208 rob
Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2022 жылдың қорытындысы бойынша мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту жөніндегі ведомство қызметінің нәтижелері туралы айтып берді. Сонымен қатар бірінші оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова, оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова баяндама жасады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласының алдына қойған мәселелелерін және білімді дамытудың стратегиялық құжаттарын іске асыру бағытында біршама жұмыстар атқарылды.
Оқу-ағарту министрінің айтуынша, үздіксіз білім берудің ең маңызды деңгейі – балабақшадағы тәрбиелеу мен оқыту. Зерттеулерге сәйкес, баланың интеллектуалды, әлеуметтік, эмоционалдық, физиологиялық дамуына балабақшалардың әсері орасан зор. Сол себепті балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізілді.
«Оқу бағдарламалары, жоспарлары және оқыту әдістері қайта қаралды. Осыған дейін бағдарлама тым академиялық болып келді, ол 3-4 жасар балаларды отырғызып, 20 минуттан сабақ беру болса, ендігі кезекте халықаралық тәжірибе ескеріліп, тәрбие мен оқыту балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес, балабақша табалдырығын аттасымен басталатын болды. Ойын – баланың жаны мен тәніне сай келетін табиғи әрекет. Бала сол арқылы қоршаған әлемді зерттеп, оны тани отырып, қажетті дағдыларын дамытады. Сондықтан баланың тұтас дамуы үшін барлық жағдайлар жасалуы тиіс» Ғани Бейсембаев
Жаңа модельдегі ұстаным балаларды коммуникативті, өз өзіне сенімді, төзімді, дені сау, ашық және креативті ойлайтын, еңбекқорлық пен білімге құштарлық құндылықтарын бойына сіңіріп балабақшадан тәрбиеленіп шығуды көздейді.
Өткен жылы жаңа 39 мыңға жуық орынға арналған 458 балабақша іске қосылды. Жекеменшік балабақшалардың 93%-на мемлекеттік тапсырыс берілді. Нәтижесінде 2-6 жастағы балаларды қамту 89,4%-ға, ал 3-6 жаста 99,4%-ға артты. Былтыр балалардың дағдыларын, зерттеу қызметін дамыту және дамытушы орта құру үшін оқу және ойын материалдарының тізбесін көрсете отырып, мектепке дейінгі ұйымдарды жарақтандыру нормалары бекітілді.
«Өкінішке орай, былтыр тәрбиешілер тарапынан балаларға қарсы келеңсіздік фактілері орын алды. Оларды алдағы уақытта болдырмау үшін жергілікті атқарушы органдарға бақылауды күшейту қажет. Орта білім берудегі негізгі мәселе – білім мазмұны мен білім сапасы» Ғани Бейсембаев
2016 жылдан 2021 жылға дейін мектептер жаңартылған бағдарламаларға көшті. Критериалды бағалау жүйесі енгізілді. Бұл өте маңызды үрдіс болды. Дегенмен мониторингтік зерттеулерге сәйкес, жекелеген пәндер бойынша оқу бағдарламалары жетілдіруді қажет етеді. Осыған орай, мектеп бағдарламаларын жаңғырту жұмысын бастадық.
Ведомство басшысының айтуынша, қазір жұмыс тобы құрылды, жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары әзірленуде.
«Өткен оқу жылынан бастап қазақ тілінде оқытатын сыныптарда 1 сыныптан тек қазақ тілін оқыту енгізілгенін еске салды. Орыс тілі 2-сыныптан бастап, ал ағылшын тілін оқыту 3-сыныптан бастап оқытылады. Орыс тілінде оқытатын сыныптарда қазақ және орыс тілдері жүргізіледі» Ғани Бейсембаев
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін оқыту талаптары күшейтілді және 5-11 сыныптар үшін өмірлік қажетті бағыттарды игеру бойынша «Жаһандық құзыреттілік» курсы, бастауыш сыныптарда шахмат бойынша факультатив енгізілді. Оқулықтардың сапасына қойылатын талаптар күшейтілді. Авторлар мен баспалардың оқулықтарды әзірлегені үшін жауапкершілігі белгіленді. Баспада оқулықтың мемлекеттік стандартқа сәйкестігіне сараптама жүргізу, полиграфиялық қателік анықталған кезде оқулықтарды ауыстыру, баспалар есебінен авторларды арнайы курстарда оқыту міндеттемелері бекітілді.
Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуына тең қолжетімділік қамтамасыз етілді. 1 ПМПК-ны ашу нормасы заң жүзінде 60-тан 50 мың балаға азайды. Былтыр 6 ПМПК, 2 түзету кабинеті және 10 аутизм орталығы ашылды.
Оқу-ағарту министрі балалардың қабілеттерін дамытуды мақсатты қолдау мәселелеріне жеке тоқталды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы заңнамалық деңгейде халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына және оларды дайындаған педагогтерге материалдық сыйақы төлеу нормасы енгізілді.
2022 жылы 27 жеңімпаз және 26 педагог жалпы сомасы 73 млн теңгеге 500-ден 1500 АЕК-ке дейін сыйақы алды. Сонымен қатар халықаралық зияткерлік, шығармашылық, спорттық олимпиадалардың 80 жеңімпазы мен жүлдегерлері алғаш рет «конкурстан тыс» отандық жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алды. Осылайша, 2022 жылы қазақстандық оқушылар 312 медаль (43 алтын, 95 күміс және 174 қола) жеңіп алды.
Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларды қолдау мақсатында 421 бала «Білім-инновация» лицейлерінде, «Дарын», РФММ-де оқып жатыр.
Сондай-ақ қазір Оқу-ағарту министрлігі пікірталас қозғалысы мен мектептің өзін-өзі басқаруын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Бүгінгі таңда елімізде 28 мың баланы қамтитын 6 727 пікірсайыс клубы және 513 мың оқушыны қамтитын 7 220 мектеп Парламентінде жұмыс істейді. 2,9 млн бала секциялар мен үйірмелермен, мектептен тыс ұйымдар мен мектептер жанындағы зияткерлік және басқа да қызығушылық курстарымен қамтылған.
Мемлекет басшысының 1000 мектеп салу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде 2022 жылы 136 мың оқушы орнына 247 жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Шағын қалалардағы, аудан орталықтарындағы және ауылдардағы мектептерді жаңғырту жобасы бойынша 421 мектепте асханалар, 814 – кітапхана, 455 – мектеп жиһаздары жаңартылды. 475 мектеп үшін 634 пәндік кабинет сатып алынды. 264 мектепте күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
«Осы бағыттағы жұмыс жалғасады. Саманнан салынған, үш ауысымды, апатты мектептердің жұмысы, оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасын әзірледік» Ғани Бейсембаев
Оның айтуынша, тәрбие жұмысын күшейту үшін тұжырымдамалық негіздер әзірлене бастады. Ұлттық тәрбие ұлт болашағын қалыптастырудың қайнар көзі. Бұл орайда әр білім мекемесі ең алдымен тәрбие мәселесіне жіті назар аудару қажет. «Үлкенге — құрмет, кішіге-ізет» ұстанымы бала тәрбиесінде жеке орын алуы тиіс. Бұл бағытта барлық балабақша, мектеп, колледж басшылары жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде 3,4 млн кітап сатып алынды, 6 мыңнан астам мектеп кітапханасының материалдық-техникалық жағдайы жақсарды.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында 125 мың жас мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерге түсті. Бұл ретте мемлекеттік тапсырыстың 50%-ы техникалық мамандықтарға (металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік және т.б.) қайта бағытталды. Квота санатының ұлғаюының арқасында 2022 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарынан білім алушылар саны 60%-дан асты (75 мың адам). Сондай-ақ бүгінгі таңда колледждердің 48%-ы ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдар үшін тең жағдайлар және кедергісіз орта жасалды.
Академиялық дербестік заңнамалық деңгейде бекітілді. Енді колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп білім беру бағдарламаларының мазмұнын және оқу мерзімдерін анықтайды.
Студенттер оқу барысында 3 біліктілік ала алады, сондай-ақ бір біліктілікпен еңбек нарығына тез шығады.
Дуальды оқытуды масштабтау жалғасуда. 72 мың студент қамтылды, өндірістен 2 мың тәлімгер қосымша ақы алады. Мақсатты тапсырыс бойынша жұмысқа орналасу міндеттемесімен 10 мың студент қабылданды. Қазіргі уақытта 498 кәсіпорын 410 колледжге қамқорлық көрсетеді, сондай-ақ қамқоршылық және индустриалды кеңестер арқылы колледждерді басқаруға қатысады. WorldSkills қозғалысы кадрларды даярлау бағдары болып табылады. WorldSkills стандарттарының 70-тен астамы білім беру бағдарламаларына енгізілді, колледждердің 40%-ы WorldSkills-демоемтихандарды бағалау жүйесін енгізуде. 2022 жылы Қазақстан WorldSkills әлем чемпионатына қатысқан 55 елдің арасында 10-орын алды.
«Бүгінгі таңда «Педагог мәртебесі туралы» Заңның оң әсері байқалады. 2020 жылғы қаңтардан бастап педагогтердің жалақысы жыл сайын 25%-ға, 2023 жылғы қаңтарда тағы 25%-ға өседі. Осылайша, мұғалімдердің жалақысы 2 есеге артты. Сондай-ақ еңбекақыны саралап арттыру мүмкіндігі қарастырылған (әдіскерлерге, мектепке дейінгі, мектеп, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру педагогтеріне біліктілік деңгейі үшін, сондай-ақ тәлімгерлік, магистр дәрежесі және т. б. үшін қосымша ақы есебінен). Педагогтердің 63%-ы (216 989) аттестаттау қорытындысы бойынша қосымша ақы алады. «Педагог» кәсіби стандарты бекітілді» Ғани Бейсембаев
Аттестаттау рәсімін жетілдіру мақсатында 30 жылдық педагогикалық өтілі бар және зейнеткерлік жасқа дейінгі педагогтер тестілеуден босатылды. Педагогтерді тестілеу кезінде шекті деңгей 50%-ға төмендеді. Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарынан өту жиілігі 5-тен 3 жылға дейін қысқартылды.
2022 жылдан бастап педагогтерді жұмысқа орналастыру конкурстық негізде жүзеге асырылады. Оқу-ағарту министрлігі ақпараттық жүйе базасында педагогтерді жұмысқа орналастыру үшін құжаттарды қабылдау бойынша пилоттық жобаны іске қосты.
Былтырдан бастап білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау практикасы енгізілді. Бүгінде 961 (81,5%) бірінші басшы (514 мектеп директоры және 447 балабақша меңгерушісі) ротацияланды. Білім беруді дамытудың маңызды құралы сапаны бағалау болып табылады. Ең маңыздыларының бірі – мемлекеттік аттестаттау.
«Соңғы 5 жылда мемлекеттік аттестаттау өткізілмегенін білесіздер және біз білім беру қызметтерінің сапасына наразылықтың артқанын байқадық. Мемлекеттік аттестаттау қайта басталды, ол мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына бармай-ақ жаңа форматта ұйымдастырылады. 2022 жылы мемлекеттік аттестаттау рәсімі 2 363 ұйымда өткізілді, оның 77%-ы бірінші рет (Атырау, Ақтөбе, Ұлытау, Ақмола, БҚО, Қарағанды, Түркістан және Алматы облыстары) аттестатталмаған. Мектептер мен колледждерді лицензиялау кезінде де мәселелер көп туындайды. Мәселе – құжаттарды дұрыс ресімдемеу. 34 мектепке сот органдары лицензиясыз білім беру қызметі үшін айыппұл салады. Лицензиясыз бірде-бір мектеп жұмыс істемеуі керек» Ғани Бейсембаев
2022 жылы еліміздегі мектептердің 25%-ында 4-ші және 9-сыныптағы 105 мың оқушының білім жетістіктеріне мониторинг (ОБЖМ) жүргізілді. ОБЖМ сауаттылықтың үш бағыты бойынша тестілеуді қамтыды: оқу, математикалық және жаратылыстану. ОБЖМ қорытындылары білім беру сапасының көрсеткіштерін арттыру мәселелерінде кешенді тәсілдің қажеттілігін айғақтайды.
Мектептерге арналған PISA зерттеуіне оқу, математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша 1000 мектеп қатысты. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының соңында қатысушы мектептер өздерінің даму жоспарларын әзірлеу үшін ЭЫДҰ-дан талдамалық есептер алады.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ведомство алдында үлкен міндеттер тұрғанын айтты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі 3,7 млн оқушының сапалы білімі мен саналы тәрбиесін және өмірінің қауыпсіздігі қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.
Біріншіден, мектепке дейінгі оқу мен тәрбие саласында тәрбиешінің:
- әлеуметтік мәртебесін арттыру, біліктілік пен кәсіби дамудың жаңа нысандарын енгізу арқылы кадрлық әлеуетті күшейту;
- жалақыны орта есеппен 30%-ға арттыру;
- Мүмкіндігі шектеулі балаларға инклюзивті ортада білім алуға мүмкіндік беру мақсатында «педагог көмекшісі» штаттық бірлігі енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Сонымен қатар әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшаларда тегін тамақпен қамтамасыз ету қолға алынады.
Екіншіден, орта білім саласында:
- оқу мақсаттарын түзету, ағылшын тілін, «цифрлық сауаттылық» пәнін оқу сағаттарын ұлғайту және жекелеген пәндердің бағдарламаларын өзгерту бойынша орта білім беру стандартын және үлгілік оқу бағдарламаларын өзгерту жөніндегі жұмыс жалғасады;
- дәстүрлі оқыту пәндерді оқытудың инновациялық әдістерімен толықтырылады, қағаз оқулықтармен қатар цифрлық оқулықтар пайдаланылатын болады;
- педагог-психологтардың, әлеуметтік педагогтардың, білім беру ұйымдары кітапханашыларының жалақысын арттыру мәселесі пысықталады;
- шағын қалалар мен ауылдарда мектептерді жаңғыртуды, жұмыс істеп тұрған мектептерде инфрақұрылым мен қауіпсіз жағдайларды жақсарту жалғасады.
Маңызды бағыттардың бірі – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау.
Сонымен қатар:
- 7 ПМПК және 5 ППТК ашу;
- арнайы психологиялық-педагогикалық түзетуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру;
- мектептегі психологиялық қызметтердің рөлін күшейту;
- педагог-психологтар үшін стандарттар енгізу көзделген.
Балалардың дамуы үшін сапалы тамақтану ерекше маңызға ие. Атап айтқанда:
- балаларды тамақпен қамтамасыз ету нормативтерін қайта қарау;
- бастауыш (1-4 сынып) сыныптардың барлық оқушыларына бір реттік тегін ыстық тамақ беру;
- асханаларда қолма-қол ақшасыз есепке алу жүйесін енгізу жоспарланған.
Білім беру сапасын бағалауда ішкі және сыртқы бағалау құралдарына ерекше назар аударылады. Мектепке дейінгі деңгейден ТжКБ-ға дейінгі барлық деңгейлерде білім беру сапасын бағалаудың Ұлттық шеңберін әзірлеу жоспарлануда.
«Тағайындалған күннен бастап маған әртүрлі мәселелер бойынша жүздеген өтініш келіп түсуде. Оның ішінде «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың білімін НЗМ-де бекіту мәселесі де бар. Мен бұл мәселені қайта қарап, балалардың пайдасына шешемін. Қоғамның басқа да мәселелері келісілген шешімдер қабылдау үшін бірлескен талқылауға шығарылады», — деді ведомство басшысы. Сондай-ақ Үздік педагогтерді тартудың арнайы бағдарламасын іске асыруға назар аударғым келеді. Жоспарланған 1954 педагогтің бағдарламаны бағалау критерийлері бойынша 56-сы өтті (Атырау облысы – 9, Маңғыстау облысы – 9, Түркістан облысы – 13, Алматы облысы – 25). Сондықтан бағдарламаға қатысатын мұғалімдерге қойылатын талаптар қайта қаралмақ. Бұл мәселе педагогтер мен сарапшылар қауымдастығын тарта отырып талқыланады» Ғани Бейсембаев
Үшіншіден, техникалық және кәсіптік білім беру саласында:
- колледж базасында жоғары сынып оқушыларына жұмыс біліктілігін беру бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бұл оқуды аяқтағаннан кейін оқушыларға мектеп аттестатымен қатар колледж дипломын алуға және еңбек нарығына шығуға мүмкіндік береді;
- осы жылдан бастап басқа қаладан келген студенттерге растайтын құжаттарсыз демалыс уақытында жол ақысы (4 АЕК) төленетін болады;
- колледж басшылары көшбасшылық және менеджмент бойынша оқытылады.
