42 мектепке білім беру қызметіне лицензия алмағаны үшін айыппұл салынды

42 мектепке білім беру қызметіне лицензия алмағаны үшін айыппұл салынды

300 rob

Фотосурет: pxhere.com

Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті және оның аумақтық департаменттері білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізу барысында бірқатар құқық бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Тексеріс нәтижесінде 2022 жылдың соңында 56 мектеп лицензиясыз жұмыс істегені белгілі болды. Оның ішінде 40 мемлекеттік, 16 жекеменшік мекеме. Лицензиясыз жұмыс істейтін мектептердің ең көбі Астана және Алматы қалаларына, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жетісу, Маңғыстау және Жамбыл облыстарына тиесілі.

Бүгінгі таңда 11 мектеп білім беру қызметіне лицензия алды. Үш мектептің материалы соттың қарауында. 42 мектепке қатысты сот лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл тағайындау туралы қаулы шығарды.

«Заңнамаға сәйкес, барлық мектептер білім беру қызметін бастамас бұрын рұқсат алуы керек. Мектепке білім берумен айналысу құқығы лицензия алған сәттен бастап қана беріледі. Лицензияның жоқтығы мектептің жарамдылық тексеруінен өтпегенін немесе рұқсат алу үшін құжаттарды тапсырмағанын білдіреді. Лицензиясыз мектептер білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарды, яғни негізгі және жалпы орта білім туралы аттестаттарды бере алмайды. Лицензиясыз жұмыс істейтін мектептерге қатысты министрліктің аумақтық департаменттері әкімшілік іс қозғады. Бүгінгі таңда сот шешімімен 42 мектепке лицензиясыз білім беру қызметін жүргізгені үшін айыппұл салынды. Егер мектеп заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген сәттен бастап алты ай ішінде лицензия алмаса, онда ол сот тәртібімен жұмысын тоқтатады»  Ернұр Дауенов, Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы

Естеріңізге сала кетейік, мектептер жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Министрлік облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне және білім басқармаларының басшыларына мектептердегі құқық бұзушылықтарды жою үшін шаралар қабылдау туралы ресми хат жолдады.

Источник: qazaq.asia

Яндекс.Метрика