88 жастағы қарағандылық университетте сабақ береді және шаңғымен жүгіреді

88 жастағы қарағандылық университетте сабақ береді және шаңғымен жүгіреді

154 rob

Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, 88 жастағы Әлімжан Телғарин студенттерді өзінің өміршеңдігімен және спорттық шыңдалуымен таң қалдырады. Жасы ұлғайғанына қарамастан, ол аптасына үш рет бес шақырым шаңғымен сырғанайды, коньки тебеді, волейбол ойнайды және футболға құмар, деп хабарлайды DKNews.kz.

Әлімжан Телғарин жарты ғасырдан астам уақыт Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде жұмыс істейді. Дүниежүзілік тарих кафедрасында сабақ береді. Әлімжан Телғарин – славянтану саласындағы бірегей маман. Ол 130-дан астам ғылыми еңбектердің авторы, сондай-ақ ондаған әдістемелік құралдар жазған.

Кәсіби ұзақ өмір сүрудің құпиясы – өз ісіне деген сүйіспеншілік.

– Жан-тәніңмен беріліп жұмыс істеу керек. Өз ісіңді сүюің қажет. Спорт, ол әрқашан менімен бірге. Мен С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезімде факультетте спортқа жауапты болдым. Көбінесе өзім футбол ойнадым, коньки тептім. Алматыда өткен алғашқы шаңғы жарыстарым 1956 жылы болды, – дейді Әлімжан Телғарин. – Ал кейін Қарағандыда жоғары оқу орындары арасында қала чемпионы атандым. Аспирантурада маған тіпті ядро лақтыруға тура келді. Сондықтан мен көпсайысшымын деуге болады.

Әлімжан Телғарин 60 жылға жуық шаңғы спортымен айналысады. Жақында ол университет оқытушылары арасындағы қысқы спартакиадаға қатысып, бір шақырымды жүріп өтіп, үздіктердің қатарында ілікті. Ол дәстүрлі спорттық жарыстың ең егде қатысушыларының бірі болды.

– Мен университетте шамамен 20 жыл сабақ беріп келемін және жыл сайын спартакиадаға қатысамын. Бізбен бірге жыл сайын Әлімжан Нұғманұлы жарысады. Ол бізде ең белсенді, әрқашан жүлделі орындарды алады. Барлығымызға үлкен үлгі көрсетіп отыр, – дейді доцент, ҚарУ филология ғылымдарының кандидаты Айтбай Жұмағұлов.

Әлімжан Телғарин сонымен қатар түрлі шахмат турнирлерінің бірнеше дүркін жеңімпазы. Профессордың айтуынша, шахматта интеллектуалды компонент маңызды.  Білім беру саласының құрметті қызметкері ойын барысында алға жылжу және қарсыластарды жеңу үшін 20 түрлі әдісті қолданады.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика