қылмысы бойынша сотталып шыққан, ниеті бұзық қылмыскердің қолынан аман алып қалды.  Айзада Авлатарованы құтқарып қалған лейтенант Рустам Сердалинов, кіші сержант Арман Әлімбетовтердің жетекшілігімен қызметте болған қатардағы жауынгерлер де жоғары қолбасшылық тарапынан қырағылық пен ерлік көрсеткендері үшін марапаттаулар алды.

2022 жылғы 18 шілдеде бөлімінің әскери қызметшісі Аға сержант Жарқынбек Айдарханбеков «Қалқаман-2» ықшамауданындағы тұрғын үйдің алдында белгісіз ер адамның әйелге шабуыл жасап жатқанын көреді. Сол уақытта әйелге көмекке ұмтылған тұрғынға да әлгі бұзақы қолындағы пышағын жалаңдатқан, сөйтіп ол да жарақат алған. Аға сержант Жарқынбек Айдарханбеков көмек көрсету үшін дереу оқиға орнына жүгіріп жетеді. Сарбазды көрген бұзақы сол маңдағы зиратқа қарай қашқан. Әскери қызметшіміз оның соңынан қуып, жол-жөнекей жедел жәрдем мен полиция қызметіне хабар беріп үлгереді. Жарқынбек түн мезгілі болса да сытырлаған дыбыс пен ентіккен дауысынан қылмыскерді бой тасалап отырған жерінен ұстап алаған. Аға сержант Жарқынбек Айдарханбеков ұстаған қылмыскерді оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне тапсырған. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі» деген халық даналығы бекер айтылмаса керек. Жарқынбек нағыз Ұлттық ұлан жауынгеріне тән батылдық, ерлік танытып, оң шешім қабылдау арқылы адам өміріне айтарлықтай зиян келтірген бұзақыны құрықтап, зардап шеккен азаматшалардың өміріне араша түскен. Осы ерлігі үшін 2023 жылы қазан айында Мемлекет басшысының Жарлығымен аға сержант Жарқынбек Айдарханбеков «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Айта берсек, бұндай мысалдар көп…

– Күні кеше әскери бөлімнің 25 жылдық мерейтойын атап өттіңіздер. Мереке қонақтары кімдер болды?

Иә, 4 желтоқсан күні тарих пен дәстүрді ұмытпай әскери бөлімнің 25 жылдық мерейтойын салтанатпен атап өттік. Салтанатты шарада мемлекетіміздің әнұраны орындалып, ардагерлер мен әскери қызметшілер және олардың аналары марапатталды. Мерекеге әскери бөлімнің алғашқы командирлерінің бірі полковник Александр Зелинский бастаған бірқатар ардагер келіп, естеліктерімен бөлісті. Алматы қаласының өзара ынтымақтастықта бірлесіп қызмет атқарып жүрген ішкі істер органдарынан, әкімдіктерден, жоғары оқу орындарынан және басқа да мекемелерден қызметкерлер келіп қатысты. Сонымен қатар бөлімнің құрметті азаматы Шухрад Шардинов пен бөлімнің құрметті азаматшасы генерал И.В.Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова келіп жүрек жарды лебіздерін жеткізді. 

Бұл атаулы күн болғанымен, жеке құрам әрқашан қызметте екендіктерін жақсы түсінеді. Бізге белбеуді бос тастауға болмайды. Алда мемлекеттік мерекелер келе жатыр, яғни қызметтің күшейтілген түріне ауысамыз. Құраманың жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерін әрқашан адал әрі қырағы атқарады.

– Сұхбатыңызға рақмет! Қызметтеріңізге табыс тілеймін!

Редакциядан: Құқықтық тәртіп әскері – мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігінің қалқаны дейміз. Ендеше осындай маңызды міндетті атқарып отырған оңтүстіктегі құраманың бірі де бірегейі Алматы бригадасының атқарып отырған қызметіне тек табыс пен табандылық тілейміз.

Сұхбаттасқан подполковник Бақыт Әліпбаев, Алматы қаласы

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика