239 Арман
Фотосурет: © Sputnik / Абзал Калиев
2022 жылы Қазақстанның қор нарығының бүкіл тарихында инвесторлардың рекордтық өсуі тіркелді. Бұл азаматтарға шоттарды оңай ашуға мүмкіндік беретін процедуралардың жеңілдеуімен байланысты. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың 99 %-ы – қазақстандықтар. Статистика бойынша олардың көпшілігі 35 пен 54 жас аралығында, алайда жас буын да артта қалып отырған жоқ: өткен жылы 18-24 жас аралығындағы инвесторлар тобы бірден төрт есеге өсті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бір жыл ішінде Орталық депозитарийдің (KCSD) номиналды ұстау жүйесіндегі қосалқы шоттар саны 4,3 есеге өсті. 2023 жылғы 1 қаңтарда жалпы жүйеде 963 мың шот ашылды, оның 550 мыңы (57,1 %) қосалқы шоттарға, 413 мыңы (42,9 %) – омнибус шоттарына тиесілі.
2022 жылғы өсім:
- жеке тұлғаны қашықтықтан сәйкестендіру арқылы брокерлік шотты ашу процесін жеңілдетумен және жаңа цифрлық брокерлік мобильдік қосымшалардың пайда болуымен;
- «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның IPO өткізуімен;
- омнибус шоттарын ашу және пайдалану мүмкіндігін енгізумен байланысты.
«Брокерлік шоттардың белсенді өсуі жыл бойы байқалды. KCSD клиенттерінің 99 %-ы қазақстандық инвесторлар екенін атап өткен маңызды, бұл жергілікті қор нарығын дамытудың жақсы үрдісін көрсетеді. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бейрезидент — клиенттердің үлесі 1 %-дан аз» Орталық депозитарийдің Басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов
2022 жылы омнибус шоттар танымал бола бастады. Егер 2022 жылғы қаңтар айында 10 мың омнибус шоттары тіркелген болса, бір жыл өткен соң, 2023 жылы олардың саны 41,3 есе өсті.
Клиенттік активтердің агрегирленген есебін жүргізу, яғни Орталық депозитарийдің бір шотындағы клиенттер пулының активтерін есепке алу 2021 жылдың ортасынан бастап мүмкін болды. Әдетте, омнибус шоттарын жүргізу брокерлер мен банктерге әр клиент үшін жеке қосалқы шот ашудан арзан түседі, сондықтан oмнибус шоттарының саны бір жыл ішінде жарты миллионға жақындап, қосалқы шоттар санына теңесіп қалды.
Омнибус шоттарын енгізу бағалы қағаздар бойынша есептеулер мен есепке алуды арзан, жеңіл және жылдам ететін халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Бұл KCSD депоненттерінің жұмысын жеңілдетумен қатар, бөлшек инвесторлардың биржалық саудасын да ынталандырып, олардың санын ұлғайтады, сондай-ақ омнибус шоттардың танымалдылығын түсіндіреді.
Қазақстандық инвестордың портреті
Инвестордың портреті Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде қосалқы шоттар ашылған инвесторлар туралы деректер негізінде жасалады.
Орташа статистикалық қазақстандық инвестордың жасы – 35 пен 54 аралығында. Бұл бағалы қағаздарды ұстаушылар арасындағы ең көп жас тобы. Бір жыл ішінде топ 2,2 есеге (87 мыңнан 195 мыңға жуық адамға дейін) өсті және бөлшек инвесторлардың жалпы санының 35,6%-ін құрайды. Бір жылда 25 – 34 аралығындағы жас санаты 2,8 есеге (59 мыңнан 166 мың адамға дейін) артты.
Ашылған қосалқы шоттар саны бойынша рекордты инвесторлардың 18-ден 24-ке дейінгі жас санаты жаңартты. Олардың саны бір жылда 4,3 есеге (23 мыңнан шамамен 101 мыңға дейін) ұлғайды.
Рейтингте бесінші орынды 55 жастан басталған топ иеленді, олардың саны бір жылда 1,7 есеге (47 мыңнан 83 мыңға дейін) өсті. Саны ең аз – 18 жасқа дейінгі топ. Бір жыл ішінде олардың саны 1,3 есеге (273-тен 382 адамға дейін) ұлғайды.
Гендерлік бөлініс
Бөлшек инвесторлардың 55,2%-ін ерлер құраса, ал 44,8%-і әйелдерге тиесілі. Бір жыл ішінде брокерлік шот иелері арасындағы әйелдер саны 2,8 есеге (87 мыңнан 244 мың адамға дейін), ал ерлер саны – 2,3 есеге (130 мыңнан 301 мың адамға дейін) өсті.
Өңірлік бөлініс
Өңірлерге қатысты айтар болсақ, 2022 жылғы 1 қаңтарда қосалқы шоттарды ұстаушылардың ең көп саны Алматы қаласына (25,3%), Астана қаласына (10,4%) және Қарағанды облысына (8%) тиесілі болды.
Бір жылдан кейін де, 2023 жылы ірі қалалар көшбасшы болып қала берді: Алматы қаласында қосалқы шоттар саны екі есеге (54 мыңнан 113 мыңға дейін), Астана қаласында 2,7 есеге (22 мыңнан 60 мыңға дейін) көбейді.
2022 жылғы наурызда Қарағанды облысы Түркістан облысына қосалқы шоттарының саны бойынша көшбасшылықты берді, мұнда бір жылда қосалқы шоттардың саны 3,6 есеге (14 мыңнан 51 мыңға дейін) өсті.
Қосалқы шоттардың ең аз саны Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі. Бір жыл ішінде өңірде қосалқы шоттар саны 2,5 есеге (3 302-ден 8 543-ке дейін) өсті.
Источник: qazaq.asia