Төртіншіден, мектепке дейінгі, орта және техникалық білім беру жүйесіндегі барлық сыбайлас жемқорлық көріністері барынша азайтылады, нөлдік төзімділік, сондай-ақ шешімдер қабылдау мен іске асыру кезінде ашықтық пен адалдық қамтамасыз етіледі. Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрлігі барлық жүргізіліп жатқан рәсімдердің ашықтығы мен айқындылығына бағытталғанын атап өтті.
Бесіншіден, білім беру сапасын жақсарту мақсатында «Қазақстанның Еңбек ері», «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атақтарын алған мұғалімдер мектеп басқару мәселелеріне қатысады.
Алтыншыдан, білім берудегі тәуелсіз кәсіби сарапшылар институты дамиды. Бұл ретте педагогтің жоғары мәртебесі білім беру сапасын жақсартуға қызмет етеді.
Жетіншіден, Президенттік кадр резервіне ұқсас Білім беру ұйымдары басшыларының болашақ кандидаттарының республикалық дерекқоры құрылады. Бұл шара білім беру ұйымдарын білікті басшылармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар пән мұғалімдерінің деректер базасы құрылады, ол өңірлердегі педагогикалық кадрлардың тапшылығын жоюға арналған.
Бұдан басқа, білім беру ұйымдарының басшыларының жалақысын арттыру бойынша жұмыс жүргізіледі. Ата-аналар баласының біліміне сенімді болуы керек.
«Осы бағытта көп жұмыс істеу керек. Білім беру сапасын сырттай, тәуелсіз бағалау жүйесі аса қажет, мектептердің аттестаттау жүйесін реттеу арқылы, диагностикалық бағытта жұмыс күшейтіледі. Мектептермен бірге мұғалімнің формативті бағалауы мектепішілік бақылауда, оқу жетістіктеріне мониторинг жүргізуде, мемлекеттік аттестаттау кезіндегі білім кесінділерінің арасындағы алшақтықтың азаюы қамтамасыз етіледі» Ғани Бейсембаев
Тоғызыншыдан, ата-аналармен жұмыстың мазмұны мен форматы трансформациялануы керек, мектепті басқару ісіне ықпал етуін дамыту арқылы оларды мектепке тарту, қызықтыру бағытындағы жұмыстар қолға алынуы тиіс. Биылдан бастап мектептер жанынан тұрақты жұмыс істейтін ата-аналар академиясы құрылатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба үш ауысымды және апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған.
Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, соңғы 10 жылдың ішінде оқушылар саны 1 млн-ға өсіп, бүгінгі күні 3,7 млн-ға жетті. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Және ол білім инфраструктурасына белгілі салмақ түсіріп отыр, онымен қоса урбанизация, ішкі-көш-қон, ірі қалаларда тығыз шоғырлану мәселелері де бар.
Осы мәселелерді шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушы орнына шақталған 401 мектеп салуға республикалық бюджеттен 2,6 трлн теңге қарастырылды.
Жобаны әзірлеу барысында осыған дейін мектептерді салу кезінде орын алған проблемалар ескерілді. Олар – салынған мектептерде пән кабинеттерінің және қажетті оқу-жабдықтарының жеткілікті болмауы, конкурстық рәсімдердің ұзақтығы, және т.б.. Қазіргі мектептердің ерекшелігі ауылда да, қалада да – барлық жерде бірдей стандарт бойынша салынады.
Жайлы мектептердің келесідей ерекшеліктері бар:
Бірінші – бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, дәретханалары, спортзалдары болады.
Екінші – балалардың қаупсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады.
Келесі – оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін сақтайтын жеке шкафтар, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға тиісті жағдайлар қарастырылған.
Төртінші – мектеп заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Балалардың шығармашылық қабілеттерін арттыруға, еңбекке баулуға бағытталған жұмыстарға қолайлы орта жасалады.
Бесінші – арнайы білімді қажет ететін балар үшін қажетті жағдай жасалады.
Алтыншы – спортзал мәселесі. Осыған дейін мектепте көбінесе бір спортзал қарастырылған. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал болады.
Жетінші – жаңа мектептерде мұғалімдерге де барлық жағдай жасалады.
