Қайратты әке, мейірімді ана

Қайратты әке,  мейірімді ана

252 rob

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев өткен 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы тұста Ұлттық ұлан қатарында аталмыш жылға орай әр түрлі шаралар өткізілді. Оған қоса құқықтық тәртіп әскерінің көпбалалы әскери қызметшілері мен офицерлері туралы да газетіміздің сандарында мақалалар жарық көрді.

Сонымен қатар, басылымның кезекті санында Астана қаласы Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаевтың қабылдауында болып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Күміс алқа» кеуде белгісін иеленген көпбалалы ана туралы қысқаша жазған едік. Ол 3656 әскери бөлімінің қаржы қызметі бастығының көмекшісі лейтенант Жанна Нарымбекова болатын. Жанна Тілекқабылқызы жан-жары полковник Серік Балатайұлы екеуі алты баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы жанұя. ҚР Ұлттық ұлан Басқолбасшылығының Жауынгерлік қызмет Бас басқармасының бөлім бастығы лауазымындағы Серік Балатайұлы мен лейтенант Жанна Нарымбекова жөнінде газетіміздің бүгінгі санында кеңінен айтатын боламыз.

Туған жер – алтын бесік

Шаңырақ иесі Серік Балатайұлы 1975 жылдың 16 наурызында Жамбыл облысында дүниеге келген. Әкесі Балатай Нарымбекұлы теміржол саласында қызмет атқарған, ол баласы Серікті адамның асыл қасиеттеріне шыңдап өсіреді. Еңбекқор, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз де әкесінің айтқанын екі етпей ақылды болуға талпынады. Өкінішке орай, анасы Рыскүл Әбдіхожақызы 1992 жылы дүниеден озып, баласының жеткен жетістіктерін көре алмай кетті. Кейіпкеріміз Жамбыл облысында дүниеге келгенімен, 7 жасында, яғни 1982 жылы Алматы қаласына көшіп келеді. Осы ару қала Алматыда Серік Балатайұлы 1992 жылы орта мектепті аяқтап, ересек өмірге қадам басады. 1996 жылы Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөліміне азаматтық борышын өтеуге аттанған 21 жастағы бозбала әскери өмірдің қыр-сырын меңгеріп, әрі қарай өмірін әскермен байланыстыруға шешім қабылдайды. Сөйтіп 1997 жылы Қазақстан Республикасы ҰҚК Әскери институтына оқуға түсіп, курсант атанады. Әскери оқу орнын үздікке аяқтаған ол өзінің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген әскери бөлімге, яғни 6655 әскери бөліміне взвод командирі болып тағайындалады. Міне, осы кезден бастап Серік Балатайұлының әскердегі жаңа өмірі басталады.

Ал отбасының ұйытқысы Жанна Тілекқабылқызы 1980 жылдың 23 желтоқсанында Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1982 жылы ата-анасының кіндік қаны тамған жері Атырау қаласына көшіп келіп, сол жақта мектептен білім алып, 1998 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетіне бухгалтерлік есеп және аудит мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны үздік белгімен аяқтайды. Әкесі Тілекқабыл Жолмағамбетов Атырау қаласында көп жылдар электрик болып еңбек етсе, Мәдина атты асыл анасы теміржолшы болған.

Бала – бақыт

Сөйтіп 2000 жылы жоғарыда аталған оқу орнының 2-курс студенті Жанна Тілекқабылқызы өзінің өмірлік жары Серік Балатайұлын кездестіріп, сол жылы 14 қаңтарда бас қосады. Ол кезде жары ҰҚК Әскери институтының 3-курс курсанты еді. 20 жылдан астам қол ұстасып, берекелі шаңырақ иесі атанған отбасының алғашқы перзенттері 2001 жылы Арайлым Серікқызы 28 ақпанда өмір есігін ашып, жас отбасы алғаш рет ата-ана атанады. Қазіргі таңда Арайлым Астана қаласындағы дәріхананың бірінде фармацевт болып еңбек етуде. Ол 2018 жылы С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық Медицина университетінде фармацевт-технолог мамандығын тәмамдаған. Әскери адамның жары болғаннан кейін, қызмет жағдайына байланысты Қазақстанның көптеген қалаларында болып, әскери өмірдің ыстық-суығын бірге көреді. Тұңғыштары 3 жасқа толғанда лейтенант Жанна Нарымбекова 6655 әскери бөліміне қызметкер ретінде бухгалтер лауазымына тағайындалады. Осы уақыттан бастап оның әскери өмірге, әскери қызметке деген қызығушылығы оянып, сол әскери бөлімге 2004 жылы 3 мамырда әскери қызметші болып қабылданады. Ал екінші қызы Әмина Серікқызы 2005 жылдың 22 тамызында дүниеге келеді, бүгінгі таңда ол Астана қаласындағы Халықаралық университетінің қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы мамандығының 1-курс студенті. Полковник Серік Нарымбеков 2007-2009 жылдар аралығында Ұлттық қорғаныс университетінің тыңдаушысы ретінде білім алған тұста 2008 жылы Шучье қаласында 3 қызы Тоғжан өмірге келеді. Қызғалдақтай үш қыздың артынан «мұрагер болса екен» деген тілектің болуы заңдылық. Сонымен отбасын қуанышқа бөлеп, көптен күтіп, армандаған атұстар ер бала 2012 жылы дүниеге келеді. Генерал Жансен Кереевтің құрметіне орай, ырымдап ол баланың есімін Жансен деп атайды. Оның артынан 2018 жылы Айсауле және 2021 жылы Әсия атты қылықты қыздар дүниеге келген. «Бала – бақыт» дегендей, сәбиді дүниеге әкелгеннен кейін, ата-ананың иығындағы жүк екі есе зор. Сол себепті, оларды өсіріп, баптап-бағу да оңай болмайтыны шындық.

«Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді»

– Әрине, ата-ана атанғаннан кейін өзіңе қойылар талап та өте жоғары болады. Отбасында ұрыс-керістің болмауына, жалпы үйдегі атмосфераның жайлы болуына жағдай жасайтын – әйел деп ойлаймын. Оның үстіне баланы өсіру, бағып-қағу оңай емес екені белгілі. Әскери жанұя болғаннан кейін оның жүгі тіпті екі есе ауыр. Себебі қызмет бабымен Қазақстанның көптеген қалаларында қызмет атқардық десем қателеспейтін шығармын. Өзіңіз ойлап көріңіз, кішкентай балалармен, киім-кешек, дүние-мүлікпен көшіп-қону оңай шаруа емес. Бірақ, біз оның ешқайсысына мойыған емеспіз. Жолдасымның, ата-анамның көмегінің, қолдауының арқасында балаларым да ер жетті, барлық қиындықты жеңдік деп ойлаймын. Ал қазір өздері бірін-бірі бағып-қағатын уақытқа жетті десем болар. Себебі, кішкентай екеуін үлкен қыздарым қарайды. Ер адам қызметін жауапкершілікпен атқарып, ел үшін адал қызмет атқарса екен деп көбінесе жарымды мазамалауға тырысатынмын. Себебі, оның көңіл-күйі қызметіне де әсер етеді ғой. Жоғары, жауапты қызметтерде болғандықтан, барлығын өзім реттегім келетін. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дегендей, мен өмірге бала әкелсем де тұрмыстың айналасында декреттік демалыста ұзақ отырған емеспін. 19 жыл әскери
қызметімнің 3 жылында ғана қызметтен алыстадым. Мерзімінен бұрын қызметке кірісіп, бала тәрбиесін де, үй шаруасына да, жан-жарымның жағдайын, қызметімді де атқаруға тырысатынмын. Шынымды айтсам, әйел адам барлығын жасап, үлгеремін десе оны жасайды. Нәзік жанды болсақ та, біздің алмайтын қамалымыз жоқ шығар деп ойлаймын, — деп шыдамды, ұстамды қазақ әйелінің бейнесін көрсетті Жанна Тілекқабылқызы.

Лейтенант Жанна Нарымбекова 5547, 5512, 5571 әскери бөлімдерінде бухгалтер лауазымында қызмет атқарған. 2016-2018 жылдар аралығында 3656 әскери бөлімінде қаржы қызметінің бастығы лауазымында болады.

«Ата-анама құрмет көрсетемін»

6655 әскери бөлімінің взвод командирінен бастап, сол әскери бөлімнің жауынгерлік дайындық бөлімшесінің аға көмекшісі лауазымында, одан кейін 5547 әскери бөлімінің әскери бөлім командирінің орынбасары — штаб бастығы лауазымдарында жауапкершілікпен қызмет атқарған Серік Балатайұлының алаңсыз қызметте болуы сенімді серігі, жан-жарының қолдауынан деп есептейміз. Сонымен қатар, кейіпкеріміздің 5512, 6679, 7552 әскери бөлімдерінің командирі лауазымдарынан да өткен білікті маман екеніне көз жеткіздік. Қоржынында көпжылдық әскери өтілімі бар Серік Балатайұлының ойын білер болсақ:

– Мен әскерге келген кезде небәрі 21 жаста болатынмын. Кез-келген ер бала Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, әскери форма киіп, қару асынғысы келетіні белгілі. Сондай ой менде де болды. 25 жылдан астам уақыт Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарып келе жатырмын. Алуан түрлі жауапкершілігі мол лауазымдарда еңбек еттім. Онымен қоса, отбасың, ата-анаң үшін де жауапты екеніңді сезіне білуің қажет. Бүгінгі таңда 87 жастағы әкем бізбен бірге. Ата-анаңның көзі тірісінде олардың ақыл-кеңесі мен батасына ештеңе тең келмейді. Сол себепті «қарты бар ел – қазынасы бар ел» деген сөзді жаныма жалау етіп ұстанып келемін, – деп
ойымен бөлісті.

Отбасының берік болуы – екі жанның махаббаты мен сыйластығынан туындайды. Осы екі қасиетті кейіпкерлеріміздің бойынан көре алдық. Әскери өмірдің қиындығы мен қызығына төтеп беріп, ыстық-суығын бірге көріп келе жатқан Нарымбековтердің шаңырақтарына шаттық, қуаныш тілейміз! «Күміс алқа» белгісі «Алтын алқаға» ұласа берсін деген ниетіміз қабыл етсін!

Лейтенант Құралай ЖҰМАҚЫЗЫ

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика