181 rob
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі
Елорданың рухани ордасы – Ұлттық академиялық кітапханада 3656 әскери бөлімінің бастамасымен қазақ әдебиетінің классигі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығына орай «Алаш идеясының жаршысы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Шараға тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар Бас басқармасы тіл саясаты және қоғаммен жұмыс қызметінің бастығы полковник Әлішер Әбдірәсіл, отставкадағы подполковник Ботагөз Рыспаева, қолданбалы лингвистика бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлназ Төкенқызы мен басқа да құрметті қонақтар қатысып, ақынның жауһар туындыларымен бөлісіп, пікір алмасты. Тірлікке құштар, өмірді шексіз сүйген ұлы жан – Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналған іс-шарада Ән-би ансамблінің солистері Денис Яковлев және Рымғали Айбек домбыраның әсем әуенінде ән салды.
Абайдан кейінгі қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен көрнекті ақынымыз Сұлтанмахмұт Торайғыровтың әдеби кітаптарына библиографиялық шолу жасалып, іс-шараға қатысушылар кітап мұражайындағы сирек кездесетін туындылармен таныстырылды.
Ұлы тұлғаларымыз жүріп өткен ұзақ жолдың шежірелі күндерін, талай тағылымды істерін болашақ ұрпақ санасына сіңіру, оларды ұлтжандылыққа тәрбиелеп, өлкенің оқыған азаматтарын еске алып, насихаттау, қастерлеу – біздің басты мақсатымыз.
Подполковник Кенжегүл Әбілғаламова
Источник: qazaq.asia