Мектептің сәулет-жоспарлауы жайлы, жағымды, әр оқушыға және мұғалімге лайықталып әзірленеді.
«Құрылыс кезінде ашықтық қамтамасыз етіледі. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы құрылыстың барысымен, мектептің тиісті құжаттарымен таныса алады» Шолпан Каринова
Салынатын мектептерді педагогтермен қамтамасыз ету – басты мәселелердің бірі. Мектеп өмірінде тиісті деңгейдегі басқару, директордың рөлі де ерекше екені баршаға мәлім. Сондықтан директор менеджмент және көшбасшылық бағыттары бойынша, мұғалімдер өз пәндері бойынша, оқытудың белсенді әдістері бойынша арнайы курстардан өтеді. Бұл шаралар оқушыларға жаңа қолайлы жағдайлармен қатар сапалы білімге қол жеткізуге мүмкіншілік береді. Жайлы мектеп аясында ашылған мектептерге Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық академия тарапынан жүйелі әдістемелік қолдау жасалып, оқушылардың оқу жетістіктерін сырттай бағалау арқылы білім сапасын өлшеу және арттыру жұмыстары қолға алынады. Әрине, өңірлердің басқа мектептерімен де білім сапасын арттыру бойынша басым бағыт ретінде тиісті жұмыстар жүргізіледі.
«Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 842 мыңнан астам жаңа, сапалы, жайлы оқушы орны ашылып, білім теңсіздігі қыстартылып, сапаны арттыруға мүкіндік береді» Ғани Бейсембаев
Президенттің сайлауалды бағдарламасы бойынша реформаларды іске асыруды жалғастыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі 2022 жылы цифрландыру бойынша мынадай негізгі міндеттерді орындады.
Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясовтың хабарлауынша, 5,5 млн білім алушы мен педагогтердің деректерін жинау мен өңдеу бойынша 21 мыңнан астам білім беру ұйымы жұмыс істеуі үшін ұлттық білім беру деректер қорының сүйемелдеуі қамтамасыз етілді, 3 мыңнан астам көрсеткіш өзектендіріліп, оның есебінен білім беру жүйесін қаржыландыру үшін 96 статистикалық есеп және бюджеттік өтінім қалыптастырылды, электрондық нысанда 1,6 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.
«Үздік педагог», «Марапат», «Білім», «Электрондық мұрағат» цифрлық сервистері және білім туралы құжаттарды түзету құрылды. Пилоттық режимде Астана қаласының мектептерінде «әлеуметтік әмиян» арқылы жеңілдікпен тамақтандыруды ұсыну және Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы мектептерде педагогтерді электрондық жұмысқа қабылдау бойынша жобалар басталды. «Smart Data Ukimet» платформасында білім беру сапасы мен балалардың құқықтарын қорғау бойынша индикаторлар мен тәуекелдерді басқару жүйесі іске асырылды.
Цифрлық шешімдерді енгізу және сапасын арттыру мақсатында электрондық күнделіктер мен журналдарға, цифрлық білім беру ресурстарына, есепке алу және электрондық құжат айналымы жүйелеріне ақпараттық қауіпсіздік қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасы аумағында серверлерді орналастыруға, білім беру ұйымына деректер иесінің құқықтарын бекітуге, ауқымдылулық, функционалдылық және интеграцияға сәйкес талап қоятын балабақшаларда, мектептерде, колледждерде және қосымша білім беру ұйымдарында білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптар бекітілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылы Оқу-ағарту министрлігі білім беру жүйесін цифрландыру бойынша негізгі міндеттерді іске асыра бастады.
Біріншіден: мектепке дейінгі ұйымдарға жолдамаларды есепке алудың, кезектіліктің және берудің бірыңғай базасын енгізу, бұл «Балаға ақша» қағидатын іске асыруға, қайталануды болдырмауға, кезекте орындарды бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге және бюджет қаражатын үнемдеу үшін орталық деңгейде мониторинг пен бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.
Екінші: оқу материалдарына қол жеткізуді, мектеп ғимаратына кіруді және тамақтану ақысын төлеуді қамтамасыз ететін оқушыларға арналған сәйкестендіру карточкалары жүйесін іске қосу, бұл ата-аналарға онлайн режимде балалардың қаражатын жұмсауды басқару мен бақылауды жүзеге асыруға, мектептерде қажетті есепке алуды жүргізуге мүмкіндік береді және ең бастысы оқушылар үшін ыңғайлылық пен қауіпсіз жағдай жасайды.
Үшіншісі: пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу, оқу сапасын, үлгерімі мен балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыру, барлық пәндер бойынша цифрлық оқу мазмұнына қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін қажетті оқу материалдарын цифрлық форматқа көшіру.
Төртінші: балабақшаға кезекке қою, жеңілдетілген тамақ алу, балаларды тасымалдау және демалу, мүмкіндігі шектеулі балаларға жатақхана мен қызмет көрсету бойынша 10 мемлекеттік қызметті проактивті форматқа ауыстыру. Бұл шаралар азаматтарға білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өздеріне жүктелген қызметтерді өтініш берусіз пайдалану құқығын береді.
Бесінші: электрондық күнделіктер мен журналдардың жұмысын жетілдіру білім беру жүйесінде пайдаланылатын ақпараттық жүйелерде педагогтер мен мектеп қызметкерлерінің деректерді «қосарлы енгізуді» болдырмау үшін оларды Ұлттық білім беру деректер базасымен (ҰБДБ) интеграциялау.
Мектептерді сапалы және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету бұл үшін байланысты бақылаудың цифрлық картасында интернет жылдамдығы туралы деректерді жинау, мектептерде жергілікті және сымсыз желі құру талаптарын әзірлеу, талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізуді қажет ететін ауылдық мектептер туралы мәліметтерді уәкілетті органға жіберу жөнінде шаралар қабылданады.
Алтыншы: сараптама жүргізу және білім беру бағдарламаларының мазмұнының жұмыс берушілердің сұраныстарына сәйкестігіне кепілдік беретін және сапасы расталған цифрлық форматта қалыптастыру үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында іске асырылатын білім беру бағдарламаларының бірыңғай электрондық тізілімін енгізу.
EGovMobile «Цифрлық құжаттар» сервисі арқылы колледж бітіргені туралы цифрлық дипломдар шығаруды қамтамасыз ету, бұл азаматтарға мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға дипломдарды өзімен бірге алып жүрмей цифрлық форматта ұсынуға және пайдалануға мүмкіндік береді.
Балалардың құқықтарын қорғау – мемлекет саясатының басым бағыты. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, осы жылы зорлық-зомбылықтың, суицидтің алдын алудың, балалардың әл-ауқатын арттырудың және олардың құқықтарын қорғаудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданады. Ірі қалалардың оқу орындарын балалар қауіпсіздігінің кешенді жүйесімен 100% жарақтандыру, атап айтқанда: лицензияланған күзетпен, ЖБО-ға қосу, дабыл түймелері мен турникеттер орнату бойынша міндеттер өзекті болып қалуда.
Балалар әл-ауқаты индексі бойынша жұмыс жалғасады, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған балалардың әл-ауқат индексін есептеу әдістемесін әзірлеу жоспарланып отыр.
Биыл Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Білім басқармаларымен бірлесіп:
- бастауыш сынып оқушыларын тегін сапалы тамақпен қамтуды кезең-кезеңімен ұлғайту жөнінде шаралар қабылдайды;
- Мемлекет басшысының 50 балалар сауықтыру лагерін құру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша өңірлік Жол картасын әзірлеп, қабылдайды;
- Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау жөнінде шаралар қабылдайды. Мысалы, соңғы уақытта ересектерге арналған көркем фильмдерге кәмелетке толмаған балалары бар отбасылардың бару фактілері жиілеп кетті;
- қалған 10 балалар үйін өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталықтарына айналдырады;
- қолайсыз отбасылардан шыққан 10 мың баланы қосымша біліммен 100% қамту жөнінде шаралар қабылдайды.
«Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер осы жылы қабылданған жаңа ережелерді негізге ала отырып, қамқоршылық кеңестер арқылы қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге жәрдемдесуі тиіс. Сондай-ақ білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерімен бірлесіп, комитетпен және барлық мүдделі тараптармен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, өңірдегі балалардың құқықтарын өрескел бұзудың барлық жағдайларына жедел ден қоюы керек» Насымжан Оспанова
Источник: qazaq.asia