319 Awrora
Осыдан отыз бір жыл бұрын жас мемлекетіміздің қорғанысын күшейту және шекарамызды бекіту мақсатында құрылған Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы биыл 31 жылдық мерейтойын атап өтуде. Айтулы датаға орай кеше мәдениет үйінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерейлі жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, кәсіби мереке иелерін құттықтады.
— Тәуелсіз еліміздің 31 жылдық мерейтойын тойладық. 1991 жылы Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін барлық қарым-қатынас үзілген сәтте «ендігі жағдайымыз қандай болмақ?» деген сан сұрақтар мазалады. Еліміздің алға қарай жылжуында, саясатта, экономикада, қоғамның барлық қарым-қатынастарында даму бағытын қамтамасыз ету мақсатында Президентіміз дер кезінде қабылдаған шешімдердің нәтижесінде Қазақстан әлемдік қауымдастықта өзінің айшықты орнын ала білді.
Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның Ішкі әскерін құру туралы Жарлық шықты. Сол кезден бастап Ұлттық ұлан жауынгерлері өздеріне жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды абыроймен атқарып келеді.
Бүгінгі таңдағы дамудың басты шарты – қоғамдағы саяси тұрақтылық. Осы орайда, сіздер Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды ойдағыдай атқарып келесіздер, — деген облыс әкімі статистикалық деректерді келтіріп өтті. — Жүздеген қылмыстың, техногенді, табиғи апаттың алдын алуда, қоғамдағы келеңсіз жайларды болдырмауда, қылмыстың ашылуына сіңірген еңбектеріңіздің куәгері болып жүрміз. Сол үшін сіздерге алғыс білдіреміз.
Лауазымды міндеттерін абыроймен атқарған 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері аймақ басшысының Алғыс хатына ие болды.
Бұдан кейін 6655 әскери бөлімінің командирі Мирас Турдалин сөз алып, бірқатар сарбаздар мен ардагерлерге құрмет көрсетті.
Шара барысында еліміздің әр өңірлерінде орын алған жағдайларда әскери қызметшілердің көрсеткен ерліктері мен қайсарлықтары аталып өтті.
Мәселен, 1995 жылы Пшихвар шатқалында тәуелсіз мемлекеттердің сыртқы шекараларын күзету жұмысын орындаған кезде қаза тапқан 17 жауынгердің жанқиярлық және батырлық қасиеттері барлық қазақстандықтар үшін әскери борышқа деген адалдықтың үлгісі болды. Сондай-ақ, 2016 жылы әскери бөлімге жасалған шабуыл нәтижесінде қылмыскерлерді ұстауға атсалысып, тіпті өзінің өмірін құрбан еткен сарбаздардың да ерлігі еш ұмытылмақ емес.
Ұлттық ұлан күніне арналған іс-шара мәдениет үйінің өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасын тапты.
Ертуған Әубакир, Ақтөбе қаласы
Источник: qazaq.asia