Аягөзде әскери саладағы үздіктерге құрмет көрсетілді

Аягөзде әскери саладағы үздіктерге құрмет көрсетілді

263 rob

Фотосурет: Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі

Аягөз гарнизоны 10810 әскери бөлімінің мәдени демалу орталығында Тәуелсіздік мерекесіне орай «Тәуелсіздіктің ұлы рухы – Желтоқсан» атты  салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Аталмыш шара әскери бөлім командирі полковник Дәулет Сүттібаевтың  еліміздің қорғаныс саласында қызмет етіп жүрген әріптестерін құттықтауымен басталды.

Отанды көзіміздің қарашығындай қорғау — әрбір азаматтың қасиетті борышы. Халқымыздың тәуелсіздік жолындағы ақтаңдақ тарихында әр ғасырдың бедер-белесінде туған ел мен жерді көздің қарашығындай қорғауда ерліктің ерең үлгісін көрсетіп, ұрпақтың азат өмірі үшін жанын пида еткен ата-бабаларымыздың өшпес даңқы мәңгі жасай бермек. Тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап республикамызда елдік рух, патриоттық тәрбие ең маңызды мемлекеттік мәселе ретінде қолға алынды. Қазір егемен Қазақстан заманауи қару-жарақ пен құралдарға ие айбынды әскері бар қуатты елге айналды! Сіздерді  бүгінгі айтулы мерекемен шын жүректен  құттықтаймын! Еліміздің жарқын болашағы үшін атқарып жатқан игі істеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, бақытты ғұмыр тілеймін! Полковник Дәулет Сүттібаев

Жиын барысында қызметінде үздік шыққан жауынгерлерге бөлім командирінің алғыс хаттары мен марапаттары табыс етілді. Сонымен қатар, бөлім басшылығы ел тыныштығы үшін тер төгіп жүрген жауынгерлерді мерекемен құттықтап, қызметтерін ойдағыдай атқаруға жылы лебіздерін білдірді.

Салтанатты іс-шараның соңы  Аягөз қаласы мәдениет үйінің өнерпаздары мен әскери бөлім оркестрдің ұйымдастырған концерттік бағдарламасына жалғасты.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика